Қай вакцинаның тиімділігі қандай - сараптама

Қай вакцинаның тиімділігі қандай - сараптама

Қай вакцинаның тиімділігі қандай - сараптама
ашық дереккөзі

«ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі SARS-CoV-2 коронавирусына карсы екпе жасатқан пациенттер үшін поствакциналық антиденелерді тексеруге бағытталған талдау жасады. 2021 жылдың 7 маусымы мен 4 тамызы аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасында поствакциналық антиденелердің бар-жоғын тексерту үшін 962 пациент талдау тапсырған болатын. Пациенттер 6 түрлі екпе алған. Нақты айтсақ, 866 пациент «Спутник V» вакцинасын, 58 адам Hayat-Vax, 14 адам отандық QazVac, 12 пациент CoronaVac екпесін, 9 адам Pfizer вакцинасын, 3 адам AstraZeneca салдырған.

- Зерттеу нәтижесі бойынша «Спутник V» салдырғандардың 97%-нда, Hayat-Vax алғандардың 90%-нда, QazVac ектіргендердің 79%-нда, CoronaVac алғандардың 92%-нда, Pfizer және AstraZeneca салдырғандардың 100%-нда поствакциналық антиденелер анықталды. Әрине, әзірше зерттеуден өткен пациенттердің саны онша көп емес, сондықтан да талдау тапсырғандардың қатары өскен сайын көрсеткіштер айтарлықтай өзгеруі мүмкін, - деп атап өтті «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.

«ОЛИМП» КДЗ желісі жасайтын поствакциналық антиденелердің бар-жоғын тексеруге арналған талдау «SARS-CoV-2 коронавирусының S-ақуызына қарсы G иммуноглобулиндерін анықтайтын иммуноферменттік талдау» деп аталады. Екпе салғаннан кейін ағзамыз коронавирустың S-ақуызына қарсы антиденелер қалыптастырып, иммундық жауап береді. Пациент қанының сарысуында коронавирустың S-ақуызына қарсы антиденелердің анықталуы вакциналау нәтижесінде иммундық қорғаныштың қалыптасқанын білдіреді. Поствакциналық антиденелердің бар-жоғын анықтауға бағытталған талдау сапалық сипатқа ие. Ол екпе нәтижесінде коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасты ма, жоқ па деген сауалға жауап береді. Талдау нәтижесі бланкінде пациенттің поствакциналық антиденелерінің позитивтілік коэффициенті (ПК) көрсетіледі. ПК көрсеткішінің 0,8 бірліктен артық болуы вакциналауға иммундық жауаптың қалыптасқанын көрсетеді. Бұдан әрі, осы талдауды қайтадан тапсырғанда ПК көрсеткіші бойынша уақыт өте келе пациенттің иммундық қорғанышының төмендеуі/өсуі динамикасын жанама бағалауға болады. Поствакциналық антиденелерді тексеруге арналған талдауды иммунизациядан кейін белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана тапсыру қажет. Нақты айтсақ, талдау вакцинаның екінші дозасын алған соң 3 апта өткенде тапсырылады.