Жаңсақ ақпараттың залалы дауасыз дерттен кем түспей тұр

Жаңсақ ақпараттың залалы дауасыз дерттен кем түспей тұр

Жаңсақ ақпараттың залалы дауасыз дерттен кем түспей тұр
ашық дереккөзі

Коронавирусқа қарсы вакциналардың егіле бастағанына да жарты жылға жуықтады. Бірақ екпе алғандар туралы статистикалық деректерге қарап, күзге дейін 10 миллион халықты қамтимыз деген жоспардың орындала қоймайтынын байқау қиын емес.

Вакциналау процесі не­ліктен баяу жүріп жатыр? Мамандар мен министрлік тарапынан қаншама түсін­діру жұмыстары жүргізілсе де, осы уақытқа дейін халық­тың вакцинаға деген сенімі орнықпауында кілтипан бар ма немесе антиваксер болуға не итермелейді? Осы және өзге де вакцинаға қатысты сауал­дарға жауап іздеп кө­рейік.

Антиваксерлер деген кімдер?

Қазір тек біздің қоғам ғана емес, жалпы адамзат ваксерлер және антиваксерлерге яғ­ни вакцинаны қолдайтындар мен оған қар­сы болып бөлінгенін байқауға болады. Антиваксерлер дамыған және дамушы ел­дерде де бар. Бірақ жалпы дүниежүзі бойын­­­­­ша олардың үлесі әлем халқының 5 пайыз­ына жетеқабыл ғана деген ақпарат та кездеседі. Десек те, коронавирусқа қар­сы вакциналарға теріс көзқарастағы адам­дар мен олардың пікірлері қазір өте көп талқыланатын тақырыпқа айналып отыр. Алдымен антиваксер болуға итерме­лейтін көзқарастарға шолу жасап көрейік. Осы жерде айта кететін мәселе, COVID-19-ға қарсы вакцинаға теріс көзқарастағылар кө­бінесе басқа вакциналарға сенім біл­діре­тінін аңғару қиын емес. Оған вакцина уақыт өте келе адамның денсаулығына зиян келтіріп, өлімге әкеп соғады деген көз­­қарас ықпал ететін сияқты. Оның сыр­тында жалпы коронавирустың өзі де сон­дай мақсатта жүргізіліп жатқан саясат деген жалпы түсінік жатыр. Сонымен, антиваксерлердің арасында ең көп тараған түсінік – «вакцина өлімге әкеледі». Немесе мұның астарында сыртқы күш­терден (көбінесе бұл –мемлекет не­месе әлемді уысында ұстап отырған билік иелері) қорқу болады. Антиваксерлер вакцина қауіпті, тіпті өлімге әкеледі деп санайды. Олар билік вакцинаның жанама әсерлері мен одан болған өлім-жітімді жасырады деген пікірде. Бұл пайымдарын олар жер бетіндегі халықтың саны көбейіп кеткенін, індет пен вакцина адамзаттың санын азайту үшін жүргізіліп жатқан астыр­тын саясат деген аргументпен дәйек­тейді. Одан кейінгі ең көп тараған «сенім» – «вакцина арқылы чиптейді» немесе мұны өз өмірін бақылаудан шығарып алуға қор­қу деп айтуға болады. Мұндай пікір­дегілер екпемен бірге белгілі бір жасырын мақсаты бар чип енгізіледі деп есептейді. Біреулер психикалық қабілеттерді басқару үшін, екіншілері не істеп не қойғаныңды, қайда барғаныңды бақылау үшін, ал енді біреулер ойды өзгертіп, сананы басқару үшін чип салынады деп ойлайды. Одан кейін діни ұстанымға байланысты вакцинадан бас тартушылар да бар, бірақ олар тек коронавирусқа қарсы екпеге ғана емес, жалпы вакцина атаулыға қарсы. Кең тарала қоймаған, бірақ айтылып жүр­ген сенімдердің бірі – «вакцина сал­дыр­ған адамдар ауру таратады». Яғни олар вак­цина алған адамдармен байланыста болғанда біртүрлі өзгерістерге ұшырайды деген пікірге сенеді. Оған қоса, вакцина алғандар да індет жұқтырып жатыр деген ақпарат халықтың вакцинаға деген се­німіне селкеу түсіріп отыр. Осыған қа­тыс­ты дәрігер, медицина сарапшысы Қайыр­ғали Көнеевтің пікірін білдік.  width= Қайырғали КӨНЕЕВ, дәрігер, медицина сарапшысы:

Екпе алғандар да вирус жұқтыруы мүмкін, бірақ ауруды жеңіл өткереді

– Иә, вакцина алғандардың арасында да вирус жұқтырғандар бар, бірақ олар ауруды жеңіл өткеріп жатыр. Вакцина – дү­ниежүзі бойынша індетті тоқтататын жалғыз жол деп қарастырылып отыр және оның растығына статистикалық мәлімет­тер арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы Үн­дістанды алайық, бұл ел тек 200 мил­лион халықты вакциналауға қауқарлы болып отыр. Бұл Үндістанның жалпы халқының 10 пайызына да жетпейді. Көп­теген елдің халқы өзінде вакцина та­у­сылғандықтан, көрші елдерге барып алып жатыр. Ал бізде керісінше, вакцина пас­портын сатып алып, екпеден қашып жүргендер көп. Бұл – мүлде дұрыс емес, себебі, біріншіден жалған вакцина пас­портын жасатқандар денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлықтың тамыр жаюына ықпал етіп жатыр, екіншіден олар вакциналанған адам ретінде тіркелгендік­тен, олардың вирус жұқтыруы вакцинаға деген сенімге нұқсан келтіріп, дискреди­тацияға ұшыратып отыр. Яғни тек халық арасында ғана емес, мемлекеттік мекемелер мен ғылыми орталықтарда да вакцинаның тиімділігіне қатысты теріс көзқарас қа­лыптасады, – дейді дәрігер.
 width= Әлеуметтік желіде болмасын, шынайы әң­гіме барысында болмасын, вакцина тура­лы негатив ақпаратқа сенетіндер көп екені байқалады. Тіпті ел алдында жүрген таны­мал адамдар, әсіресе шоу бизнес өкілдерінің арасында халықты вакцинаға қарсы та­банды түрде үгіттеп жүрген антивак­сер­лер жетерлік. Халық та маманның емес, жар­қырап, күнде көрініп жүрген танымал адам­дардың сөзіне сенетінін вакцина өн­діру саласының маманы Батырбек Айтжанов та растап отыр.  width= Батырбек АЙТЖАНОВ, Вакцина өндіру саласының маманы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі:
– Қоғамда әлі де болса вакцина туралы түсінік бұлыңғыр. Халық вакцина туралы небір жағымсыз ой-пікірге сеніп алған. Маман айтты ма, жоқ екпеден мүлде ха­бары жоқ адам айтты ма, мән бермейді. Бі­реулер оны дәрі екен, ауруға шипа екен деп ойласа, енді біреулер керісінше зиян екен, ДНҚ-ны өзгертіп жібереді дегенге се­неді. Тіпті чиптеп жатыр, осы арқылы қы­рып жатыр дегенге де иланып жатыр. Қан­дай ел, қандай үкімет өз халқына қас­тық ойлайды? Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, вакцинадан ДНҚ өзгермейді. Екпе арқылы чиптеуге немесе ДНҚ өз­гертуге ғылымның әлеуеті де жете қойған жоқ. Екпе жасушаға барса да, оның ядро­сына бара алмайды. Адамның ДНҚ-сы, генетикалық материалы ядроның ішінде болады. Оның бәрі – бос сөз. Қазір вакци­наның не екенін білмейтін, бұл саладан хабары жоқ адамдар да ақыл айтып кетті. Бір-бірінен естігенін айтады, сөйтіп халық­ты жалған ақпаратпен адастырып жатыр. Желіде тараған кез келген жел сөзге емес, нақты мамандардың сөзіне сенген дұрыс. Шын мәнінде адамзатқа расымен қастық ұйымдастырылатын болса, оны індет таратып, вакцина арқылы іске асырудан гөрі әлдеқайда оңай әрі сездірмейтін жол­дары көп деп айтар едім, – дейді маман.
Расында да біздің қоғамда нақты бір саланың мамандарының айтқанынан гөрі жұлдыздардың пікірі өтімдірек екені жасырын емес. Оларға мұндай құдіретті әлеуметтік желі беріп отыр. Қазір қаншама мил­лион халық оқитын кей өнер адам­дары, блогерлер дәлелденбеген ақпарат таратып жатыр. Халық арасында вакцинаға қарсы пікірлердің сан алуан болуына бұл да қатты әсер етіп жатқанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Оған қоса дәрігерлер мен медицина мамандарының атын жамылып, қисынсыз мәлімет таратушылар да көп бүгінде. Осы мәселеге қатысты психолог маманның пікірін білген едік. Маманның пікірінше, жауапты мемлекеттік мекемелер халықпен жұмыс істеу бойынша баяу әре­кет етіп жатқан көрінеді.  width= Ержан МЫРЗАБАЙ, психолог:

Мамандар мен мемлекеттік мекемелер ақталушы позицияға түсіп қалды

– Ең алдымен, жалпы психологиялық тұр­ғыдан адам қандай нәрсеге қарсы бо­лады? Егер сол мәселе жайлы толық­қан­ды ақ­парат білмесе. Яғни бұл жағдайда жауап­ты мемлекеттік мекемелер халықпен жұ­мыс істеу бойынша баяу әрекет етіп жа­тыр. Дұрыс, нақты, толыққанды ақпараттың аз­ды­ғынан халық «чип салады», «ауру бо­лады» деген сияқты түрлі сөздерге сеніп, вак­цина алудан бас тартып жатыр. Жалпы адам табиғатынан негатив ақпаратқа сен­гіш келеді. Бір жағынан мемлекеттік ме­кемелер «вакцина салдыру керек, ол біздің денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды» десе, екінші жақтан сол са­ланың маманы болмаса да, блогерлер, ән­шілер, танымал тұлғалар «вакцина сал­дырмаңдар, оның ішінде чип бар, бізді өлтіреді» деген сияқты мәлімет таратып жатыр. Бір блогердің, яғни танымал адам­ның бірнеше миллиондық аудиториясы болады. Оның айтқан сөзі, жариялаған посты тікелей сол адамдарға жетіп, көп жағдайда шынайы ақпараттың алдын орап кетіп жатады. Сонымен қатар ақпараттық күресте мы­надай бір маңызды фактор бар: ақ­паратты кім бірінші жеткізсе, халық кө­бінесе соған сенеді. Яғни қоғамға ықпалы бар адам бір ақпаратты елге жарияласа, оны жоққа шығарушы екінші тарап ақ­талып жатқан сияқты көрінеді. Мем­лекеттік мекемелер «Вакцинада чип бар, салдырмаңдар» деген мәліметке «Жоқ, оның ішінде чип жоқ, біз қазір сізге түсін­діреміз, олай ойлап қалмаңыздар, негізі былай...» деген сайын ақталушы позицияға түсіп қалып отыр. Сондықтан, біріншіден жауапты мемлекеттік органдар, екіншіден осы саланың мамандары, дәрігерлер, виру­сологтар, иммунологтар белсенді түрде халықпен жұмыс істеуі керек. Одан кейін мемлекеттік мекемелерге қарағанда жеке тұлғаларға қызығушылық көбірек болады, сол да ескерілуі керек. Денсаулық сақтау са­ласында да сөзіне халық сенетін тұл­ғалар бар.
Сонымен қатар маман жалған ақпарат тарату заңмен қудалануы керек екенін айтты.
Тағы бір айта кететін нәрсе – фейк ақ­па­рат пен шын ақпарат ешуақытта бірдей тарала алмайды, яғни жалған ақпарат тез жайы­лады. Менің ойымша, құзырлы ор­ган­­дар танымал екеніне қарамай, жалған ақ­­парат жариялағандарды жауапкер­ші­лікке тартуы керек. Сол кезде өзіне мүлдем қа­ты­сы жоқ салаға қатысты ақпарат тара­та­­тындар азаяр еді. Ең бастысы – осы. Өз са­ла­сына қатысы жоқ мәселеге қатысты пікір айтатындарды өз басым мүлде түсін­беймін әрі осы уақытқа дейін вакцина тура­лы негізсіз үгіт-насихат жүргізіп жүр­гендердің неліктен жауапкершілікке тар­тылмағанына да таңғаламын. Әрине, де­мокра­тиялық елде өмір сүріп жатырмыз, пікір білдіруге әркімнің де құқығы бар еке­нін ұмытпауымыз керек. Бірақ, бұл – тексеріл­меген, негізсіз ақпаратты таратуға болады деген сөз емес, – деп түйіндеді Ержан Мыр­забай.
«Жалпы жалған ақпарат таратқандар қалай жауапқа тартылады, вакцинаға қа­тыс­ты жалған үгіт-насихат жүргізіп жүр­ген­­дер жазаланбай ма?» деген сұраққа жауап іздеп, заңгер маманның пікірін біл­ген едік.

Жалған ақпарат таратқандар жазалана ма?

 width= Айсана СМАН, адам құқықтары жөніндегі сарапшы, заң ғылымдарының докторы:

Ақпараттың ажиотаж тудырғаны дәлелденсе, барлығы заңмен реттеледі

– Қазір ғаламторда немесе әлеуметтік желілерде белгілі бір ақпарат таралады және соған қарай халықтың, белгілі бір ау­диторияның реакциясы пайда болады. Әсіресе, осы коронавирусқа қатысты, вак­цинаға қатысты кез-келген ақпарат белгілі бір реакция туындатады деп айтуға болады. Ақпаратты таратқан адам өз сөзіне жауапкершілікпен қарауы керек, себебі әр айтқан, әр жазған мәлімет заңнамалық жауап­кершілік аясында қаралады. Ол қан­дай жауапкершілік? Ақпарат туралы заңда ажиотаж тудыратын ақпарат заңмен реттеледі деп жазылған. Мысалға тара­тылған ақпарат негізсіз болса және ол қо­ғамдағы бейберекеттікке, тұрақсыз­дық­қа алып келсе, мұндай ақпарат заңмен рет­теледі. Яғни ақпараттың ажиотажға ұлас­қаны дәлелденсе, ақпарат таратушы мін­детті түрде әкімшілік жауапкершіліке тар­тылады, – дейді сарапшы.

ДДСҰ: Вакцина жыл сайын әлем бойынша 4-5 миллион адамның өмірін сақтайды

3 тамыз күні өткен Үкімет отырысында Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина алуы тиіс халықтың 55 пайызы, яғни 5 миллионнан астам халық коро­на­вирус­қа қарсы вакцинаның бірінші доза­сын салдырғанын мәлімдеді. Ал вакци­наны толық алғандардың үлесі 39,8 пайыз­ға енді жетті. Өткен айда Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев корона­вирус­қа қарсы вакцинаға теріс көзқарастағы адамдар туралы пікір айтып, батыстың кей­бір дамыған елдері мәжбүрлеу шара­ларына көшіп жатқанын да тілге тиек еткен еді. Күні кеше Германия мен Фран­ция­да осындай мәжбүрлі вакцинаға қарсы наразылық шеруі өтті. Антиваксерлер «армиясының» өкілдері Америкада да бар. Жақында америкалық The New York Times басылымы халқының 60 пайыздан астамы вакцина алған және екпе салдырған тұр­ғындар үлесі 30 пайыздан аспайтын АҚШ елді мекендерін салыстырған зерттеу материалын жариялады. Зерттеу нәтижесі бойынша вакцина салдыру белсенділігі төмен аймақтарда індет жұқ­тыру көр­сеткіші 2 есе, ал өлім-жітім 4 есе көп болып шыққан.  width=

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша вакцина жыл сайын әлем бойынша 4-5 миллион адамның өмірін сақтайды. Аурулардың алдын алу бойынша ешқандай тәсіл дәл вакцина сияқты тиімді болмаған екен. Жалпы, вакцина атаулының адамзат баласына таңсық еместігі аргумент ретінде айтылып келе жатқанына көп болды. Бірақ, қазіргі ахуалға қарап бағамдар болсақ, жалған ақпарат және оның салдарымен күресу індетпен күресуден кем түспейтін сияқты.