Жаңалықтар

ЕҚЫҰ-дағы үздік бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді

ашық дереккөзі

ЕҚЫҰ-дағы үздік бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді

Әсел Жабағина Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының Варшавадағы кеңсесінде жұмыс істейді. Университетте оқи жүріп, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсе­сінде тағылымдамадан өткен. Еңбек жолын жек көрушілік салдарынан жасалған қылмыс себептерін, оны болдырмау жолдарын анықтайтын ЕҚЫҰ басқармасынан бастаған ол қазір Адам құқығы жөніндегі бас­қар­мада консультант қызметін ат­қарады. ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдегі құқық қорғаушыларды толғандыр­ған мәселені зерттеумен айналысып жүрген Әселге хабарласып, сұхбат­тасқан едік. – Әдетте өнер жолында жүрген адам­дар­дың балалары ата-анасының ізін басып, олардың өнері мен өнегелі ісін жал­ғастырғысы келеді. Сіз де жас­тайыңыз­дан театрға жиі барып, анаңыз­бен бірге гастрольдік сапарға көп шық­қан боларсыз? – Иә, жастайымнан өнерге жақын бол­дым. Мектепте түрлі қойылымдарға қаты­са­тынмын. Анам қырық бес жыл бойы С.Сей­фул­лин атындағы Қарағанды облыстық қа­зақ драма театрында әртіс болып жұмыс іс­тейді. Өзіңіз білетіндей, әртістер ел ішін ара­лап, гастрольдік сапарларға жиі шығады, сол кезде анам мені апта бойы қасына ертіп жүретін. Театрға да жиі барамын. Ағам «Да­рын» мектебінде оқыды, түрлі пәндерді те­рең­детіп оқытатын мектеп болған соң, мен де сол білім ордасына ауыстым. Сөйтіп жүр­генде өнерге деген қызығушылығым кеміп, жаратылыстану ғылымдарына көп ден қоя бастадым. Сосын жоғары базалық білім алу үшін бакалавриатты елде, ал магистратураны шетелде оқимын деп шештім. Сөйтіп, Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Бұл мамандықты таңдаудағы мақ­сатым – өзге елге бармай тұрып, өз елімнің тари­хын әбден зерттеу, оның үстіне, ертең шет­елдіктер Қазақстан туралы бірдеңе сұра­са, білген-түйгенімді іркілместен айтып беруім керек қой. Университетті үздік бітір­ген соң, Еуроодақтың гранты саналатын Erasmus Mundus Joint Masters стипендиясын ұтып алып, бірінші оқу жылын Шотлан­диядағы Глазго университетінде, ал екінші жылы Польшадағы Ягеллон университетінде халықаралық қатынастар факультетінде оқыдым. – Қазақстандағы ұйымдар да жыл сайын есеп жіберіп отыра ма? –Осы жөнінде енді айтқалы отыр едім. Бізге ең көп есепті Еуропа мемлекеттері жібереді, олар жүз беттен тұратын қалың есеп әзірлейді. Ал Орта Азия елдеріндегі ұйымдар мұндай белсенділік танытпайды. Қазақстанда осындай іспен айналысатын ұйымдар саны аз, бәлкім олар әлі жетіле қой­ған жоқ. Бізде ешкім статистика жүргізбейді. Қолымызда нақты дерек болмағандықтан, анализ жасай алмаймыз, ақыр аяғында сырт көзге біздің мемлекетте қылмыс аз болатын секілді көрінеді, ал бірақ елде, өкінішке қарай, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиі бола­тыны белгілі. Қазір бізде қылмыстың мына түрлері жиі жасалады деп нақты кесіп-пішіп айта алмаймын, себебі елдегі қылмыс статис­тикасын білмеймін. Бізге есеп жібере­тіндердің дені – феминистік ұйымдар, басқа ұйымдар жібермейді, сол үшін салыстыра алмаймыз. Дегенмен, ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы байланыс жақсы жолға қойыл­ғанын айта кеткен жөн. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мем­ле­кет тарихындағы маңызды оқиға болға­нын білесіз. Қазақстан ТМД, Азия, мұсыл­ман және түркітілдес әлем елдері арасында бірінші болып төрағалық етті. ЕҚЫҰ-ның бас штаб-пәтері Вена қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, Копенгаген, Женева, Гаага Прага мен Варшавада кеңселері бар. Қалған елдерде арнайы миссиясы ашылған. Қазақстанда да жобаларды жүзеге асыратын арнайы миссия жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қазақстандағы жастар ұйымы да ЕҚЫҰ-мен тығыз байланыс орнатып жатыр. Жастар бастама көтеріп, біз ұйымдастыратын семинарларға қатысуға ниет білдіреді. Бірде семинар ұйымдастыр­ғанда жек көрушілік салдарынан жасалатын қылмыс санын енгізіп, статистика жасауға мүм­кіндік беретін платформа жасап шығар­ғанбыз, сол кезде Қазақстан мен Өзбекстан жастары әлгі платформаны жүктеп алғысы келетінін айтып, қызығушылық танытты. Жалпы, жастардың осындай белсенділігі және ынта-жігері көңіл қуантады. – Ендігі мақсатыңыз не? – Ендігі мақсат – осы салада жоғары бі­лікті, кәсіби шеберлігі шыңдалған маман атану. Ұйымда бейбітшілік және қауіпсіздік мә­селелері бойынша сүбелі шаруалар ат­қарып жүрген мықты мамандар мені жетілуге одан сайын ынталандыра түседі. Осындай халықаралық ұйымда жұмыс істеп жүрген соң, көпұлтты және көпконфессиялы елдер­дегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға атсалысқым келеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, мұнда белгілі бір мәселені шешуде қай елде қандай ілгерушілік бар екенін жиі бай­қай­сың. Сол үздік үлгілер мен бастамаларды Қазақстанға алып келгім келеді. Сондай-ақ, Қазақстандағы ұйымдардың халықаралық ұйымдармен байланыс орнатуына жәрдем­десуді көздеймін.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ