«Пари Сен-Жерменнің» ойыншысы: Лионель Месси өз таңдауын жасады

«Пари Сен-Жерменнің» ойыншысы: Лионель Месси өз таңдауын жасады

«Пари Сен-Жерменнің» ойыншысы: Лионель Месси өз таңдауын жасады
ашық дереккөзі
«Алтын доптың» алты дүркін иегері, аргентиналық Лионель Месси «Пари Сен-Жермен» француз клубымен келісімшартқа қол қойды. ҚазАқпараттың BBC-ге сілтеме жасап жазуынша, келісімшарт «2+1» схемасымен жасалған, оны 2024 жылдың маусымына дейін созуға мүмкіндік бар. Месси 30-шы нөмірмен ойнап, бір маусымда 35 млн еуро алады. «Мансабымның Парижде жалғасуын асыға күтіп жүрмін. Клуб пен оның мақсаты менің амбицияма толық сәйкес келеді. Мұнда дарынды ойыншылар мен қызметкерлер жұмыс істейтінін білемін. Клуб пен жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлағым келеді», - деді Месси келісімшартқа қол қойғаннан кейін. Сейсенбі күні Лионель Месси жұбайымен және балаларымен Барселонадан Парижге келіп, келісімшартқа қол қоймас бұрын медициналық тексеруден өтті. «ПСЖ» жаңа ойыншыны сәрсенбі күні өтетін баспасөз мәслихатында ресми таныстырады. Өз мансабында тек «Барселонада» ойнаған Месси келісімшартты ұзарту туралы келісімге келе алмағандықтан каталондық клубтан кетуге мәжбүр болған еді. Көп ұзамай оның жаңа клубқа қатысты өз таңдауын жасағаны туралы ақпарат таратылды. 34 жастағы футболшы «Барсамен» 36 рет жеңіске жетіп, 672 гол соқты. Месси өткен жылы жазда «Барселонадан» кетпекші болды, бірақ клуб оны жіберген жоқ. Осы жылдың 1 шілдесінде ол бос агент атанды. Сенбі күні Месси клубпен көзіне жас алып қоштасып, жанкүйерлері мен клубтағы әріптестеріне алғыс айтты. Мессидің өзі жалақысын екі есе азайтуға дайын екенін айтып, «Барсада» қалу үшін барын салды. Бірақ, Ла Лиганың қатаң ережесі мен 1 млрд еуродан асатын «Барселонаның» қарызына байланысты жаңа келісімшарт жасауға мүмкіндік болмады. Сондықтан «Барса» оның жалақысын төмендетсе де Мессимен келісімді ұзарта алмайтын еді. УЕФА-ның қаржы ережесіне (футбол клубтары тапқан пайдасынан көбірек ақща жұмсамас үшін жасалған) сәйкес, клубтар өз айналымының 70% астамын жалақыға жұмсайтын болса, жаңа ойыншы тіркей алмайды. Мессидің ұсынған жаңа келісіміндегі бұл сома 100% асатын болды. «Мен мұнда 13 жастан бастап тұрып келемін. 21 жылдан кейін кетіп барамын. Жұбайыммен және үш баламмен бірге. Қайта оралмаймыз деп уәде бере алмаймын. Себебі, бұл – менің үйім», - деді футболшы қоштасып жатып.