Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
ашық дереккөзі
Елімізде өткен апта ішінде бірнеше кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аптаның алғашқы күні Шымкент қалалық туризм басқармасына жаңа басшы Ерлан Қыдыровтың тағайындалуымен басталды. Ерлан Ермекұлы Қыдыров 1991 жылы туған. 2013 жылы Малайзияның Лимкоквинг креатив технологиялар университетін «Экономика және бизнес бакалавры академиялық дәрежесі» мамандығын бойынша бітірген. Еңбек жолын «KazPowerCorporation» ЖШС директоры болып бастаған. Әр жылдары ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы инвестициялық жобаларды қолдау бөлімінің бас маманы, ОҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасы сыртқы байланыстар бөлімінің бас маманы, ТО туризм және сыртқы байланыстар басқармасы сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы, «Turkistan Invest» стратегиялық жоспарлау және мониторинг басқармасының басшысы, Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Дәл осы күні Ақтөбеде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жаңа басшы келді. Әнуарбек Серғалиұлы Бермағамбетов 2003 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін «Құқықтану», 2008 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін «Экономика бакалавры» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы Ақтөбе облысы орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасының бас маманы болып бастады. 2008 – 2012 жылдары аралығында Ақтөбе облысы орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарды. 2012 жылдың қаңтар айынан бері осы уақытқа дейiн Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Сондай-ақ, 2 тамыз күні Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы тағайындалды. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің өкімімен облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып Ерлан Қайнатоллаұлы Қабдинов тағайындалды. Ерлан Қабдинов 1982 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Білімі жоғары, 2003 жылы Батыс Қазақстандағы Евразия тілдер және менеджмент институтын «экономист», 2012 жылы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетін «ғимараттар мен құрылыстарды есептеу және жобалау» мамандығымен бітірген. Еңбек жолын 2000-2003 жылдары «General Electric» халықаралық компаниясында менеджер болып бастаған. 2003-2006 жылдары Астана қаласындағы «Аль-Тагир» ЖШС директорының орынбасары, 2006-2009 жылдары Атырау және Ақтау қалаларындағы «БК-Стройпроект» ЖШС-нің бас директоры, 2009-2011 жылдары Ақтау қалалық саулет және қала құрылысы бөлімінің техникалық қызметкері, бас маманның міндетін атқарушы, сондай-ақ бас маманы болған. 2011-2013 жылдары Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы, кейін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, қадағалау, лицензиялау және аттестаттау департаменті аттестаттау басқармасының сарапшысы болған. 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде аттестаттау басқармасының бас сарапшысы, 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінде құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару, лицензиялау және аттестаттау басқармасының бас сарапшысы лауазымын атқарған. 2016-2018 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінде лицензиялау мен аттестаттауды мониторингілеу және бақылау басқармасының бас сарапшысы, 2018-2019 жылдары Атырау қалалық білім бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, басшы орынбасары болды. Осы тағайындауға дейін Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. Апта басында болған тағы бір тағайындау, Жамбыл облысы Табиғи ресурстар басқармасына жаңа басшы келді. Тағайындалған Қайрат Әскербекұлы Досаев 1965 жылы туған, білімі жоғары. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту ордені ауыл шаруашылық институтын «инженер-механик», Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетін «экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы ғылыми-өндірістік бірлестіктің инженері болып бастаған. Әр жылдары «Алтын диірмен» АҚ инженері, Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары, сектор меңгершісі, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәселестікті қорғау басқармасының басшысы, Алматы облысының тарифтер жөніндегі басқармасының басшысы, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің көмекшісі, «Мекен» ЖШС директоры, «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» акционерлік қоғамының Алматы филиалының директоры, вице-президенті, департамент директоры, «Казспортинвест» АҚ вице-президенті лауазымдарында еңбек етті. Сондай-ақ, 2014-2017 жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі, 2017-2019 жылдары Шу ауданының әкімі, 2019 жылы Тараз қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2019 жылдың желтоқсанынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде жұмыс істеп келді. 3 тамыз күні Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы болып Балмаржан Полатқызы Нарбекова тағайындалды. Балмаржан Полатқызы 1988 жылы дүние келген. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды құқықтану және экономика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолы Шымкент қаласындағы «Жастар орталығы» МКҚК директордың орынбасары болудан басталған. Кейіннен Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығының бөлім бастығы, Абай ауданы «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары, ОҚО жастар саясаты мәселелер жөніндегі басқармасының басшысы, Түркістан облысының отбасы, балалар және жастар істері басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс жасаған. Осы күні болған тағы бір кадрлық ауыс-түйіс ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай Жамбыл облысында басқарма басшысы Қайрат Досаев қызметінен босатылды. Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қ. Досаев 2019 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметіне тағайындалған болатын. Ал 2021 жылдың 30 шілдесінде Қ. Досаев 2019 жылдың 20 желтоқсанынан бастап атқарып отырған Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметінен босатыла отырып, Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тең дәрежелі лауазымына тағайындалды. Сонымен қатар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қайрат Досаевты басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялап, кадрлық қателікті түзеуді тапсырды. Сондай-ақ, 3 тамыз күні Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің өкімімен бұл лауазымды Самат Қабайұлы Айтқалиев атқаратын болды. Самат Қабайұлы 1972 жылы Атырау қаласында туған. Білімі жоғары, Алматы автожол институтын «инженер-құрылысшы» мамандығымен бітірген. Еңбек жолын 1994-1996 жылдары Атырау облысындағы жол-пайдалану учаскесінде жол жөндеу шебері болып бастаған. 2001-2005 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 2005-2008 жылдары «Самнұр» ЖШС директоры, 2008-2010 жылдары «Нұржол» ЖШС директорының орынбасары болып еңбек еткен. 2011-2012 жылдары Атырау облыстық Құрылыс басқармасының құрылыс және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бөлімінде бас маманы, 2012-2013 жылдары Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті лицензиялау бөлімінің бас маманы лауазымын атқарған. 2013-2014 жылдары Мақат ауданы әкімнің орынбасары, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, 2014-2019 жылдары «Атырауинжстрой» ЖШС директорының техникалық орынбасары, бас инженері болған. 2019-2020 жылдары «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-да сапаны бақылау бөлімінің бас маманы, 2020 жылдан осы тағайындауға дейін «Самұрық Қазына Девелопмент» ЖШС-де техникалық сүйемелдеу бөлімінің қадағалау жөніндегі сарапшысы болған. Осы күнді кадр саласындағы жаңалықтардың бірі бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың жаңа қызметке тағайындалуы. Бұдан былай Сапархан Омаров «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы. Сапархан Омаров 1968 жылы 5 мамырда дүниеге келген. 1996 жылдан 2007 жылға дейін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-да қызмет атқарған. Азық-түлік корпорациясындағы 11 жыл ішінде бөлім бастығынан Вице-Президентке дейін көтерілді. 2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2011-2014 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болды. 2 жыл бойы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі болып еңбек етті. 2016 жылғы 24 наурыздан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болды. 2019 жылғы 25 ақпанда Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалып, бұл қызметтен 2021 жылдың 10 шілдесінде босатылды. «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, мемлекеттік мерейтойлық медальдармен және 2010 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Еске салайық, биылғы 10 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде орын алған қуаңшылықта тиісті жұмыс атқармағаны үшін Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров отставкаға кетуі тиістігін айтқан болатын. 4 тамыз күні Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Ғабит Қасымбекұлы Мұқанов Шымкент қаласының прокуроры болып тағайындалды. Ғабит Мұқанов 1977 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1998 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. Алматы облысы Кербұлақ және Талғар аудандары, Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорларының орынбасары, Алматы облысы Талғар ауданының және Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры, Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының басқарма бастығы –Аппарат басшысы және Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. 2019 жылдан бастап ҚР Бас прокуратурасының кадрларды дамыту департаментін басқарды.