Токио олимпиадасы: Ұлттық құрамаға ұтқыр реформа қажеттігін ұғындырды

Сонымен екі аптаға созылған Токио Олимпиадасы өтті де кетті. Бірақ осы екі аптаға созылған ХХХІІ Жазғы олимпиада ойындары біздің елдің спортына жанкүйер болған қауымды біраз есеңгіретті. Нәтижесінде бір де бір спортшымыз жартылай финалдан аса алмай, бар болғаны 8 қола медальге қол жеткізіп, Олимпиададағы рейтингіміз бұрын-соңды болмаған дәрежеде құлдырады. Тіпті бұған Мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің олимпиадалық команда­сының талпынысы мен сәтсіздігін саралай келіп, Twitter желісінде бірнеше рет пікір біл­дірді. Олардың бәрінде, шешілуі тиіс ең негізгі мәселелер айтылған:
«Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қа­зақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіс­ке жету жолында бар күш-жігері мен ше­берлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды біл­діремін. Олимпиаданың қола жүл­де­гер­лерін құттықтаймын. Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі.
Алайда, 8 қола медаль алып, жалпы ко­ман­далық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлт­тық құраманың бұл көрсеткіші Қазақ­стан­ның спорттағы әлеуетіне және мем­­ле­кет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отыр­ған мол қаражатқа сәйкес келмейді.
Ұлттық құраманың Олимпиададағы көр­сеткіші спорт секілді аса маңызды сала­да шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қа­жет екенін көрсетті. Бұқаралық және ба­лалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол ар­қылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет.
Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Париж­де өтетін келесі ойындарда халық үмі­тін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек», − дейді Қасым-Жомар Тоқаев. Қазақстан Президенті дәл қазіргі жағ­дайда ел спортының реалды жағ­дайы­на қалай қарау керек, спортқа қанша­лық­ты қолдау болды және алдағы уақытта сәт­сіздіктер қайталанбауы үшін не істеу ке­рек деген өте өзекті үш мәселені үш ауыз сөз­бен тұжырымдады. Ендеше біз де Олим­пиадаға қа­тысамын дегенше Қазақстан командасына жа­салған қамқорлық пен олардың жеңіске де­ген құлшынысының қалай болғаны, мем­лекеттің олимпиадалық командасын жан-жақты қолдағанымен нәтиже көрсете ал­мауының қандай себебі бар және болашақта спортты күшейту үшін не істеу керек деген басты үш мәселенің төңірегінде әңгіме қоз­ғайтын боламыз.
БІРІНШІ МӘСЕЛЕГЕ келсек, әрине, спорт­шы­ларымыз барынша тырыс­ты, бірақ нәтиже ойдағыдай болмады. Ре­тімен айтсақ: қазақстандық команда ал­ғаш­қы қола медальді дзюдо күресінен алды. Оған қол жеткізген белгілі дзюдошы Елдос Сметов болды. 2015 жылғы әлем чемпионы, 2016 жылғы Азия чемпионы, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ел­дос Сметовтен Токио Олимпиадасында ал­­тын медаль күткеніміз анық. Алайда жар­тылай финалда жапониялық спортшы, үш дүркін әлем чемпионы Наохиса Такатоға қосымша уақытта есе жіберіп қойды. Деген­мен қола медаль үшін тартыста Нидерланд өкілі Торнике Цакаджоені жеңді.
Екінші және үшінші қола медалдьдерге ауыр атлетшілеріміз қол жеткізді. Ерлер арасында 61 келіге дейінгі салмақта сын­ға түсіп, жұлқа көтеруде 131, серпе кө­теруде 163 келі көтерген зілтемірші Игорь Сон қоссайыс қорытындысында 294 келі сал­­мақты көтеріп Қазақстан қоржынына екін­ші қола медальді салса, әйелдер ар­а­сын­да ауыр атлетикадан 55 келі салмақта бақ сынаған Зулфия Чиншанло жұлқа көтеруде 90 келі, серпе көтеруде 123 келі зілтемірді көтеріп, осы нәтижемен үшінші орынға шы­ғып, команда қоржынына үшінші қола ме­дальді салды.

19633514 20 0 982 541 1920x0 80 0 0 fe0015b88a7891f3b33ed6d4d84f4dda
Төртінші және бесінші қола медальді боксшыларымыз әкелді. Алғашқы ай­налымда Египет елінің өкілі Есри Мұс­тафа­дан, ширек финалда ресейлік Иван Веря­совтен басым түскен Қазақстан коман­дасының капитаны, аса ауыр салмақтағы боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев жар­ты­лай финалда америкалық Ричард Торреспен жұдырықтасып, үшінші раундта қабағы жарылып, техникалық нокаутпен жеңілді.
Сондай-ақ боксшыларымыздың ең соңында шаршы алаңға шыққан Сәкен Бибосынов та сәтсіздікке ұшырады. Токио Олимпиадасының жартылай фи­на­лына дейін Пуэрто-Рикодан келген Янкиель Ривераны, франциялық Биллал Беннамды, испаниялық Габриэль Эскобарды жеңіп жа­сындай жарқылдаған жас боксшы, жар­тылай финалда ұлыбританиялық Джалал Яфайға төрешілердің шешімімен жол берді. 52 келі салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов финалға өту үшін барын салды, бірақ бірінші раунда бірнеше соққыны өткізіп алған қазақ боксшысы төрешілер тарапынан қысымға ұшыраған сияқты.
Алтыншы қола медальді Токио Олим­пиадасында еркін күрес бойынша 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен қазақстандық Нұрислам Санаев иеленді. Жартылай финалда үндістандық Рави Кумарға жол берген Санаев кіші финалда болгариялық Георгий Вангеловті ұтып, үшінші орын алды. Ал жетінші, сегі­зінші медальдарды каратэшілеріміз жеңіп алды. Олар каратэден ерлер арасында 67 ке­ліге дейінгі салмақта сынға түскен Да­р­хан Асаділов пен әйелдер арасында 61 ке­лі­ден жоғары салмақта сынға түскен Софья Берульцева болды.
Сөйтіп сегіз қола медальмен 83-орын­да қалған Қазақстанның олимпиа­да­лық командасы бұған дейінгі жеткен же­тіс­тіктерінің жартысына да жете алмады. Са­лыстыру үшін көрсетейік:
Көріп отырғанымыздай, осыған дейін 6 рет Жазғы олимпиадалық ойын­дарға қатысқан Қазақстанның олимпиа­да­лық командасы 40-орыннан төмен түсіп көр­меген екен және барлығынан алтын-кү­міссіз қайтпапты. Ал соңғы Токио Олим­пиа­дасының біздің елдің спортшылары үшін өте сәтсіз болуы – күтпеген жағдай.

ЕКІНШІ МӘСЕЛЕГЕ көшсек, Мем­лекет басшысы биылғы Олим­пиа­дада спортшы­ларымыздың ойынына көңілі толмайтынын білдіріп, оларды дайындауға едәуір қаржы жұмсалғанын айтып отыр.
Әрине, спортқа, оның ішінде олим­пиа­да ойындарына спортшыларды дайындауға аз қаржы кетпейді. Бірақ кейінгі кезде кейбір тұлғалар тарапынан Токио Олимпиадасына қатысқан қазақстандық команданы дайындауға аса ірі мөлшерде қаржы жұмсалған деп отыр. Мәселен, қоғам белсендісі Арман Шораев Instagram желісі ар­қылы таратқан бейнежазбасында Қа­зақстан Олимпиада ойындарына спорт­шы­лардың дайындығына 100 млрд теңге (250 миллион доллар шамасында) жұмсағанын айт­қан. Дегенмен ол мұндай ақпаратты қай­дан алғанын көрсетпей, арналардың біріне берген сұхбатында ашық дерек­көз­дерде осындай мәлімет бар деген. Көпшілікті қы­зықтырған бұл мәселе жайында БАҚ өкіл­­дері Мәдениет және спорт министр­лігінің Спорт және денешынықтыру істері ко­митетінің төрағасы Серік Сәпиевке сұрақ қойған, бірақ ол әзірге қанша қаржы жұм­салғаны туралы мәліметке ие емес екенін, оған байланысты анық жауабын алдағы уақытта беретінін айтыпты. Ал Қазақстан Ұлт­тық Олимпиада комитеті спорт дирек­ция­сының директоры Елсияр Қанағатов Токио Олимпиадасына отандық спортшыларды дайындауға кеткен қаржы жөнінде былай дейді:
«Қаржыландыру сайтта ашық көрсе­тіл­ген. Ешқандай құпия жоқ. Ал кейбіреулер айтып жүрген аса ірі көлемдегі (250 млн дол­лар) қаржы бізде болған емес. Бұл фейк ақ­парат. Біз тек Токио Олимпиадасына ғана емес, басқа да ірі додаларға дайындалдық. Оның ішінде Азия ойындары бар. 2020 жылы пандемияға байланысты 10,9 млрд теңге бөлінді. Биыл Жазғы және Қысқы олимпиада ойындарына дайындалу үшін қаржы 15,6 млрд теңгеге дейін көбейді. Бұған спортшылардың жалақысы, құрал-жабдықтар, медициналық қажеттіліктер, оқу-жаттығу жиындары мен лицензиялық жарыстарға кететін жол шығындары кіреді. Қаржыландыру жеткілікті деңгейде болды деп ойлаймыз. Токиоға ұйымдастыру үшін үлкен делегация тобы келді. Күні-түні жұ­мыс істеп жатқан қызметкерлеріміз бар. Бұл Олимпиада оңай болмай тұр. Күн сайын бар күшімізді салып, жұмыс істеп жатырмыз. Бөлінген қаржы спортшыларға жету үшін қа­дағалап отырамыз». Оның сөзіне сенсек, Токиода өткен Жазғы олимпиада ойын­дары­на бару шығындары 300 миллион тең­г­е­ге қысқартылып, қаражат үнемделген кө­рінеді.

Қалай десек те, Қазақстан спорт­шы­ларын олимпиадаға дайындауға жұмсалған қаражаттың қайтарымы аз болды дейді сарапшылар. Әрине, спорт жарыстарында, оның ішінде олимпиадаға жұмсалған ақша көлеміне қарап мұнша алтын, мұнша күміс аламыз деп ешкімде нақты айта алмайды. Бірақ солай бола тұра спортшыларға қойылатын талап күшін жоймайды. Өйткені Қазақстан 1996 жылдан бері өткен барлық олимпиада ойындарында осы кезге дейін негізінен алғашқы отыз­дықтың ішінде жүрген. Алты олимпиададан да алтын, күміс медальсіз қайтып көрмеген. Ол кезде спортшыларымызға қандай жағ­дай жасалса, қазір де одан кем жағдай жа­салып жатқан жоқ. Сондықтан биылғы Олимпиада нәтижесіне билігінің де, ха­лықтың да көңілі толмайтыны анық.

Қазақстан Президенті айтқан ҮШІН­ШІ МӘСЕЛЕГЕ ой жүгіртсек, расын­да да елі­міздің Ұлттық олимпиадалық құ­ра­мына бірталай реформа жасау қажеттігі бай­қалып-ақ жатыр. Өйткені бұрын жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар Олим­пиадада жүлдеге ілінбек түгілі, жартылай финалға жете алмай қалды. Әрине, осыған дейін үш Олимпиадаға қатысып, Олимпиада медальдарының толық жиынтығына ие болған 36 жастағы жеңіл атлет Ольга Рыпаковаға өкпелей қоймаспыз, бірақ жүзу бойынша 2014 жылғы Азия ойындарының үш алтын медалінің иесі, 2015 жылғы Универсиада чемпионы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, 26 жастағы Дмитрий Баландиннің құры­ғанда жартылай финалға шыға алмауы түсініксіз жағдай. Сол сияқты әлемде өз сал­мақ дәрежесінде 5-орында тұрған мық­ты дзюдошы Елдос Сметовтің финалға өте алмауын тек сәтсіздікке балай салуға бол­мас. Ал осы кезге дейін төрт Олимпиада бойы қазақ боксшылары басқаға жүлде бер­­меген «қазақ салмағы» − 69 келіде шар­шы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіповтің алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалуы біздің бокс үшін өте абыройсыз жағдай. Осы Олимпиадада сөз­сіз алтын ала­ды деп бәріміз сенген, 81 ке­лі салмақта 2019 жылы төрт дүркін әлем чемпионы, кезінде бірнеше мәрте біздің Әділбек Ниязымбетовтің жолын кескен кубалық Ла Крузды нокдаунға жіберіп әлем чемпионы болған Бекзат Нұрдәулетовтің Олимпиада рингінде ресейлік Имам Хатаевтан жеңіліп қалғанын өзі де, басқалар да қабылдай алмаса керек. Себебі ол осының алдында ғана Санкт-Петерборда өткен бокс тур­нирін­де дәл осы Хатаевты ұрып құлатып, айқын басымдық танытқан еді. Сол сияқты елдің көбі олимпиаданың финалында бокстасады деп сенген Қамшыбек Қоң­қабаевтың жартылай финалда америкалық боксшыдан ауыр соққы алып, техникалық нокаут алуы да оның бабында кемшілік барын байқатқандай. Ал біраз жылдан бері әлемге өзінің мықты боксшы екенін таны­тып келген Василий Левиттің Токиода бірін­­ші айналымда-ақ испаниялық Эм­мануэль Пла Рейестен нокаутпен жеңілуін еш­­кім күткен жоқ.
Әрине, Токио Олимпиадасында біздің боксшыларға қысым жасалды деп пікір білдіріп жатқандар бар, оның ішінде өзге елдегі мамандар. Мәселен, ресейлік ком­ментатор әрі FightSpace жобасының не­гізін қалаушы Григорий Стангрит То­киодағы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен қазақстандық боксшылар туралы айта келіп, ол Сәкен Бибосыновтың жеңісін төрешілер тартып алды деген пікірде. Стангрит Бибосыновты ұлыбританиялық боксшы Джалал Яфайды жеңді дейді. «Жек­пе-жек әдемі болды. Бірінші раунд британ­дық боксшының пайдасына аяқталды. Екінші және үшінші раундта Бибосынов жеңді. Жекпе-жектің мәселесін үшінші раунд шешті ғой. Менің ойымша, Сәкеннің соққылары дәл болды. Төрешілердің екеуі жеңіс­ті британдық боксшыға бергені тағы да таңғалдырды. Осы төрешілердің шешімі қорытынды нәтижеге қатты әсер етті.
Үшінші раунд барысында Яфай шар­шап қалды. Сөйтіп техника көп нәр­сені шешті. Сәкеннің техникасы да жо­ғары еді. Екі төреші неге Джалалға жеңісті берді? Мен осыны түсінбедім. Бес төреші де жеңісті Бибосыновқа беру керек тұғын. Менің ойымша есеп − 2:1. Әрине қазақ­стандық бокстың пайдасына! Бибосынов финалда жұдырықтасуы керек болатын. Ол жеңіс үшін барлығын жасады», − деді ол. Шы­­нын айту керек, өзгелердің біздің спортшыларымыз туралы мұндай жана­шыр­лық пікір білдіруі жақсы нышан, бірақ оның өтіп кеткен жарысқа пайдасы тимей­ді. Өзімізді сәтсіздіктің құрбаны деп жұбат­сақ та, шаршы алаңға шыққанда тек мық­тылығымыз ғана бар мәселені шешетінін ұмыт­пауымыз керек. Дегенмен қазірден бастап мамандардың назарына іліккен Сәкен Бибосыновтың болашағы алда деп білеміз.
Кейінгі кезде спортшылардың еліміз ұлттық құрамасы сапына қосылуы­на тамыр-таныстық әсері бар деген сөз ай­ты­лып қалып жүр. Оның шындыққа қан­шалық жақын екенін кім білсін, бірақ боксшы Әбілхан Аманқұлды жарақаты бол­са Олимпиадаға жіберілуі мен 69 келі сал­мақта кейінгі кезде үлкен жарыстарда жақ­сы нәтиже көрсетіп жүрген Асланбек Шым­бергеновтің Токиоға жіберілмей қалуы­нан жұрттың сондай астар іздеп жүр­гені анық.
Боксшыларымыздың олимпиадада өте төмен өнер көрсеткенінен кейін ұлттық құраманың құрамы мен шеберлігі жөнінде көп сын айтылып кетті. Былайғы жұрттың сөзін елемегеннің өзінде бокс мамандары мен бокстан кезінде өте жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар қазақ бок­сының қазіргі жағдайы сын көтермейді деп ашық айта бастады. Мәселен, 2008 жыл­ғы Бейжің Олимпиадасының чем­пионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев қазіргі боксшыларымызды «шеберлікті ұмытқан, шабуылды тосып алу, қарсы шабуыл ұйым­дастыруды білмейді» деп сынаса, 2016 жыл­ғы Рио Олимпиадасының чемпионы, қазіргі кезде кәсіпқой бокста атой салып жүрген Данияр Елеусінов әуесқой бокста жүрген қа­зақ­стандық спортшылар бокстың за­манауи деңгейінен артта қалған деді. Сон­дай-ақ, «Жекпе-жектерді көрдім. Бәрін ба­қылап отырмын. Еш нәрсе айтқым келмейді. Мені шұғыл түрде бапкерлер штабына қосу керек. Бас бапкерлікті айтып отырғаным жоқ. Екінші бапкер ретінде алу керек. Сонда мен ұлттық құрамадағы проблеманы шеше аламын», − деді Қазақстан ұлттық құра­масының бұрынғы бапкері, Сидней Олим­пиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайы­мов. Ал кезінде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына бапкерлік жасаған белгілі спорт маманы Тұрсынғали Еділов болса: «Боксшыларымыз Олимпиадаға барамын деп бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сондықтан да шығар, жігіттердің шаршап қалғаны жарыс кезінде анық сезілді. Бұл орайда алдымен Азия чемпионатын еске ала­мыз. «Сол сары құрлық турнирі бізге керек пе еді?» деген сұрақ туындайды. Бапкерлік штаб осының барлығын ескеріп, Олимпиада ойындарына дайындықты басқаша өткізуі тиіс еді. Бірақ олай жасамады. Токиоға барған жігіттердің бар­лығының тәжірибесі бар. Оларға дайындық емес, үлкен жарыстың алдында демалыс керек еді. Көп салмақ түсіп кеткен сыңайлы. Басы артық жаттығулар. Жарыс өткізе берудің де қаншалықты қажеті бар еді? Боксшылардың көзінде от жоқ. Жүсіповтің бір жылда өткізген жарысын басқа елдің боксшылары төрт жыл ішінде өткізген жоқ. Бекзаттың өзі де кәсіби рингте бірнеше кездесу өткізді. Шаршамай қайтсін. Басқа ел­дер де Олимпиадаға дайындалды. Бірақ біз­дің боксшылар секілді оларда шаршау бай­қалмайды. Олардың классы жоқ болса да, шаршы алаңда жеңіс үшін барын салып, алға ұмтылып жүр. Ал біздің жігіттер кері­сін­ше, маңызды кездесуде сылбыр өнер көр­сетті. Қолдарынан келгені осы болды», − деді баспасөзге берген сұқбатында.
Біздің спортшылардың, оның ішінде боксшыларымыздың Қазақстан мен Жапонияның әртүрлі уақыт белдеуінде болуының салдарынан Токиоға үйренісе ал­май, бұл жағдай олардың өнер көрсетуіне ке­дергі болды деген де болжамдар айтылды. Осы­ған орай журналистер бокс бойынша Қа­зақстан құрамасының бас бапкері Ғалым­бек Кенжебаевтан қазақстандық спорт­шы­лардың неге уақыт белдеуі Токиоға жақын орналасқан Владивостокта дайындықтан өтпегенін сұрады. Бұған ол: «Пандемияға байланысты спортшылар Владивостокқа бара алмады. Ресей құрамасы Владивостокта жаттықты. Бізді де шақырды, бірақ каран­тин шарттары болды. Көптеген шетелдік командалар ол жаққа барғысы келді, бірақ олардың барлығынан бас тартты, өйткені оларда карантин болды. Содан кейін біз Алма­тыда Ақбұлақ базасында 14 күндік каран­тиннен өттік», − деді Ғ.Кенжебаев.
Ел арасында қазақ боксын көтеру үшін Тұрсынғали Еділов секілді бап­керлерді ұлттық құрамаға қайтару керек, сол сияқты Ермахан Ыбырайымов, Бақыт Сәрсекбаев секілді шебер боксшыларды бап­кер ету керек деген де пікір көп. Мұн­дай сөздерге ренжіген Афина Олимпиада­сының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері, Қазақстанның бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев: «Қазір барлық жерде әріптестерім Олимпиада туралы пікір білдіріп жатыр. Мен наразы болдым. Ешқашан біреуді біреу сөгуге болмайды. Біздің кезеңмен салыстырғанда қа­зір бокс өте қатты өсіп кеткен. Одан кейін техникалары дұрыс емес деп айтады. Кешіріңдер, техникалары орнында. Кеше ғана Бекзат әлем біріншілігінде чемпион бол­ғанда оны қолдап, «айналайын Бекзат­тың жолын берсін» деп баталарын беріп жатыр еді ғой. Енді кеше Бекзат Олимпиа­дада ұтылып қалып еді, барлығы жерден алып, жерге салып жатыр. Олай істеуге ешқашан болмайды. Өйткені бұл азаматтар үнемі бір орында тұра бермейді. Робот емес қой. Барлығы мықты болып ақыл айтып жатыр. Ертең келіңдерші құрамаға, бір жыл уақыт берейік. Екі алтын алған Тұрсынғали Еділовті мысалға алып жатыр. Жарайды Тұрсынғали Еділовті, Бақыт Сәрсекбаевты, Ермахан Ыбырайымовты алып келейік. Бірақ, мен айтайын, олар бір жылдың ішін­де еш­теңе істей алмайды. Құр сөз болып қала­ды. Сондықтан мамандардың орнында қалғаны дұрыс», – деп өз ойын айтты. Сон­дай-ақ ол «Осы Олимпиадада біздің тарапқа қысым­ болды. Ұлттық Олимпиада комитеті атынан осы жарысты ұйымдас­тыру­ға төреші ретінде америкалық Дэвид Ларада деген азаматты қойған. Бұл азамат 2016 жы­лы да болған, сол кезде Левитке қарсы қас­тандық жасалды. Дэвид Ларада басты себеп болып тұр. Екіншіден, тағы бір аме­рикалық Ангел Вериворял деген азамат бар. Ол төрешілердің жұмысын үйлестіруші. Техникалық делегат Уэн Роус – австралия­лық. Зәкір Сафиуллинің жекпе-жегінің сәтсіздік­ке ұшырауына себепкер. Осының бәрін біз сараптап жатырмыз. Келесі Олим­пиадада спортшылардың дайындығын 10 есе, 20 есе арттыру керек. Ешкімге сенбеуіміз керек», – деп Токио Олимпиадасының нәти­жесіне өз көзқарасын білдірді.
Қалай десек те, бүгінгі қазақ спор­тын­да шешімін табуы тиіс үлкен мәсе­ле­лер бар. Мүмкін біреулер айтып жүр­ген­дей өз алдына Спорт министрлігі ашылар не бұрын чемпион болған мықтылардан жаңа бапкерлер құрамын жасақтар, әйтеуір қалай дегенде де 2024 жылғы Парижде өтетін Жазғы олимпиада ойындарына спортшыларымыз, оның ішінде бокс­шы­ларымыздың сақадай сай болып баруына жағдай жасалуы керек. Мұны Мемлекет бас­шысының өзі қадап айтып отыр.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Back to top button