ЕҚЫҰ-дағы үздік бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді

ЕҚЫҰ-дағы үздік бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді

ЕҚЫҰ-дағы үздік бастамаларды Қазақстанға  алып келгім келеді
ашық дереккөзі

Әсел Жабағина Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының Варшавадағы кеңсесінде жұмыс істейді. Университетте оқи жүріп, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсе­сінде тағылымдамадан өткен. Еңбек жолын жек көрушілік салдарынан жасалған қылмыс себептерін, оны болдырмау жолдарын анықтайтын ЕҚЫҰ басқармасынан бастаған ол қазір Адам құқығы жөніндегі бас­қар­мада консультант қызметін ат­қарады. ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдегі құқық қорғаушыларды толғандыр­ған мәселені зерттеумен айналысып жүрген Әселге хабарласып, сұхбат­тасқан едік.

– Әдетте өнер жолында жүрген адам­дар­дың балалары ата-анасының ізін басып, олардың өнері мен өнегелі ісін жал­ғастырғысы келеді. Сіз де жас­тайыңыз­дан театрға жиі барып, анаңыз­бен бірге гастрольдік сапарға көп шық­қан боларсыз?

– Иә, жастайымнан өнерге жақын бол­дым. Мектепте түрлі қойылымдарға қаты­са­тынмын. Анам қырық бес жыл бойы С.Сей­фул­лин атындағы Қарағанды облыстық қа­зақ драма театрында әртіс болып жұмыс іс­тейді. Өзіңіз білетіндей, әртістер ел ішін ара­лап, гастрольдік сапарларға жиі шығады, сол кезде анам мені апта бойы қасына ертіп жүретін. Театрға да жиі барамын. Ағам «Да­рын» мектебінде оқыды, түрлі пәндерді те­рең­детіп оқытатын мектеп болған соң, мен де сол білім ордасына ауыстым. Сөйтіп жүр­генде өнерге деген қызығушылығым кеміп, жаратылыстану ғылымдарына көп ден қоя бастадым. Сосын жоғары базалық білім алу үшін бакалавриатты елде, ал магистратураны шетелде оқимын деп шештім. Сөйтіп, Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Бұл мамандықты таңдаудағы мақ­сатым – өзге елге бармай тұрып, өз елімнің тари­хын әбден зерттеу, оның үстіне, ертең шет­елдіктер Қазақстан туралы бірдеңе сұра­са, білген-түйгенімді іркілместен айтып беруім керек қой. Университетті үздік бітір­ген соң, Еуроодақтың гранты саналатын Erasmus Mundus Joint Masters стипендиясын ұтып алып, бірінші оқу жылын Шотлан­диядағы Глазго университетінде, ал екінші жылы Польшадағы Ягеллон университетінде халықаралық қатынастар факультетінде оқыдым.  width=

– Ал БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде та­ғылымдамадан каникул кезінде өт­тіңіз бе?

– Иә, бірінші курсты аяқтаған соң жазғы демалысымды елде өткіземін деп жос­пар­лағанмын. Білім десе ішкен асын жерге қоя­тын, еңбек десе ешбір ойланбастан кірісетін ағам «Уақытыңды босқа өткізбей, сол жақтан та­ғылымдама тауып, содан өтуге тырыс. Тәжірибе жина» деп ақылын айтты. Сөйтіп, БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық эконо­ми­калық комиссиясының кеңсесінде төрт ай та­ғы­лымдамадан өттім. Онда БҰҰ-ның Тұ­рақ­ты даму жөніндегі мақсаттары бойынша тап­сырмалар орындап, түрлі кон­ферен­циялар ұйымдастыруға атсалыстым. Сосын осын­дай ірі ұйымдарда жұмыс істеу ұнаған­дық­тан, екінші курстан бастап вакансиялар қарастырып, ақырында Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымының Вар­шавадағы кеңсесінде бос орын табылып, осында алты ай тағылымдамадан өттім. Сосын Төзімділік және кемсітпеушілік бас­қар­масына жұмысқа тұрдым. Бастапқыда ЕҚЫҰ-ға кіретін 57 елде жек көрушілік сал­дарынан жасалатын қылмыс (хейт крайм) себептерін зерттеумен айналыстым. Өкініш­ке қарай, қоғамда антисемитизм, мұсыл­мандарды я болмаса христиандарды ұнат­пайтын немесе бір ұлт өкілінің екінші ұлт өкілін жақтырмай, араздық тудыратын жайттар жиі болады. Әр елдегі ұйымдар бізге осындай жайттар туралы есеп жіберіп отырады, біз сол есептерге сүйене отырып, қай елде қандай қылмыс көп болатынын талдап, оның себебін анықтаймыз. Жағдайды тұтастай ұғынғаннан кейін, тиімді ұсыныс­тар әзірлеп, қылмысты болдырмаудың оң­тайлы тәсілдерін бөлісеміз. Түрлі жария­ланымдар жариялаймыз. Одан бөлек, қара­пайым адамдармен қатар, қылмысты ашу­дағы басты мамандар – полиция қыз­мет­керлері, судьялар мен прокурорлар арасында тренингтер ұйымдастырамыз.  width=

– Қазақстандағы ұйымдар да жыл сайын есеп жіберіп отыра ма?

–Осы жөнінде енді айтқалы отыр едім. Бізге ең көп есепті Еуропа мемлекеттері жібереді, олар жүз беттен тұратын қалың есеп әзірлейді. Ал Орта Азия елдеріндегі ұйымдар мұндай белсенділік танытпайды. Қазақстанда осындай іспен айналысатын ұйымдар саны аз, бәлкім олар әлі жетіле қой­ған жоқ. Бізде ешкім статистика жүргізбейді. Қолымызда нақты дерек болмағандықтан, анализ жасай алмаймыз, ақыр аяғында сырт көзге біздің мемлекетте қылмыс аз болатын секілді көрінеді, ал бірақ елде, өкінішке қарай, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиі бола­тыны белгілі. Қазір бізде қылмыстың мына түрлері жиі жасалады деп нақты кесіп-пішіп айта алмаймын, себебі елдегі қылмыс статис­тикасын білмеймін. Бізге есеп жібере­тіндердің дені – феминистік ұйымдар, басқа ұйымдар жібермейді, сол үшін салыстыра алмаймыз. Дегенмен, ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы байланыс жақсы жолға қойыл­ғанын айта кеткен жөн. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мем­ле­кет тарихындағы маңызды оқиға болға­нын білесіз. Қазақстан ТМД, Азия, мұсыл­ман және түркітілдес әлем елдері арасында бірінші болып төрағалық етті. ЕҚЫҰ-ның бас штаб-пәтері Вена қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, Копенгаген, Женева, Гаага Прага мен Варшавада кеңселері бар. Қалған елдерде арнайы миссиясы ашылған. Қазақстанда да жобаларды жүзеге асыратын арнайы миссия жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қазақстандағы жастар ұйымы да ЕҚЫҰ-мен тығыз байланыс орнатып жатыр. Жастар бастама көтеріп, біз ұйымдастыратын семинарларға қатысуға ниет білдіреді. Бірде семинар ұйымдастыр­ғанда жек көрушілік салдарынан жасалатын қылмыс санын енгізіп, статистика жасауға мүм­кіндік беретін платформа жасап шығар­ғанбыз, сол кезде Қазақстан мен Өзбекстан жастары әлгі платформаны жүктеп алғысы келетінін айтып, қызығушылық танытты. Жалпы, жастардың осындай белсенділігі және ынта-жігері көңіл қуантады.  width=

– Біздегі көпшілік ЕҚЫҰ секілді ұйымның негізгі қызметін түсінгенімен, оның ішінде қылмысты болдырмауға сеп болатын басқарма барын біле бер­мейтін секілді...

– Дұрыс айтасыз. Одан бөлек бізде адам­дардың көбі әлдебіреудің айтқан сөзін жү­регіне жақын қабылдайды, тіпті жақын адам­дарына тіс жармай, үндемей жүре береді ғой. Олар өздеріне қарсы қылмыс жасал­ғанын алдымен жергілікті ұйымдарға айтса, ал сол ұйымдар бізге байланысқа шықса, мә­селенің шешімін табуға көмектесер едік. Осы ретте айта кетерлік жайт, біз ішкі сая­сат­қа араласпаймыз, соттарға да «бас сұқ­паймыз». Біздің мақсат – қылмысты ашу жол­дары жөнінде ұсыныстар беру. Ал мем­лекет пен полиция өкілдері біздің ұсынысты есеп­ке ала ма, алмай ма, өздері біледі. Былтыр елде сайлау болғанда да Варшавадағы біздің әріптестер сайлау барысын бақылап, ар­тықшылықтары мен кемшіліктерін тізіп жазып, хат жолдады. Біздің де жұмысымыз осындай. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер үшін міндетті заңнамалық күші бар кейбір ере­желер бар. Мемлекет белгілі бір ережені қабыл­дамаса, санкция салынады, ал біз еш­кім­ді міндеттемейміз, бар болғаны мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыру үшін ұсыныстар мен ресурстар әзірлейміз. Тағы бір айта кетерлік жайт, адам қылмысқа итермелейтін себептерді мектеп кезінен білуі ке­рек. Еуропада бір ұлтқа, конфессияға, нәсілге қатысты кемсітушілік жиі болады. Мұн­дай кемсітушілікті жою үшін былтыр бас­тауыш сынып мұғалімдері мен дирек­торларға арнайы силлабус әзірлеген бо­латынбыз. Оқушы «Неге көпшілік ана ұлт туралы былай дейді?» дегендей сұрақтарды тосыннан қойып қалғанда я болмаса тақтаға белгілі бір ұлтқа қатысты суреттер салған жағдайда мұғалім қолдануы тиіс шаралар тізбе­гін ұсындық. Сосын полиция қызметкер­леріне әскери академияда оқып жүргеннен бастап, қылмыс түрлерін ажырата білуді дұрыс­тап оқыту керек. Кейде полиция қыз­мет­керлерінің өзі стереотипке сеніп, ақыр соңында қылмысты ажырата алмай жатады. Мысалы, бір ер адам бір әйелдің затын ұрлап кетті делік, мәселенің түпкі себебін білмеген полиция қызметкерлері оны толығымен зерттемей, ұрлық санатына жатқызады. Ал кейіннен әлгі ер адамның әйелдер қауымын мойындағысы келмейтіні белгілі болады. Ол түрмеден шыққан соң, әйелдерге қарсы тағы қылмыс жасауы әбден ықтимал. Сол себепті қылмыс түрлерін дұрыс ажырата білу керек, сол кезде ғана қылмыс саны азаяды. Ол үшін алдымен полиция қызметкерлері мен про­курорлар қылмысты ажырата білуі тиіс. Былтыр әртүрлі елден келген полиция қызметкерлеріне тренинг ұйымдастырдық. Мен Нидерландтан келген полицеймен бірігіп жұмыс істедім. Сол тренингте поли­цейлерге көп нәрсе үйреттік, тіпті қалжың сөзге мән беру керек екенін баса айттық. «Ойыннан от шығады» демекші, әшейін қалжың сөз, әсіресе қара нәсілділер туралы айтылған әзіл бірте-бірте «ұлғайып», ақыр соңында қылмыс жасауға себеп болуы әбден ықтимал. Жалпы, мұндай тренингтерге тек өкілетті органдар ғана емес, сондай-ақ, студенттер де қатысқан жөн, себебі базалық білімі бар олар да қылмысты болдырмау үшін шаралар жасай алады. Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, біздің ұйымда мұндай басқарма барын көпшілік білмеуі мүмкін. Бірақ ол басқармадағылар қылмысты бол­дырмас үшін түрлі елге барып, тынбай жұмыс істейді. Бірде біздің ұйым мені үш профессормен бірге Албания еліне іссапарға жіберді. Әлгі үшеуінің бірі мұсылмандар, екіншісі христиандар, үшіншісі еврейлер мәселесін зерттеуге жауапты болды. Онда мешіттерді, монументтерді қирату үйрен­шікті жайтқа айналғандықтан, мәселенің түпкі себебін анықтау үшін жергілікті халық­пен, сосын қоғамдық ұйым өкілдері­мен кез­десу өткіздік. Ең соңында министрлік өкіл­дерімен кездестік. Барлық мән жайды ұғы­нып алғаннан кейін репорт жаздым. Сосын профессорлар әлгі репортқа сүйеніп отырып, Албания халқы мұндай қылмыс түрлерін болдырмау үшін не істеу керек екенін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

– Қазір қандай басқармада жұмыс іс­тейсіз?

– Қазір адамдар құқығы жөніндегі бас­қар­мада консультант қызметін атқарамын. ЕҚЫҰ-ға мүше 57 мемлекеттегі адам құ­қы­ғын қорғаушыларға қатысты мәселелермен айналысамын. Бүгінде адам құқығын қор­ғаумен айналысатын адамдарды біреу қол­даса, екіншісі қолдамайды. Әсіресе, әйел құ­қығын қорғайтын адамдарға көпшілік нара­зы болып жатады. Осындай кейстерді зерт­теп, елшілікке, Үкіметке хат жазып, жеке сайт­та ресми мәлімдемелер жасаймыз. Сон­дай-ақ, халықаралық декларация нор­ма­лары­ның орындалуын қадағалаймыз.  width=

– Ендігі мақсатыңыз не?

– Ендігі мақсат – осы салада жоғары бі­лікті, кәсіби шеберлігі шыңдалған маман атану. Ұйымда бейбітшілік және қауіпсіздік мә­селелері бойынша сүбелі шаруалар ат­қарып жүрген мықты мамандар мені жетілуге одан сайын ынталандыра түседі. Осындай халықаралық ұйымда жұмыс істеп жүрген соң, көпұлтты және көпконфессиялы елдер­дегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға атсалысқым келеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, мұнда белгілі бір мәселені шешуде қай елде қандай ілгерушілік бар екенін жиі бай­қай­сың. Сол үздік үлгілер мен бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді. Сондай-ақ, Қазақстандағы ұйымдардың халықаралық ұйымдармен байланыс орнатуына жәрдем­десуді көздеймін.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ