Бес мемлекет Еуроодақтың Ресейге қатысты санкцияларын созуды қолдады
Бес мемлекет Еуроодақтың Ресейге қатысты санкцияларын созуды қолдады
Албания, Лихтенштейн, Норвегия , Украина және Черногория Еуропалық одақтың Ресейге қарсы санкцияларын 2017 жылдың 15 наурызына дейін созуын қолдады. Осыған қатысты мәлімдеме еуропалық дипломатия басшысы Федерика Могеринидің баспасөз қызметі сайтында жарияланды.
Хабарламада бес елдің мұндай шешімін Еуроодақ қолдайтыны айтылған.
Ресейге қатысты санкциялар 2014 жылы жазда Қырымның аннексиялануы мен Мәскеудің басқыншылық әрекетіне қарсы енгізілді. Санкциялар ресейлік экономиканың қаржы және энергетика секторларына қарсы бағытталған, шектеулер мерзімі әр алты ай сайын созылып отырады.
Еуропалық одақ Кеңесі қыркүйекте 146 ресейлікке және 37 ресейлік компанияға қатысты санкцияларын 2017 жылдың 15 наурызына дейін созды. Бұдан бөлек Ресейге қатысты АҚШ-тың экономикалық шектеулері жұмыс істейді.