Карантинде көлік бизнесі қалай дамыды?

Карантинде көлік бизнесі қалай дамыды?

Карантинде көлік бизнесі қалай дамыды?
ашық дереккөзі

Алты құрлыққа ауыз салған короновирус індетінен зардап шеккен сала көп. Солардың бірі – көлік нарығы. Төтенше жағдай жариялағаннан бері автобизнес саласы әлсіреді. Тұтынушылардың саны күрт төмендеп, ел экономикасы бәсеңдеді. Бірақ көлік бағасы көтерілмесе, түскен жоқ. Тиісінше бәсеке артты. 2021 жылы көлік бағасы тағы да өседі деген болжам шындыққа айналды. Еліміздегі көлік нарығының көлеңкелі тұсын темір тұлпар тізгіндеп, жүрген азаматтар мен сарапшылардан анықтадық.

Автокөлік саласы – қазақстандық нарықтағы ең әлсіз сегменттің бірі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінше, былтыр қазақстандықтар 93 мың жаңа автокөлік сатып алған. Автоөнеркәсіп саласының Қазақстанның жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі – 612,8 млрд теңге. Соған сәйкес, жаңа автомобильдер нарығы 24 пайызға артты. Белгілі болғандай, Қазақстанда сатылған әрбір үш автомобильдің екеуі – отандық өнім. Пандемияға байланысты туындаған барлық қиындықтарға қарамастан, 2020 жылы Қазақстанда өсім тоқтаған жоқ және ол әлемдегі ең жақсы көрсеткіштердің бірі болған. Былтыр «Жыл оқиғасы» аталымына ие болған екі ірі өндіріс орнының ашылуы сөзіміздің дәлелі. Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында Chevrolet автомобильдерін шығару жолға қойылып, қысқа уақыт ішінде еліміздегі ең жоғары өсім көрсетті. Бұл аз десеңіз, 2020 жылғы Қазақстандағы ең танымал брендтер қатарына енді. Сәуір айында Алматыда Hyundai жеңіл автокөліктері, ал желтоқсанда Қарағанды облысында Yutong автобустары шығарыла бастады. Нарық пен саланың даму перспектив-активацияларының айқын көрінісі. Сонымен қатар, автоөнеркәсіп өндірістік қуатын кеңейтіп, шығарылатын өнімнің экспорты мен локализациясын арттыру да көзделді. ҚАБҚ болжамы бойынша жыл аяғына дейін 100-120 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль өз иесін табады. Айтып айтпай не керек, жол талғамайтын көлік құрастыруға, қымбат көлік мінуге  аңсарымыз ауатыны жасырын емес. Дүниежүзі жанармайды «қасықтап» жұтатын көлікті нарыққа шығарып жатқанда, біздің ел «шелектеп» жұтатын қымбат көліктерге әуес. Алайда бір шаруаны бастамас бұрын ішкі экономикаға үңілген жөн. Кез келген ірі жобаны ел экономикасы көтере бермейді. Соның кесірінен кейбір шаруалардың аяғы сұйылып кетеді. Қайбір жылы Елбасының өзі жол талғамайтын көліктер кептелістің артуына сеп болып отырғанын айтып, жанармайға үнем болатын шағын көліктерді мінуге кеңес бергені ел есінде. Алайда қымбат көліктерден түскіміз жоқ. Қала ішінен шетелдік көліктердің көрмесін көруге болады. Жалпы, елімізде көлік өндірісі жөнінде біраз түйінді мәселе көп. Шетелдік көліктерді рәсімдеу, көлікті утилизациялау, бағаның шарықтауы, төленетін салыққа байланысты сауал күн тәртібіндегі жиі көтерілетін тақырып.                                              ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТЕН КЕЛЕТІН ҚАУІП Былтыр Мемлекет басшысы: «Біздің азаматтар Ресей мен Қырғызстаннан сенімхат арқылы автокөлік  сатып алады. Кейін автокөліктерін елде тіркемей жүреді. Біздің елдің азаматтары Қазақстанның заңнамасын бұза отырып, Арменияда техникалық құжат рәсімдейді. Елге кіргізіліп жатқан авкөліктердің басым бөлігі есепке алынбайды. Осыған байланысты  Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беруді тапсырамын!», – деді Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Қазақстандықтар тарапынан Ресейдің көліктеріне таңдау жиі түсетінін көз көріп, құлақ естіп жүр. Өйткені, ресейлік көліктердің бағасы қолжетімді. Сапасы еуропалық темір тұлпарлармен теңесе алмағанымен ақауын жөндеп, ебін тауып, кәдеге жаратып жүр. Ескіні жаңалаймын деп жүріп,  қауіпсіздік қаперден шыығп жатады. Ал енді шетелдік көлікке неге құмармыз деген сұрақты талдап көрейік. Отандық өндіріс өрге жүзгенімен, отандастар үшін қолжетімсіз болып тұр. Елімізде құрастырылған көліктердің құны 5-6 миллион теңгеден басталып, шарықтай береді. Несиеге алып, үздіксіз 10-15 жыл төлеймін деп тәуекел етсеңіз, онда әңгіме басқа. Алайда көп сумма несие алуға ешкімнің жүрегі дауаламайтыны анық. Су жаңа темір тұлпар тізгіндеп жүргендердің дені – бастапқы жарна жинағандар, немесе несиеге алғандар. Автокөліктің қай кезеңдегі бағасын алып қарасаңыз да, қазіргімен бірдей. Тек доллардың теңгеге шаққандағы бағамына қатысты айырмашылық бар. Теңгенің құнсыздануы – елдегі автокөлік бағасының шарықтап кетуіне тікелей әсер етіп отырған фактор. Отандық автомобиль құрастыратын зауыттарды қолдау мақсатында мемлекет арнайы бағдарлама енгізді. Бұл арқылы көпшілік қауым жаңа автокөліктерге қол жеткізе алады. Көлік шығару үшін қажет механизмдер мен техникалар қалыптаспағандықтан бағаның өсуі қалыпты жағдай. Халық та осыны түсіну керек. «Отандық өнім» деп меншіктеп жүрген материалдардың бәрі – сырттан әкелінген дайын өнімдер. Тек бізде автокөліктердің кейбір элементтері ғана құрастырылады. Отандық көлік мініп жүргендер арасында сын да, дау да көп. Бағасы мен сапасы сәйкеспейтін тауар тұтынушы санын  азайтты. Көлік алу үшін берілетін несиелердің үстемеақысы мен пайызы жоғары. Міне, осындай себептерден соң бәрі аз-мұз ақшаларына бір көлікті қолма-қол еншілегісі келеді. Ондай мүмкіндік тек шетелде болып тұр. Автонарық сарапшысының айтуынша, шетелдік марканы құп көрген қазақстандықтарға ең тиімдісі – Армениядан әкелу. Себебі, Армения — Кедендік одаққа мүше ел. Ол жақтан қалаған көлігіңді таба аласың. ІІМ мәліметінше, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейден 200 мыңға жуық көлік Қазақстанға тасылған.

 ТІРКЕЛМЕГЕН ТЕМІР ТҰЛПАРЛАР

Мемлекет басшысы үкіметке бір айдың ішінде Қазақстан азаматтарының ЕАЭО елдерінен 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелген көліктерін тіркетуді тапсырды. «Бұл көліктердің тіркелуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болатын. Бұл шешімге халықтың пікірі екіге жарылды. Бірі – дұрыс десе, екіншісі – өзгеріс енгізуді қалайды. Тіпті бейтарап азаматтар, әуелде екі жақ та осы мәселенің дауға ұласатынын білді дейді.  Сарапшылар утилизациялық алымды Дүниежүзілік сауда ұйымының шарты бойынша кеден салығының төмендеуінен туатын шығынды жабу үшін жасалған қадам деп түсіндірді. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы қол жинап, утилизациялық алымды алып тастауға шақыратын петициясына ондаған мың адам қол қойған. Шетелден көлік әкеліп, оны тіркейін десе утилизациялық төлем бағасының қымбаттылығы елдің ашуына тиді. Кейбір көлік нарығында зерттеп жүрген мамандар утилизациялық салымды басқа елдердегі бағамен салыстыруға болмайтынын айтады.  Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде Ресей Федерациясы мен Белорусь республикасы утилизациялық алымдар бойынша ұлттық заңнамалар аясында жұмыс істейді. Қырғызстан мен Армения бұл нормаларды әлі енгізбеген. Армения мен Қырғызстанның көліктерін сенімхат арқылы тізгіндеп жүрген қазақстандықтар алдында енді үш таңдау ғана бар. Көліктерін заңды түрде тіркеуге қою. Тіркеуді қымбатсынса, көлігін ел аумағынан шығару. Үшінші қадам көлікті қосалқы бөлшекке сату. Еске салайық, барлық көлік тіркеуге жатпайды. Оның өзіндік талап-ережелері бар. Армения мен Қырғызстаннан көлік әкелген қазақстандықтар үшін Қазақстанда тіркеу оның құнынан да артық шығынды талап ететін көрінеді. Әрі қарай сөз тізгінін сарапшыларға берейік. Сайлау АБДИКАШОВ, кәсіпкер:

    width=КӨЛІКТІ ҚОЛДАН ҚЫМБАТТАТЫП ЖАТЫР

Өзім 17 жылдан бері Кореяда тұрамын. Карантинде көлік сатылымында айтарлықтай көрсеткіш болды. Көбісі бөліп төлеп алады немес несиеге рәсімдейді. Қолма-қол төлем жасап алушылардың қатары сирек. Ешкімде ондай үлкен ақша жоқ. Кореяның көлік шығаратын зауыттарында біраз жыл жұмыс істедім. Оларда біздікіндей система жоқ. Зауыт салып, Үкіметтен ақша алады. Субсидия алу да жеңіл қарастырылған. Біздің компанияда 100 пайыз заңдастырылған көліктер сатылады. Нарықта жүргенімізге 10 жылға жуық уақыт болды. Көлік шығару үшін ісі халықтың тұрмыс деңгейіне де байланысты. Біздің елде лауазымды қызметкерлер қымбат көлік мінсе, қарапайым халық орташа бағадағы көлік айдайды. Тіпті Кеңес үкіметі кезіндегі көліктерді де көшеден кездестіруге болады. Шетелдік көліктер де сатып алатын елдің жағдайына қарай шығарылады. Мысалы, Корея елімізге арнап көлік шығарса, оның қосалқы бөлшектері Қытай мен Тайваньда жасалады. Тұтынушы төрт дөңгелегін салып, салоннан айдап шығады. Бір көлік бағасы 5000 АҚШ доллары болса, елге жеткенше үстіне 70 пайыз қосылып, 12 000 АҚШ долларына бағаланады. Шетелден сатуға көлік әкелетін жағдайда рұхсатнама қағазы болуы керек. Еуро 5-ке сай сертификат беріледі. Біздің елде машинаны тексеріп, сертификат беретін зертхана жұмыс істейді. Ол сертификаттың нақты бағасы 50-60 мың теңгенің айналасы болатын. Алайда біздің елде бәрі қымбат. Сертификатқа қол жеткізсең, лицензиясын алып қояды. Екі ортада кәсіпкерлер қиналады. Осының кесірінен сырттан көлік әкеле алмай қалдық. Утилизациялық алым мөлшері де аспандап тұр. Оның суммасы басқа елдерде 200-300 АҚШ доллар болса, біздің елде объемы үш болатын көлікке 3 млн 600 мың теңге төлейді. 2,5 көлемге 1 млн 600 мың теңге төлейді. Шетелдік көліктерді тіркеу мәселесі бүгін шешілмейтіні анық. Жолда әлі талай машина келе жатыр. Бір ғана жолы – өгізді де өлтірмей, арбаны дас ындырмай, келісімге келу. Басшылық шын жаны ашитын болса, Кеңес заманындағы машиналарды құртып, жаңа машина мінуге халыққа жағдай жасауы керек. Сол кезде ғана экономика дамиды. Қазір екінің бірі қымбат салоннан машина мініп жүрген жоқ. Баратын жеріне уақытылы бара алмайды. Еліміздегі жолдардан мәселе жоқ. Тақтайдай тегіс жолдар салынып жатыр. Осы арқылы транспорт дамып, ел экономикасы өркендесе деген тілек бар. Айнұр САРТАЕВА, Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:                                600 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ 21 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ  width= Көлік салығының мөлшері айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Осыған орай, АЕК мөлшері өскен сайын, көлік салығының мөлшері де өсіп отырады. Жуықтап алғанда, АЕК мөлшері жыл сайын 7 пайызға өсетінін ескерсек, салық смөлшері де осы деңгейде бекітілген. Сондай-ақ салық мөлшеріне көліктің қоғалтқыш көлемі әсер етеді. Жоғары болған сайын, салығы да көп. Пандемия кезінде мемлекеттік кірістер органдарымен жеке тұлғалардың көлік, жер, мүлік салықтары бойынша өсімпұлынан қарызды есептен шығару үшін салық рақымшылығы жүргізілді. Амнистияға 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін салыққа негізгі қарызын өтеген жеке тұлғалар ілікті. Рақымшылық нәтижесінде 775 мыңнан астам азамат көлік салығы бойынша 13,9 млрд. теңге негізгі қарызын өтеп, нәтижесінде 1,9 млрд. теңге өсімпұлдары кешірілді. Бүгінгі таңда республикада көлік салығы бойынша 600 мыңға жуық азаматтың 21 млрд. теңгеден аса қарызы бар. Салық төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларға қатысты мемлекеттік кірістер органдары мәжбүрлеп өндіру шараларын қолданады. Ол шаралардың ішінде жеке тұлғалардың мекен-жайына жіберілетін хабарламалар, жеке сот орындаушыларға жолданатын салық бұйрықтары да бар. Өз кезегінде жеке сот орындаушылар банктік шоттарға, жылжымайтын мүлікке, елден шығуға, нотариалды әрекеттер жасауға шектеу қояды. 2020 жылғы көлік салығын жеке тұлғалар 2021 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлеуі керек еді. Егер одан кешіксе, әрбір кешіккен күні үшін өсімпұл есептеледі. Сұңқар ЖҰРТБАЙ, сарапшы:  width= ҮКІМЕТ ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІК БЕРУІ КЕРЕК Бұл өте күрделі мәселе. Жалпы алғанда көлік нарығына карантиннен гөрі кедендік салықтардың көтерілуі кері әсерін тигізіп жатыр. 2015 жылы Ресейде дағдарыс болған кезде елге біраз көлік кіргізілген еді. Сол кезде көлік тапшылығы сәл саябырсыды. Одан бері алты жыл өтті. Қазір қолданысқа керек көлік тапшылығы қайтадан байқалып жатыр. Біздің елімізде бағасы бір жарым миллионнан басталып, төрт миллионға дейін қолданыстағы көлік саны аз. Ол бағаның да өсуіне әсер етеді. Әлемдік басқа валюталармен салыстырғанда теңге нарқының төмендеуі де әсер етеді. Себебі көліктің дені шетелде жасалады. Елдегі құрастырылатын көліктердің қосалқы бөлшектері шетелден шығарылады. Көлік бағасының тұрақсыз болуының себебі осы. Шетелдік көліктерді рәсімдеу төңірегіндегі дауға келейік. Оны да бірнеше бөлікке бөлуге болады. Өзіміздің марка жоқ болғасын, бүкіл марка – шетелдікі. Тек құрастырылатын шетелдік маркалар ғана бар. Шетелден әкелінетін қолданыста болған көліктерді рәсімдеуге келетін болсақ, аса бір қатер төндіретіндей мәселе жоқ. Ақшаңыз қалтаңызда болса, барлық тиісті салықты төлеу керек. Армения мен Қырғызстан, Ресей көліктерінің мәселесі басынан бақайшығына дейін талданды. Үкімет те ел азаматтарына жағдай жасап, заңнамалық тұрғыдан қайта қарап, уақытын ұзартты. Тіпті екі жылдан бері салық төлем уақытын кейінге шегеріп келеді. Соңғы ақпарат бойынша биыл 31 тамызға дейін төлеуі тиіс, әйтпесе елден шығарылады. Отанына қайтару үшін де уақыт керек болады. Жаңа жылға дейін уақыт берсе, дұрыс болар еді. Мысалы, Арменияға қайтарылатын көліктер бүгін-ертең жөнелтілмейді. Ол жақта соғыс болып жатыр. Көлікті белгілі бағаға сатып, саудаласу керек. Оның бәрі уақытқа келіп тіреледі. Еліміздегі көліктердің дені – оң жақ рулді машиналар. Заң бойынша да ондай көліктер тіркелмейді. Жалпы, шетелден көлік таситындардың қалтасы қалың емес. Мемлекет те олардың үстінен пайда көруді ойламайды. Шетелден көлік алудың машақты көп болатынын азаматтар білді. Жоспарлы түрде іске кіріскен жөн.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА