6 тамыз: маңызды оқиғалар күнтізбесі

6 тамыз: маңызды оқиғалар күнтізбесі

6 тамыз: маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
2003 жылы 6 тамызда Жамбыл облысының Қаратау қаласында фосфор саласының кеншілеріне арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. 1937 жылғы бірінші геологиялық барлау экспедициясы кезінде Қаратау фосфорит алабының көлемі, сапасы және сипаты анықталды, ал 1941 жылы оларды өнеркәсiптiк игеру басталды. Бұл жерде бастапқысында Шолақтау кенті пайда болған, кен-химия комбинаты салынды, инфрақұрылым саласы дамыды, халықтың саны өсті. Кейіннен, 1963 жылы ауылға қала дәрежесін беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі Қаратау «Қазфосфат» ЖШС-ның бөлімшесі болып табылатын кен-химия комбинатының іске қосылуының арқасында ұзақ жылдардағы тоқыраудан кейін қайтадан жаңғырып келеді. 2012 жылы Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында жеңіл атлетика жарысында әйелдер арасында үш қарғып секіруден қазақстандық спортшы Ольга Рыпакова үздік өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. 2014 жылы белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген Алтайдағы археологиялық қазба жұмыстары барысында шамамен VII ғасырда өмір сүрген 40 жастағы сарбаздың сүйегі табылды. Жауынгердің денесінің қасынан VII ғасырға тиесілі қару-жарағы атап айтқанда, дулыға, садақ, жебе, қорамсақ, қылыш сонымен қатар, аттың сүйектері мен алтын жалатылған ер-тұрман, жүген табылды. Сондай-ақ, сарбаздың қасына қобызға ұқсас музыкалық аспаптың қойылуы археологиялық қазба жұмысының басты жаңалығы болып отыр. Ескерткіш Түркі Академиясының «Батыс Түрік қағанатының мемлекеттік құрылымы» атты ғылыми-зерттеу жобасы негізінде қазылған. 2014 жылы Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер кабинетінің қайта құрылатындығын жария етті. Үкіметтің жаңа құрылымы – 12 министрлік пен 30 комитет. Ал барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрлік қарамағына кірді. 2014 жылы Қазақстан Республикасының Сингапур мен Аустралиядағы елшісі қызметін қоса атқарушы Ерлан Баударбек-Қожатаев және Аустралия Парламенті Өкілдер Палатасының спикері Бронвин Бишоп Виктория штатының Мельбурн қаласында (Аустралия) Қазақстанның құрметті консулдығын ресми түрде ашты. Құрметті консул патенті Аустралияның қазақстандық қоғамдастығының негізін қалаушы және Қазақстан-Аустралия сауда-өнеркәсіп палатасының президенті, аустралиялық кәсіпкер Эндрю Фернихоға табысталды. 2018 жылы Өскеменде Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында жүргізілген археологиялық зерттеулердің алғашқы нәтижелері жарияланды. Ол – Шығыс Қазақстан жерінен табылған бесінші «Алтын адам». Барлық алтын бұйымдар сол күйінде сақталған. Ол біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырға жататын Ерте сақ дәуірінің мұрасы. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамнан» да көне. Екеуінің арасында 3 ғасыр айырмашылық бар. Осылайша араға 50 жыл салып қазақ даласынан екінші рет тоналмаған «Алтын адам» табылды. 2018 жылы шахматтан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Азия Ұлттар кубогында 12 медаль еншіледі. Иранның Хамадан қаласында өткен додада біздің шахматшылар 2 алтын, 2 күміс және 8 қола медаль алды. Алтын медаль иегерлері – Ринат Жұмабаев пен Гүлісхан Нахбаева.