Әжесімен ренжісіп қалған: үйінен қашып кеткен 8 жасар бала табылды

Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық полиция басқармасына қала тұрғыны келіп, баласының жоғалып кеткені туралы өтініш жазды.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкерлері баланың әжесімен ренжісіп қалғаннан кейін күндізгі уақытта үйінен кетіп, қайта оралмағанын анықтады.

Кәмелет жасына толмаған баланы іздеу жұмысы басталып кетті. Ювеналдық полиция инспекторлары қала аулалары, көшелер мен құдықтарды тексерді. Баланың баруы мүмкін орындары тексеріліп, көршілер мен жолаушылар сұрастырылды. Іздеу шаралары барысында түнгі уақытта полицейлер баланы көшеден тапты. Тәртіп сақшылары кәмелет жасына толмағандардың осы уақытқа дейін қалада қыдырып жүргенін анықтады. Полицейлер баланы тұрғылықты жеріне жеткізіп, ата-анасына тапсырды.

«Балалардың үйден қашып кету оқиғалары жиі тіркеледі. Біз қайғылы оқиғалар орын алғанда уайымдап, балалар үйге аман-есен оралғанда қуанамыз. Ата-аналардан мұқият болуын сұраймыз. Егер балаңыз үйден кетіп қалса, бірден полицияға хабарлаңыз», – дейді Сарыарқа аудандық полиция басқармасының бастығы Қуаныш Орынбетов.

Back to top button