Жаңалықтар

Ақмола облысының 27 елді мекені сапалы ауыз сумен қамтылмаған

ашық дереккөзі

Ақмола облысының 27 елді мекені сапалы ауыз сумен қамтылмаған

Ақмола облысының 27 елді мекені сапалы ауыз сумен қамтылмаған. Ал «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша бөлінетін қаржы үш есеге қысқарып отыр. Сондықтан биылғы қаражат тек құрылысы өткен жылдары басталған нысандардағы жұмысты аяқтауға ғана бағытталады. Ал сапалы ауыз судан қағылған тұрғындар құдықтан немесе тасымалданатын суды ақшаға сатып алуға мәжбүр болып отыр деп хабарлайды BNews.kz.

Бүгінде Ақмола өңірінің 27 елді мекені сапалы ауыз суға зәру. Яғни, олар тасымалданатын суды пайдаланып отыр. Оның өзін ақшаға сатып алады. Ал «Ақбұлақ» бағдарламасына биыл 1 миллиард 106 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 есе аз. Сондықтан, тіршілік көзіне зәру ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту жақын арада шешіле қоймайтындығын айтады мамандар. Өйткені, биылғы инвестициялық саясат бойынша қаржы тек басталған нысандардағы жұмыстарды аяқтауға жұмсалған.

«Бөлінген қаражат 5 нысанды қайта қалпына келтіруге және 1 жаңа нысанның құрылысына бағытталды. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржы Есіл, Шортанды және Егіндікөл аудандарындағы су өткізу желілерін жеңіл және күрделі жөндеуден өткізу үшін 3 жобаға жұмсалды. Бүгінде Есіл ауданындағы Юбилейный селосындағы су құбырлары күрделі жөнделді. Жұмыстар аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Степногорск қаласын сумен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді», – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім жетекшісі Анар Нұрмағамбетова.

Бүгінде облыс орталығын да сумен қамтамасыз ету мәселесі күрделі. Қалада жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алып келеді. Сондықтан, шаһардың су құбырлары желілерінің қуатын арттырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Облыс басшылығы бұл мәселені халықаралық қаржы институттарын тарта отырып шешпек.

Бүгінде Көкшетаудағы жаңадан бой көтерген Сарыарқа шағын ауданына инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Сонымен қатар, биыл Бірлік шағын ауданына су тарту жұмыстары басталды. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес жобаның құны 300 миллион теңгеден асады.

«Көкшетау қаласындағы «Сарыарқа» шағын ауданында жаңа үйлер бой көтерді. Олардың барлығына инженерлік желілер тартылып жатыр. Оның ішінде сумен қамту да бар. Сонымен қатар, «Бірлік» шағын ауданында да су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны астаналық фирма жүзеге асырады. Жыл соңына дейін нақтырақ айтсақ қараша айында аяқтаймыз деп отыр. Қазірде негізгі магистральді желілердегі жұмыстар аяқталды», – дейді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Құрманғали Құлмағанбетов.