Абай күні: «Даналық дариясы» жинағы жарыққа шықты
Абай күні: «Даналық дариясы» жинағы жарыққа шықты
Жинаққа осы күнге дейін Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген абайтанушы-ғалымдардың ғылыми-танымдық мақалалары мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбектері енгізілген.
Тұсаукесерге Серік Негимов, Ерлан Сыдықов, Дәулеткерей Кәпұлы, Асқар Омаров, Рауан Кенжехан, Амангелді Кеңшілікұлы секілді зиялы қауым өкілдері қатысты. «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, жинақты шығарудағы басты мақсат – Абайдың 175 жылдығы мен 100 жылдықтары қарсаңындағы материалдарды жинақтау.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Абай мерейтойының атқарылуында ел газетінің орасан еңбегін атап өтті.
– Ел газеті әр жылдың өзіндік қорытындысын жасап, айшықты сәттерді тарих бетіне басып келеді. Былтырғы жыл түгелдей Абай жылын, Ұлы ақынның мерейтойын өз дәрежесінде атқарып, Президент тапсырмасына сай, ең үлкен жұмыс атқарған ұжым болатын болса, ол осы – «Егемен Қазақстан» ұжымы дер едім. Бір жылда, Абай жылында не атқарылғанының бәрін бір кітапқа топтастыру – үлкен әрі қажырлы еңбек, – деді ЕҰУ ректоры.
«Даналық дариясы» жинағы екі бөлімнен тұрады. «Мәңгілік мұра» деп аталатын алғашқы бөлімінде өткен ғасырдың 40-50 жылдары, яғни Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Социалды Қазақстан» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланған әдеби-ғылыми мақалалар, жазба-эсселер топтастырылған. Ал екінші бөлімі «Ақыл-ой алыбы» деп аталады. Оқырман бұл бөлімнен Абайдың 175 жылдық тойы қарсаңында ел газетінде жарық көрген ғылыми-танымдық мақалалар мен пікірлерді оқи алады.
Жинақтың жарық көруіне мұрындық болып, қаржылай демеуші болған Халықаралық Түркі академиясы екенін айта кеткен жөн.
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА