Ішімдік пен темекі акцизін көбейту ұсынылды

Ішімдік пен темекі акцизін көбейту ұсынылды

Ішімдік пен темекі акцизін көбейту ұсынылды
ашық дереккөзі
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Депутаттар алдында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев заңды қабылдасақ, қосымша 237 млрд теңге табыс түсетінін айтты. Дауыс беру кезінде Мәжілістің 95 депутаты жақтап дауыс берді. "Заң жобасы арқылы Салық кодексіне 234 түзету енгізіледі. Оның 27-сі салық саясатына, 207-сі салықтық және кедендік әкімшілендіруге қатысты болмақ. Заң жобасы бизнестің, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің іскерлік белсенділігін сақтауға, қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты жақсартуға, жұмыс істемейтін несиелер деңгейін төмендетуге және банктердің Қазақстан экономикасындағы үлесін арттыруға бағытталған. Республикалық бюджет комиссиясына шығарылған 2015-2019 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор шығындары 176 705,1 млн теңгені құрап отыр. Сонымен қатар акциздер мөлшерлемесін ұлғайтудан және қосылған құн салығы бойынша төменгі шекті кезең-кезеңмен төмендетуден 237 001,1 млрд теңге қосымша түсім түседі», – дейді Қ.Бишімбаев.

«Алкоголь өнімдерін экспорттау кезінде қосарланған салық салуды болдырмау және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында алкоголь өнімдерін өндіруге пайдаланылатын этил спирті акцизінің нөлдік мөлшерлемесін белгілеу ұсынылып отыр. Ресей мен Беларусьте де осы тәжірибе қолданылады», - деді Қуандық Уәлиxанұлы.

Енді бұл заң жобасы Парламенттің жоғары палатасы Сенаттан қолдау тауып, жыл соңына дейін Елбасы қол қойып жатса, Қазақстанда алкоголь өнімдері мен темекі акцизі айтарлықтай өседi. 2019 жылы ішімдіктің 1 литрі үшін акциз құны 85 пайызға, темекінің 1000 данасы үшін 74%-ға дейін өседі.

Айта кетейік, министрдің айтуынша, қазіргі кезде 1 литр алькоголь өнімінің қолданыстағы акциз құны 1380 теңге болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2000 теңгеге өседі. Ал 2018 жылы 2275 теңгеге, 2019 жылы 2550 теңгеге дейін жетеді. Темекінің 1000 данасына салынатын акциз салығы 2017 жылы 5000-нан 6200 теңгеге дейін артады. Ал 2017 жылы 7500 теңгеге, 2018 жылы 8700 теңгеге дейін жетпек.