Жаңалықтар

Жаңсақ ақпараттың залалы дауасыз дерттен кем түспей тұр

ашық дереккөзі

Жаңсақ ақпараттың залалы дауасыз дерттен кем түспей тұр

Коронавирусқа қарсы вакциналардың егіле бастағанына да жарты жылға жуықтады. Бірақ екпе алғандар туралы статистикалық деректерге қарап, күзге дейін 10 миллион халықты қамтимыз деген жоспардың орындала қоймайтынын байқау қиын емес. Вакциналау процесі не­ліктен баяу жүріп жатыр? Мамандар мен министрлік тарапынан қаншама түсін­діру жұмыстары жүргізілсе де, осы уақытқа дейін халық­тың вакцинаға деген сенімі орнықпауында кілтипан бар ма немесе антиваксер болуға не итермелейді? Осы және өзге де вакцинаға қатысты сауал­дарға жауап іздеп кө­рейік. Антиваксерлер деген кімдер? Қазір тек біздің қоғам ғана емес, жалпы адамзат ваксерлер және антиваксерлерге яғ­ни вакцинаны қолдайтындар мен оған қар­сы болып бөлінгенін байқауға болады. Антиваксерлер дамыған және дамушы ел­дерде де бар. Бірақ жалпы дүниежүзі бойын­­­­­ша олардың үлесі әлем халқының 5 пайыз­ына жетеқабыл ғана деген ақпарат та кездеседі. Десек те, коронавирусқа қар­сы вакциналарға теріс көзқарастағы адам­дар мен олардың пікірлері қазір өте көп талқыланатын тақырыпқа айналып отыр. Алдымен антиваксер болуға итерме­лейтін көзқарастарға шолу жасап көрейік. Осы жерде айта кететін мәселе, COVID-19-ға қарсы вакцинаға теріс көзқарастағылар кө­бінесе басқа вакциналарға сенім біл­діре­тінін аңғару қиын емес. Оған вакцина уақыт өте келе адамның денсаулығына зиян келтіріп, өлімге әкеп соғады деген көз­­қарас ықпал ететін сияқты. Оның сыр­тында жалпы коронавирустың өзі де сон­дай мақсатта жүргізіліп жатқан саясат деген жалпы түсінік жатыр. Сонымен, антиваксерлердің арасында ең көп тараған түсінік – «вакцина өлімге әкеледі». Немесе мұның астарында сыртқы күш­терден (көбінесе бұл –мемлекет не­месе әлемді уысында ұстап отырған билік иелері) қорқу болады. Антиваксерлер вакцина қауіпті, тіпті өлімге әкеледі деп санайды. Олар билік вакцинаның жанама әсерлері мен одан болған өлім-жітімді жасырады деген пікірде. Бұл пайымдарын олар жер бетіндегі халықтың саны көбейіп кеткенін, індет пен вакцина адамзаттың санын азайту үшін жүргізіліп жатқан астыр­тын саясат деген аргументпен дәйек­тейді. Одан кейінгі ең көп тараған «сенім» – «вакцина арқылы чиптейді» немесе мұны өз өмірін бақылаудан шығарып алуға қор­қу деп айтуға болады. Мұндай пікір­дегілер екпемен бірге белгілі бір жасырын мақсаты бар чип енгізіледі деп есептейді. Біреулер психикалық қабілеттерді басқару үшін, екіншілері не істеп не қойғаныңды, қайда барғаныңды бақылау үшін, ал енді біреулер ойды өзгертіп, сананы басқару үшін чип салынады деп ойлайды. Одан кейін діни ұстанымға байланысты вакцинадан бас тартушылар да бар, бірақ олар тек коронавирусқа қарсы екпеге ғана емес, жалпы вакцина атаулыға қарсы. Кең тарала қоймаған, бірақ айтылып жүр­ген сенімдердің бірі – «вакцина сал­дыр­ған адамдар ауру таратады». Яғни олар вак­цина алған адамдармен байланыста болғанда біртүрлі өзгерістерге ұшырайды деген пікірге сенеді. Оған қоса, вакцина алғандар да індет жұқтырып жатыр деген ақпарат халықтың вакцинаға деген се­німіне селкеу түсіріп отыр. Осыған қа­тыс­ты дәрігер, медицина сарапшысы Қайыр­ғали Көнеевтің пікірін білдік. Әлеуметтік желіде болмасын, шынайы әң­гіме барысында болмасын, вакцина тура­лы негатив ақпаратқа сенетіндер көп екені байқалады. Тіпті ел алдында жүрген таны­мал адамдар, әсіресе шоу бизнес өкілдерінің арасында халықты вакцинаға қарсы та­банды түрде үгіттеп жүрген антивак­сер­лер жетерлік. Халық та маманның емес, жар­қырап, күнде көрініп жүрген танымал адам­дардың сөзіне сенетінін вакцина өн­діру саласының маманы Батырбек Айтжанов та растап отыр. Ержан МЫРЗАБАЙ, психолог: Мамандар мен мемлекеттік мекемелер ақталушы позицияға түсіп қалды – Ең алдымен, жалпы психологиялық тұр­ғыдан адам қандай нәрсеге қарсы бо­лады? Егер сол мәселе жайлы толық­қан­ды ақ­парат білмесе. Яғни бұл жағдайда жауап­ты мемлекеттік мекемелер халықпен жұ­мыс істеу бойынша баяу әрекет етіп жа­тыр. Дұрыс, нақты, толыққанды ақпараттың аз­ды­ғынан халық «чип салады», «ауру бо­лады» деген сияқты түрлі сөздерге сеніп, вак­цина алудан бас тартып жатыр. Жалпы адам табиғатынан негатив ақпаратқа сен­гіш келеді. Бір жағынан мемлекеттік ме­кемелер «вакцина салдыру керек, ол біздің денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды» десе, екінші жақтан сол са­ланың маманы болмаса да, блогерлер, ән­шілер, танымал тұлғалар «вакцина сал­дырмаңдар, оның ішінде чип бар, бізді өлтіреді» деген сияқты мәлімет таратып жатыр. Бір блогердің, яғни танымал адам­ның бірнеше миллиондық аудиториясы болады. Оның айтқан сөзі, жариялаған посты тікелей сол адамдарға жетіп, көп жағдайда шынайы ақпараттың алдын орап кетіп жатады. Сонымен қатар ақпараттық күресте мы­надай бір маңызды фактор бар: ақ­паратты кім бірінші жеткізсе, халық кө­бінесе соған сенеді. Яғни қоғамға ықпалы бар адам бір ақпаратты елге жарияласа, оны жоққа шығарушы екінші тарап ақ­талып жатқан сияқты көрінеді. Мем­лекеттік мекемелер «Вакцинада чип бар, салдырмаңдар» деген мәліметке «Жоқ, оның ішінде чип жоқ, біз қазір сізге түсін­діреміз, олай ойлап қалмаңыздар, негізі былай...» деген сайын ақталушы позицияға түсіп қалып отыр. Сондықтан, біріншіден жауапты мемлекеттік органдар, екіншіден осы саланың мамандары, дәрігерлер, виру­сологтар, иммунологтар белсенді түрде халықпен жұмыс істеуі керек. Одан кейін мемлекеттік мекемелерге қарағанда жеке тұлғаларға қызығушылық көбірек болады, сол да ескерілуі керек. Денсаулық сақтау са­ласында да сөзіне халық сенетін тұл­ғалар бар. Сонымен қатар маман жалған ақпарат тарату заңмен қудалануы керек екенін айтты. Тағы бір айта кететін нәрсе – фейк ақ­па­рат пен шын ақпарат ешуақытта бірдей тарала алмайды, яғни жалған ақпарат тез жайы­лады. Менің ойымша, құзырлы ор­ган­­дар танымал екеніне қарамай, жалған ақ­­парат жариялағандарды жауапкер­ші­лікке тартуы керек. Сол кезде өзіне мүлдем қа­ты­сы жоқ салаға қатысты ақпарат тара­та­­тындар азаяр еді. Ең бастысы – осы. Өз са­ла­сына қатысы жоқ мәселеге қатысты пікір айтатындарды өз басым мүлде түсін­беймін әрі осы уақытқа дейін вакцина тура­лы негізсіз үгіт-насихат жүргізіп жүр­гендердің неліктен жауапкершілікке тар­тылмағанына да таңғаламын. Әрине, де­мокра­тиялық елде өмір сүріп жатырмыз, пікір білдіруге әркімнің де құқығы бар еке­нін ұмытпауымыз керек. Бірақ, бұл – тексеріл­меген, негізсіз ақпаратты таратуға болады деген сөз емес, – деп түйіндеді Ержан Мыр­забай. «Жалпы жалған ақпарат таратқандар қалай жауапқа тартылады, вакцинаға қа­тыс­ты жалған үгіт-насихат жүргізіп жүр­ген­­дер жазаланбай ма?» деген сұраққа жауап іздеп, заңгер маманның пікірін біл­ген едік. Жалған ақпарат таратқандар жазалана ма? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша вакцина жыл сайын әлем бойынша 4-5 миллион адамның өмірін сақтайды. Аурулардың алдын алу бойынша ешқандай тәсіл дәл вакцина сияқты тиімді болмаған екен. Жалпы, вакцина атаулының адамзат баласына таңсық еместігі аргумент ретінде айтылып келе жатқанына көп болды. Бірақ, қазіргі ахуалға қарап бағамдар болсақ, жалған ақпарат және оның салдарымен күресу індетпен күресуден кем түспейтін сияқты.