Жол – тыныс-тіршіліктен сыр шертетін фактор

Жол – тыныс-тіршіліктен сыр шертетін фактор

Жол – тыныс-тіршіліктен сыр шертетін фактор
ашық дереккөзі

Елімізде жол-құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Десек те, жолдарды дамыту аясында алып-қашпа әңгіме көп. Жол жиегіндегі жетістік пен кемшілікті жіпке тізе беруге болады. Бірақ оның оңы мен солын жол саласының маманынан артық ешкім білмейді. Осы орайда Қазақстанның автожол саласына өлшеусіз үлес қосқан білікті маман Тимур Баймолдаұлымен сұхбаттастық.

– «Жолдың жайын жүрген біледі» деген жақсы сөз бар. Өзіңіз жол саласында ұзақ жыл еңбек еткен білгір мамансыз. Әңгімемізді «Әлем жолдары. Тарих және қазіргі заман» кітабыңызға арқау болған жол желілерінің дамуынан бастасақ. Елімізде жол коммуни­ка­ция қызметі қай кезеңнен бастау алады? – 2014 жылы жол-құрылыс саласына арналған зерттеу еңбегім жарық көріп, ағылшын мен қытай тіліне аударылды. Ол жерде жолдың адамзатқа тигізетін пайдасы туралы жаздым. Әйгілі тарихшы, саясаткер Томас Маколейдің: «Жол – экономиканың негізгі факторы. Қалған екеуі – әліпби мен баспа машинасы» деген сөзінің жаны бар. Қазір заман басқа болса да, ел экономикасының қантамыры, халықтың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін фактор екені анық. 1930-1940 жылдары елімізде жол мекемелері құрыла бастады. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде біраз өркендеу болды. Сол жылы Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы өңірлерді көтеру үшін жұмыс істелді. Соның арқасында жол да қарқынды дамып, жаңа сатыға көтерілді. КСРО кезінде біздің елдің ғана жол құрылысы айтарлықтай жетістікке жетіп, алдыңғы орынға шықты. Одақ бойынша 1968 жылы алғаш рет елімізде Жол министрлігі құрылды. Жол өндірісінің екінші даму сатысын 1970-1980 жылдардағы мұнай көзінің ашылуымен байла­ныстырамыз. Сол кезде жол өндірісі екі есе жоғары көрсеткішке жетті. Онымен бірге Маңғыстау мен Атырау облыстарының жол құрылысы қарқынды дамыды. Егемендік алғанға дейін бүкіл облысаралық жолдар салынып бітті. Облыс пен аудандарды жалғайтын жолдардың біразы пайдалануға берілді. Жол сапасы мен техникалық жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай жақсы болмаса да, жұмыс атқарылғаны ақиқат. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 30 жылдың ішінде біраз жолдың жай-күйі жақсарып, мәселе шешіле бастады. Мемлекет Ата Заң қабылдап, құжат бекітті. Осы жылдар ішінде көптеген инвестиция құйылды. Соның арқасында Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолы ре­конс­трук­ция­дан өтті. Бұл ел экономикасының дамуына әсер етті. Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолының өзі бес облысты қамтып тұр. Көп инвестиция мәселесі шешіліп, шетелдік компаниялар келе бастады. Олармен тәжірибе алмасып, біздің мамандар шетел техникаларын меңгерді. Қазір де жол құрылысы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан жол жөндеу жұмыстарына қолдау білдіріп жатыр. Бұл үлкен шаруа болғандықтан, кемшін тұсы болуы – заңдылық. – Неге әлі күнге дейін жол төңірегінде дау-дамай көп? Отандық жолдардың басым бө­лігі әр қыстан кейін жарамсыз болып қалуы­на не себеп? – Оның себебі көп. Жол бірнеше категорияға бөлінеді. Ең негізгі төрт бөлімі бар: республикалық, облыстық, көшеаралық және жекеменшік жолдар. Бізде 22-23 мың шақырым республикалық трасса бар. Мұндай жолдар пайдалануға берілместен бұрын үш мәрте тексерістен өтеді. Оларды облыс пен ауданаралық жолдармен салыстыра алмайсың. Тіпті, көше жолдарының да құрылысы мен механизмдері басқаша. Көшедегі асфальттің дұрыс төселмеуі, жолдардың қыстан кейін жарамсыз болып қалуы – жергілікті билік пен мекеме қызметкерлерінің жауапкершілігіндегі дүние. Ал республика деңгейіндегі жолдарды жақсартуға жоғары жақ мүдделі. Мойындау керек, жол сапасы төңірегінде сын көп. Осы орайда кейбір мәселеге тоқтала кетуге болады. Министрлік тарапынан жүйелі жоспар енгізілген жөн. Ол үшін жоспарлы-сметалық құжат мінсіз дайындалуы керек. Кейбір құжаттарға жұмыс процесі кезінде өзгеріс енгізіп жатады. Өйткені жол салынатын өңірдің климаты, территориясы секілді дүниелер ескерілмей қалады. 50 жылға жоспарланған құжат тайға таңба басқандай анық болуы керек. Байқап жүрген болсаңыз, кейбір өңірлерде ешкімге пайдасын да, зиянын да тигізбейтін көпірлер салынған. Халық тарапынан «Ақша шығындап неге салған?» деген сұрақ туады. Олар күндердің күнінде керек. 1993 жылы батыс өңірінде алапат су тасқыны болды. Сол кезде көпірлердің арқасында ауыл-аймақ аман қалды. Осындай табиғи апат кезінде көпірлер ауадай қажет. Бұл – бекітілген құжат бойынша салынған нысандар желісі. Жаңа салынған жолды күтіп баптаудың өзі – үлкен мәселе. Мына аптап ыстықта өте ауыр жүк көліктері қатынайды. Майды пышақпен кескендей етіп, бір жүргенде тіліп өтеді. Министрлік жанынан жол тексеру комитеті бар. Солардың қызметін жақсартып, жағдай жасау керек. Ауыр салмақты машиналарға асфальт шыдай алмайды. Жолдың ортасындағы жолақтарды бөлетін трубалардың сапасын тексеріп, жол қозғалыс белгілерін мұқият қарау керек. Ол техникалық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. – Туризм саласының дамуының бір кепілі – автожол. Алайда елімізде демалыс орын­да­рына жететін жолдың сапасы сын көтермейді. Жолдың нашарлығынан аяқ жетпеген, көз көрмеген көрнекі жер қаншама... – Қазақстан жер көлемі жөнінен 9-орынды ала­ды. Елімізде көз сүйсініп, таңдай қағатын турис­тік аймақтар жетерлік. Жол арқылы ішкі және сыртқы туризмді қатар дамытуға болады. Маң­ғыс­тау өңіріндегі Бозжыра шатқалымен қатар, Орталық Қа­зақстанда, Шығыс Қазақстанда керемет жерлер бар. Жолдың нашарлығынан адамдар жете алмай жа­тыр. Ол жаққа қарапайым жол салынуы керек. Мы­салы, Алакөлдің әлі күнге дейін жолын дұрыс­тай алмай отырмыз. Оның себебі – кезінде дұрыс жоспар құрылмады. Туризмді дамыту керегін кеш түсінсек те, ақырындап көш ілгерілеп келеді. Қазір туризмді дамытатын уақыт келді. Дегенмен жол жөндеу процесі кешеуілдеп барады. Алдымен министрлік халыққа ұсынатын жерлерді жақсылап таныстыруы керек. Сол кезде жергілікті халықтың да ықыласы ауады. Қарапайым халық Бозжыра мен Баянауылды, Зайсан көлінің кереметін, Зеренді мен Бурабайдың сұлулығынан бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан халықтың талқысына салу керек. Бір ғана мысал келтіруге болады. 2011-2015 жылдары Үлкен Алматы көлінің жолы жөнделіп, пайдалануға берілді. Ағылған адамдарды көрсеңіз, қандай керемет?! Жолмен бірге экологияны да, сервисті де естен шығармаған жөн. Ол да пайданың көзі. Түрлі демалыс орындары мен ойын-сауық орталықтарын салып тастасақ елге де, өзімізге де пайда емес пе?! Сондай-ақ отандық инвесторларды да құлағдар етіп, іске араластырған жөн. «Біз жол саламыз, сендер не істей аласыңдар?» деп екеуара диалог құрылғанда ғана туризм төңірегіндегі түйін мәселе шешілер еді. – Автомобиль жолдарын салу, ре­конструк­циялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жұ­мыс­тардың орындалу барысы мен ма­териал­дар сапасына қандай талап қойылады? Елі­мізде жол салуға қажет материалдар жет­кі­лікті ме? – Жеткілікті деп айтуға толық негіз бар. Жол салу үшін қиыршық тас керек. Оның қоры елімізде жеткілікті әрі қолжетімді. Батыс өңірінде ғана тапшы. Батыс Қазақстан облысы мен Атырауға ғана Алматы облысы мен Жамбыл облысынан тасып апара­ды. Ол жөнінде мәселе жоқ. Сапасы да жақсы. Битум жетіспеушілігі ғана қолбайлау болып тұр. Жылына 80-90 миллион тонна мұнай шығарға­ны­мызбен, битум өндіруге күш әлсіздеу. Сол үшін көрші елдерге тәуелдіміз. Ресейден битум сатып аламыз, құны өте жоғары. Маңғыстау мен Павлодар жақтан битум зауыты салынды. Бірақ оның күші ауқымды жобаға жетпей, толыққанды қамти алмай отыр. Битумды өзіміз өндірсек, әлдеқайда шығын аз болар еді. Жол құрылыс шығынының 60-70 пайы­зы материалға кетеді. Қазіргі қымбатшылық жағдайда бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Тасы­малдау мен құрылыс материалдарының бағасы тұрақсыз. Осыдан кейін көп мердігердің жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Осы жағдай сапасыз жолдың салынуына себеп болады. – Елімізде бірнеше автобан салынып, ақылы жолдар көбейіп жатыр. Бұл мәселені шешуге ықпал ете ме? Халық ақылы жолға ақы төлеуге дайын ба? – Ақылы жол – болашақтың мәселесі. Оны пайдалану ерте немесе кеш деп айту қиын. Кейбір өңірге экономикалық тұрғыда қажет болса, екінші өңірге тиімсіз болуы мүмкін. Бірақ халықтың жағ­дайына қарау керек. Өркениетті елдің барлығында ақылы жол бар. Біздің елге альтернативті жол салынса да жетіп жатыр. Халықтың да сұранысын қа­нағаттандырушы еді. Ақылы жол төрт жолақ, альтернативті жол екі жолақ болады. Одан кейін ақылы жолдың сапасы мен сервисі, апат жағдайын болдырмау кепілі, медициналық-санитарлық нормалардың сақталуы секілді талаптары да назар­дан тыс қалмауы керек. Кейбір жерлерге барсаң, шлагбаум қойып тастайды, не үшін десең, менің жолым дейді. Халықтың ашуына тиетіні де осы шығар. Қарапайым тілде түсінік-насихат жүргізіліп, мәселе ашық көтерілгені дұрыс. Бір сөзбен айтқан­да, ақылы жол күнкөріс қалтасына салмақ болмауы керек. – Ғылым мен технология дәуірінде техни­калық мамандарға сұраныс артты. 30 жыл ішінде жол саласындағы кадр мәселесі қалай шешілді? – Егемендік алғанымызға 30 жыл толды. Ол кездегі 25-30 жастағы азамат институт бітірген жас маман қазір зейнет жасына жетіп отыр. Кеңес заманында жол жөндеу үшін елдің түкпір-түк­пірінен кадр жасақталған. Мәскеу автомобиль және автомобиль жолдары мемлекеттік техникалық институтынан, Харьков институты мен Сібір мемлекеттік автомобиль және автомобиль жолдары институтынан мамандар келді. Олармен бірге тәжірибе алмасып, біраз жақсы нәтижеге жұмыс істедік. Өскемен қаласында Автомобиль институты құрылып, Алматыдан филиалы да ашылған еді. Қазір жабылып қалды. Бүгінде инженерлерден бастап, техниканың тілін білетін мамандар азайып бара жатыр. Техниканың тілін білетіндердің жасы 50-60-тан асты. Жол құрылысының өркендеуіне негіз болатын фактор – сапалы маман. Болашақ кадр көзі аз. Институт оларды дайындап үлгер­генімен, білім сапасы орташа. Кадр мәселесінің жетіспеушілігі жол жөндеу жұмыстарына кері әсерін тигізіп жатыр. Тағы бір айта кететіні, кезінде қосалқы бөлшектерді жөндейтін арнайы база болған. Әр компания құрылыс машинасын өзі жөндейді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Қосалқы бөлшектің бәрі шетелден әкелінеді. Мердігер компанияларға бұл жағдай бір салмақ болса, кадр жетіспеушілігі тіпті қиын жағдайға душар етті. 10 жыл бұрын жол құрылысы қарқынды дамыды. Елордадан Бурабайға жол салынды. Қазір кадр тапшылығы байқалады. Маманның келмеуінің себебі – негізгі мәселелер әлі шешілген жоқ. Ақша­сы мардымсыз, техникасы ескі салаға кім барғысы келеді?! Одан кейін тендерге көп мәселе тіреледі. Біздің кезімізде тендер алатын компанияның техникасынан бастап кадр санына, олардың біліктілігіне дейін тексерілетін. Қазір заман басқа. Жол жөндеу мен құрылысы төңірегінде мәселені бір әңгімеге сыйғыза алмайтынымыз анық. Күн тәртібіндегі үздіксіз талқыланатын тақырыпқа айналуы керек.

Әңгімелескен Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА