Жаңалықтар

Әкімшілік әмірге емес, әділетке жүгінетін кодекс

ашық дереккөзі

Әкімшілік әмірге емес, әділетке жүгінетін кодекс

Елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқықбұзу­шы­лық бойынша сот ісін жүргізудің үш түрі болатын. Биыл 1 шілдеден бастап, би­лік органдарымен дауда ең әлсіз та­рап­ты қорғауға бағытталған әкімшілік әділет құрылымы іске қосылып, әкім­шілік рәсімдік-процестік кодексі кү­шіне енді. Бұл кодекс еліміздегі сот жүйе­сіне тың серпін бермек. Себебі жа­рия-құқықтық даулар жыл сайын арт­паса, кеміген жоқ. Десек те, даулар­дың дені әкімшілік органдардың пай­дасына шешілетіні шындық. Бұл – заң­ды құбылыс. Өйткені бұған дейін осы дауларды рет­тейтін Азаматтық процестік кодексте сот екі тарапқа тең қарайтын. Кімнің дәлелі анық әрі көп болса, сот соның сөзін сөйлеп, ше­шім шығаратын. Ал жаңа кодекс аза­маттар мен заңды тұлғалардың өзіне қатыс­ты әкімшілік құзыретке ие органдарға, би­лік­ке қарсы талаптарын қарауды реттейді. Сот мейлінше әлсіз топтың жағында болып, бел­сенділік танытады. Көптің көңілінде «Жаңа кодекстен не күтеміз?», «Жаңа заң­ның жаңалығы қандай?» деген сұрақтың болатыны анық. Осы сауалдар төңірегінде ой қозғап, арнайы мамандармен әңгіме­лестік. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұ­рақ­­­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азамат­тары­мыз жария-құқықтық дауларда би­лік орган­дарының шешімдері мен әре­кеттеріне қатысты шағым түсіру ке­зінде көп жағдайда теңсіздік ахуа­лын­да қалып жатады. Сондықтан осын­дай теңсіздіктерді болдырмау мақ­сатында дауларды шешудің ерекше те­тігі ретінде әкімшілік әділет құры­лы­мын енгізу қажет», – дей келе, әкім­ші­лік әділет құры­лымын енгізу мәсе­ле­сін көтерген болатын. Көп ұзамай ко­декс жобасы әзірленіп, күшіне енді. Әкім­шілік әділет «Халыққа құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасына сәй­кес жүзеге асқан. Қоғамдық қаты­нас­ты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып, кейбір заңдарға, нормативтік құқықтық акті­лерге, кодекстерге өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізіліп жатса да, бұл ко­декстің бағыты мен бағдары бөлек. Тара­зының бір жағында мемлекеттік ор­ган болса, екіншісінде – жеке және заң­ды тұлғалар. Жоғарғы Соттың рес­ми мәліметінше, азаматтардың құқық­та­рын неғұрлым тиімді қорғау мақса­тын­да республикада 21 жаңа әкімшілік соты құрылған. Олардың 17-сі – облыс орталықтарында және 4-еуі – Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалала­рын­­да жұмыс істейді. Әкімшілік рәсім­дік-процестік кодексте билік пен ха­лық арасындағы дауды қараудың не­гізгі қағидаттары бар. Кодекс екі бө­лік­тен тұрады: бірі – рәсімдік, екіншісі – сот ісін жүр­гізу. Рәсімдік бөлік мемле­кет­тік органдардың рәсімдерін, со­ның ішінде мемлекеттік органның өкілет­тік­тері мен әкім­шілік актінің қабыл­дануы мен шағымдалу тәртібін айқын­даса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәр­тібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бе­­кі­тілген. Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодексінің Азаматтық про­­­цес­тік кодекстен (АПК) айырмашы­лығы көп. Соның бірі – сот белсенділігін арттыру. Осы кодекстің 16-бабына сәй­кес, әкімшілік сот ісін жүргізу сот­тың белсенділігіне қарай жүзеге асады. Жал­пы, кодекс – ол тек қана іс соттың әре­кеті емес, онымен қоса мемлекеттік орг­анның жеке немесе заңды тұлғадан өті­ніш түскен уақыттан бастап түп­кі­лік­ті мемлекеттік органның өтініші бойын­ша шешім шығарғанға дейінгі әрекетін реттейтін процесс. Жаңа ко­декс шыққалы халықтың пікірі екіге бө­лінді. Бірі – «баяғы жартас – бір жар­тас» деп алаңдаса, енді бірі сотты «са­тып» алатындар көбейеді дейді. Десек те, сала мамандары түсіндіру жұмыс­тарын әлі күнге дейін жүргізіп жатыр. Тағы бір айтатын мәселе – халықтың сауатын көтеріп, өзге әкімшілік ко­декстер­ден айырмашылығын анықтап, аражігін ажыратып алу. Оны мамандар былай түсіндіреді:                                                                                                                                                                                                                                         САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ? Айдос САДУАҚАСОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми өкілі:

СУДЬЯНЫҢ БІЛІМІН СЫНАЙТЫН ЗАҢ

   – Бұл құжатты қабылдауға түрткі бол­­ған жағдай – азамат­тарымыз жа­рия-құқықтық дауларда билік ор­ган­дарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезіндегі тең­сіз­дік. Азаматтардың мүмкіндіктерін мем­­­лекеттік аппарат­тың ресурстары­мен салыстыруға болмайды. Осындай тең­сіздіктерді болдырмау мақсатында жаңа кодекс қабылданды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша даулар мүлдем басқа қағидаттармен қар­а­лады. Мұнда тараптар тең емес. Сот арыз иелеріне барынша көмек­те­седі. Мұнда әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз екенін енді талап қоюшы дә­лелдемейді. Шешімді қабылдаған әкім­дік шешімнің заңдылығын, негіз­ді­лігін дәлелдеуі тиіс. Судья әкімшілік істің нақты және заңды тұс­тарына жа­татын құқықтық негіздемелер бойын­ша өзінің алдын ала құқықтық пі­кірін айтуға құқылы. Сот процестің барлық саты­сында формальді қателерді жою­ға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өті­ніш­хаттарды беруге, толық емес нақты де­ректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті. Егер әкім­шілік процеске қатысушылар ұсын­­­­ған дәлелдемелер жеткіліксіз бол­са, сот оларды өз бастамасы бойын­ша жи­­­найды. Мұның тиімділігі өте жо­ғары. Дауды созбалаңдыққа салмай, жыл­дам қарап аяқтауға септігін тигі­зеді. Азаматтар Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекс күшіне енгелі Әкім­шілік құқық­бұзушылық туралы ко­декспен шатастыра бастады. Халыққа түсінікті болу үшін мысалмен кел­тірейін. Айталық, көлік қозғалысында немесе жол шаруашылығындағы түрлі жағ­дайлар болуы мүмкін. Олар ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша қара­лады. Көлік жүргізушінің жол қозғалысы ере­же­лерін бұзып, екінші бір көлікпен қақтығыс жасап, көлігін бүлдіріп материалдық залал келтірген жағдайда жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыры­лады. ӘҚБтК-нің 73-бабы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді реттейді. Отбасындағы адамдарға бейәдеп сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмы­сындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұза­тын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жа­сал­ған басқа да әрекеттер жатады. Бұл кезде қылмыстық жа­заланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, ескерту жасауға не­месе бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады. Аталған жағдайлар ӘҚБтК-пен реттеледі. Ал Әкімшілік рәсім­дік-процестік кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкім­шілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен айналысады. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауа­зымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар – осы кодексте реттелетін істің қатысушылары. Қорыта келе, жаңа заң­нама билік мен бағыныстылықтың арасындағы тең­сіздікті жоя­ды, билік органдарымен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғай­ды деп үміттенеміз. Халықтың сотқа деген сенімі де артпақ.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА