Төрт жылда бір келетін Жазғы олимпиада ойындары − планетаның ең басты спорт мейрамы. Оған әлемнің ең мықты спортшылары қатысып, олимпиада чемпионы болуға талпынады. Өйткені олимпиада чемпионы − мәңгілік атақ.
Қазақ баласы ең алғаш Олимпиаданың жарыс алаңынан 1960 жылы Римде өткен XVII Жазғы олимпиада ойындарында көрінді. Ол − КСРО олимпиада командасы сапында 4x100 метрлік эстафеташылар жарысында екінші орын алып, күміс жүлдеге қол жеткізген Ғұсман Қосанов еді. Ал қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы − КСРО баскетбол командасының құрамында 1972 жылы Мюнхенде өткен ХХ Жазғы олимпиадада алтын алқа таққан Әлжан Жармұхамедов болды. Ал КСРО кезінде спорттағы қазақтардың рухын көтерген олимпиада − 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен XXII Жазғы олимпиада ойындары болды. 1980 жылдың 19 шілдесі мен 3 тамызы аралығында өткен бұл олимпиадада (оған 80 елден 5 079 спортшы қатысты) Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков күрестен Олимпиада чемпионы болса, бокстан Серік Қонақбаев күміс жүлде алып, қазақ ұлтының өкілдері жарқырап көзге түсті. Міне, осы жетістіктен кейін қазақ балаларының спортқа қызығушылығы еселеп артты. Әсіресе, Олимпиада ойындарын теледидардан тікелей тамашалаған қазақ жастары Серік Қонақбаевқа чемпиондықты қимаған саясат екенін түсініп, оны өз чемпионымыз деп санап, мықтылығын өздеріне үлгі тұтты. Сөйтіп шын мәнінде қазақ боксы Қонақбаевтың олимпиададағы жетістігінен кейін жанданып сала берді. Ал бокс Қазақстан үшін нөмірі бірінші спортқа айналды. Негізінде бокспен айналысып, алғаш танылған қазақ Шоқыр Бөлтекұлы еді. Рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен ол кейін бапкер ретінде Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбдiнәлиев, Виктор Каримов, Владимир Каримов, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты шәкiрттерін тәрбиелеп шығарды. Бөлтекұлының шәкірттерінің ізінде ұстаз жолын жалғастырып, оны биікке көтеріп әкеткен Әбдісалан Нұрмаханов болды. Оның бокстағы жолы аңыз іспеттес. Бокспен айналысқан азғантай уақыттың ішінде Қазақстан чемпионы болып, 1956 жылғы КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республика намысын қорғаған ол өте жақсы нәтиже көрсетті. Еуропаның екі дүркін, КСРО-ның алты мәрте чемпионы болып дүркіреп тұрған литвалық боксшы Альгидрис Шоцикастың өзі бокстан енді ғана көрінген жиырма жастағы Нұрмахановқа айқын басымдылық көрсете алмады. Өте тартысты жекпе-жекте төрешілердің өзі жеңісті кімге берерін білмей сасып, әрең дегенде, бар болғаны бір ұпаймен Шоцикасты жеңімпаз деп таныды. Арада бір жыл өткенде Әбдісалан Нұрмаханов КСРО чемпионатының финалына жетіп, КСРО мен Еуропаның бірнеше рет чемпионы болған, салмағы 100 келіден асатын Андрей Абрамовпен кездесті. Салмағы Абрамовтан 20 келідей жеңіл, ширақ қимылдаған бойшаң, қолы ұзын қазақ боксшысы қанша тырысса да тәжірибелі Абрамовқа есе жіберіп алды. Бірақ бар болғаны бокспен айналысқан үш-ақ жылдың ішінде КСРО чемпионатының күміс медалін жеңіп алу деген қазақ боксы үшін сенсациялық жетістік еді. Осыдан соң арада бес жыл салып, Киевте Нұрмаханов Абрамовпен рингте тағы кездесті. Бұл жолы КСРО чемпионатының финалы еді. Үш раунд бойы атақты Абрамовқа ес жиғызбай шабуылдаған жас қазақ боксшысы оны екі мәрте нокдаунға түсірді. Бірақ төрешілер әділетсіздік жасап, жеңісті Абрамовқа берді. Көргендердің айтуынша, бұл әділетсіздікке наразы болған Киев жұртшылығы орыс боксшысына түрлі нәрсе лақтырып, «сен жеңілдің», «масқара» деп айқайлаған. Бірақ кейін бәрібір халықаралық аренада Әбдісалан Нұрмаханов өзін мойындатты. 1963 жылдың ақпанында Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) атқарушы кеңесі Индонезияның IV Азия ойындарына қатысу үшін Израиль мен Тайвань делегацияларына кіру визасын беруден бас тартуын айыптайтын мәлімдеме қабылдады және Индонезияның ХОК-қа мүшелігін тоқтатты. Бұл шешімге жауап ретінде Индонезия президенті Сукарно Токио Олимпиадасына балама ретінде «антиимпериалистік» бағыттағы елдердің спортшылары қатысатын жарыстар өткізуді ұсынды. Сөйтіп алғашқы GANEFO (Жаңа дамушы күштердің ойындары) ойындары 1963 жылы 10-22 қарашада Джакартада өтіп, оған Африка, Азия, Еуропа және Латын Америкасының 48 елінен 2400 спортшы жиналды. GANEFO-ға КСРО олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша, сондай-ақ Олимпиадалық командаға қосылу мүмкіндігі жоқ деп санаған спортшыларын жіберді. Олардың арасында боксшы Әбдісалан Нұрмаханов та бар еді. Дегенмен қазақ боксшысы аса ауыр салмақта өнер көрсетіп, финалда салмағы 120 келіден асатын сары құрлық боксшысын ұрып құлатып, чемпион атанды. Сөйтіп өзі өмір сүріп жатқан елде қиянат көрсе де, мойымаған қазақ баласы даңққа бөленді. Әбдісалан Нұрмахановтың бапкерлік білігі Қазақстан, қазақ боксының деңгейін көтеруге зор пайдасын тигізді. Оның XX ғасырдың алпысыншы жылдарында басталған бапкерлік жолы 1997 жылға дейін жалғасып, көптеген жетістікке жетті. Болат Сағындықов, Борис Хрянин, Валентин Юнусов, Бақытжан Аманбаев, Марат Бекежанов, Владимир Чипурин, Болат Нұрпейісов секілді шәкірттері КСРО жастар чемпионатында, КСРО халықтары спартакиадасында, КСРО студенттер чемпионатында жүлдегер атанып, топ жарып республиканың атын шығарды. Қазақстан тәуелсіз елге айналғаннан кейінгі дәуірде отандық бокстың биіктен көрінуі үшін тер төккен Нұрмахановтың шыққан биігі аз емес. 1993 жылы қазақ бокс құрамасының тізгінін ұстады. Оның бапкерлік дәуірінде қазақ боксы жоғары деңгейге көтерілді. 1993 жылы қазақ бокс құрамасы Иранның астанасы Теһранда өткен Азия чемпионатында қазақ құрамасы командалық есепте алға шықса, сол жылы Тайландта болған әлем кубогі жарысында командалық есепте үшінші орын алды. 1995 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының алты алтын жүлдесін жеңіп алды. 1995 жылғы әлем чемпионатында Болат Жұмаділов күміс, Василий Жиров қола жүлдеге ие болды. Бұл қазақ боксының тәуелсіздік кезеңіндегі үлкен жеңістерінің басы болды. Сол тұста Қазақстан Бокс федерациясының басшылығына іскер азамат, білікті кәсіпкер Бекет Махмұтовтың келуі бұл салаға ерекше серпін берді. Махмұтов пен Нұрмаханов тандемі қазақ боксын қысқа уақытта жоғары биікке көтергені анық. Кейін Бекет Махмұтовтың АИБА-ның бірінші вице-президенті болып сайлануы қазақ боксының әлемдік дәрежеде мойындалуы еді. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Әбдісаланның шәкірттері бір алтын, бір күміс, екі қола медальді жеңіп алып (В.Жиров − алтын, Б.Жұмаділов − күміс, Б.Ниязымбетов, Е.Ыбырайымов − қола) жалпы командалық есепте Куба, Болгария құрамаларынан кейін үшінші орынға шықты. Үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогі де Қазақстанға бұйырды (В.Жиров). Қазақ боксы 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Жазғы олимпиада ойындарында жарқырай көрінді. Осы олимпиадада қазақ баласы алғаш рет бокстан чемпион болды. Ол − 20 жастағы Бекзат Саттарханов. Тағы бір чемпиондық тұғырға көтерілген Ермахан Ыбыраймов еді. Ал Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміс жүлде иесі атанды. Олимпиада чемпионы болған боксшы Бекзат Саттарханов Ташкентте бокстан өткен Азия чемпионатында олимпиада жолдамасын жеңіп алған-ды. Бокс мамандары Бекзаттың жастығын алға тартып, оны Олимпиадаға жібергісі келмейді. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов жартылай жеңіл − 57 келі салмақта ел намысын қорғауға Саттархановты лайық деп таныды. Бекзат Саттарханов Сидней шаршы алаңында румындық Бобирант Овидиу-Тибериуды 14-5, африкалық Джефри Матебулланы 16-5, түркиялық Рамазан Палианиды 12-11, марокколық Тахар Тамсаманиды 22-10 есебімен жеңіп, финалда әлем чемпионы, америкалық Рикарду Хуарестен 22-14 есебімен басым түсті. Алайда, спорт әлемінде жарқ етіп көрініп, бүкіл халықтың құрметіне бөленген Бекзаттың ғұмыры ұзақ болмады. Спорт сыншылары әлі талай Олимпиада чемпионы болады деген Бекзат Саттарханов өзі Олимпиада чемпионы болған жылдың соңғы күнінде көлік апатынан мезгілсіз дүние салды. Бірақ тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионы болған қазақ баласының бұл жеңісті жолын одан кейінгі олимпиадаларға барған қазақ боксшылары да лайықты жалғастыра білді. Атап айтқанда, бокстан 2004 жылғы Афины Олимпиадасында Бақтияр Артаев алтын, Геннадий Головкин күміс, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев алтын, Еркебұлан Шынәлиев қола, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиев алтын, Әділбек Ниязымбетов күміс, Иван Дычко қола, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Данияр Елеусінов алтын, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов күміс, Иван Дычко қола медаль иелері атанды. Жалпы тәуелсіздік дәуірінде алты рет Олимпиадаға қатысқан қазақ боксшылары 7 алтын, 7 күміс, 5 қола медальге қол жеткізген. Бұны аз деп те, көп деп те айта алмаймыз, бастысы соңғы бес Олимпиадада (биылғы Токио Олимпиадасын қоспағанда) қазақ боксшылары 7 рет чемпиондық тұғырдан көрінсе, оның төртеуін 69 келі салмақта алған. 3 боксшы (В.Жиров − 1996, Б.Артаев − 2004, С.Сәпиев – 2012) олимпиаданың ең шебер боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогіне қол жеткізді. Шынына келгенде бұл аз жетістік емес, Олимпиада сайын алтын медаль алу мықтылық десек, 68 жылдың ішінде Вэл Баркер кубогін тек АҚШ бес рет, Қазақстан үш рет алған екен. Алайда... Соңғы кезде қазақ боксында көңіл көншітетін жағдайлар азайып барады. Соңғы әлем чемпионатында Бекзат Нұрдәулетов жарқырай көзге түсіп, бокстан әлемнің төрт дүркін және Рио Олимпиадасының чемпионы Хулио Сесар ла Крусты нокдаунға жіберіп топ жарғаны болмаса, әуесқой бокста айта қаларлықтай жетістіктері көрінбей қалды. Ал Азия чемпионатына барған 10 боксшы қыздың 8-і чемпион болғанымен биылғы Токио Олимпиадасына солардың біреуі де бара алған жоқ... Өткен жылы жаһандық пандемияның себебінен тоқтап, биыл өткізіліп жатқан Токио Олимпиадасында Қазақстанның командасы оншалық жақсы өнер көрсетіп жатқан жоқ. Қош, сонымен не болып жатыр, биылғы Олимпиаданың бізге әсері қандай? Ең алдымен, Токио Олимпиадасын елімізде тікелей көрсету біраз тығырыққа тіреліп, әйтеуір ол басталар алдында әупірімдеп көрсету құқығын сатып алдық. Оның алдында «Олимпиаданы елімізде тікелей эфирде көрсетпейді екен» деген дау шығып, оған Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев түсінік берген болатын. Оның айтуынша, Олимпиада ойындарын тарату бойынша құқық иеленуші компания трансляция жасау үшін Қазақстаннан өте үлкен сомада (7,5 млн теңге) ақша сұраған. (Ал трансляцияға бізбен көршілес қырғыз елі 100 мың, өзбек елі 800 мың доллар төлеген көрінеді). Олимпиада тарихында пандемияның әсерінен тұңғыш өз уақытынан бір жыл кеш және көрерменсіз Токиода өтіп жатқан ХХХІІ Жазғы олимпиада ойындарының ашылу рәсімі 2021 жылғы шілденің 23-інде өтті. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының олимпиадалық командасын бастап шыққан белгілі боксшы, команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен осымен төртінші рет Жазғы олимпиада ойындарына қатысып отырған, олимпиаданың қола, күміс жүлдегері және чемпионы жеңіл атлет Ольга Рыпакованың киімдері әлем көрермендерінің көзіне түсіп, олардың өте жарасымды екені біраз елдің баспасөзінде мадақталды. Дегенмен спортшыларымыздың киімін мақтаған жұрт кейін олардың шеберлігін мақтауға сөзін аяйтын болды. Неге? Бірталай үміт күткен спортшыларымыз алғашқы бәскеде-ақ жеңіліс тапса, тағы біреулері алға жылжығанмен жартылай финалға жете алмады. Тек дзюдошы Елдос Сметов мен зілтеміршілер Зульфия Чиншанло мен Игоь Сон Токио Олимпиадасының қола медаліне қол жеткізіп, аз да болса елімізді Олимпиада кестесінде жүлдегер елдер қатарына қосты. Алайда көптеген спорт түрлерінен сәтсіздікке ұшырап, тіпті бұрынғы Олимпиадаларда жүлдегер, чемпион болған кейбір спортшыларымыздың (Дмитрий Баландин, Галбадрах Отгонцэцэг, Ольга Рыпакова) жүлдесіз қалуы Токио Олимпиадасының Қазақстан үшін ауыр келгенін көрсетеді. Дегенмен өзіміз де, өзгелер де «Қазақстан осыдан алтынсыз қайтпайды» деп сенетін бокстағы жағдайымыздың қиындығына қарамай әлі де үміттеніп отырмыз. Ал олимпиада басталғалы бері... Бокстан 81 келі салмақтағы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов ә дегеннен ресейлік Имам Хатаевқа есе жіберіп қойды. Осыдан үш айдай бұрын ғана «Санкт-Петербург губернаторының кубогі» халықаралық турнирінде өзі жеңген Хатаевтан олимпиада рингінде есе жіберіп қойған Нұрдәулетовті жұрт түсінбей қалды. Қатарынан төрт Олимпиада бойы қазақ боксшылары ешкімге дес бермеген, бейресми түрде әлемде «қазақ салмағы» атанып кеткен 69 келі салмақта биыл Токиода шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов америкалық Джонсон Делантеден ұтылып қалды (1:4 есебімен). Сөйтіп өзгелер де, өзіміз де үйреніп қалған жүлделі салмақта жүлдесіз қалдық. Ал Жүсіпов олимпиаданы бастамай жатып тастап кетуге мәжбүр болды. Қазақстан боксының тағы бір мықты өкілі, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит те Токиода бірінші айналымнан аса алмай қалды. 91 келіде рингке шыққан Левит Испания атынан шыққан кубалық Эммануэль Рейестің ауыр соққысын өткізіп алып, құлап тұрып, екінші раундтың басында төрешілер оны техникалық нокаут санап, жарысты тоқтатып тастады. Осылайша «бір жүлде алса – осылар алар-ау» дейтін үш мықты боксшымыз алғашқы айқаста-ақ жарыстан шығып қалды. Токиода 57 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жегінде венгриялық Роланд Галошты екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетсе,1/8 финалда америкалық Дюк Реганмен кездесуінде 0:5 есебімен қарсыласқа жол беріп, жүлдесіз қалғандар қатарына қосылды. 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл өзбек боксшысына қарсы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, Фанат Қахрамоновты нокдаунға түсіріп жеңсе де, ширек финалда бразилиялық Соуса Эберттен жеңіліп қалды. 63 келі салмақта сынға түскен Зәкір Сафиуллин алғашқы айналымда Перу боксшысы Леодан Пезо Сабояны 5:0 есебімен ұтқанымен, 1/4 финалда австралиялық Гарри Гарсайдқа 3:2 есебімен есе жіберді... Жеңілісті тізе берген жақсы емес, бірақ қазақ боксшыларының бұлай қирай жеңілуі өте сирек-тін. Ең жаманы, мықты бокшыларымыздың Токио Олимпиадасының рингін ерте тастап кеткені қазақстандық жанкүйерлердің көңілін қалдырып, қазақ боксына деген сенімсіздік оятқандай. Бірақ «Үмітсіз − шайтан» демекші, әлі де жарыс жолын табысты жалғастырып, қазірден қалтасына түскен қола медальді алтынға айналдырамын деп әр кездесуін жеңіспен аяқтап келе жатқан бір спортшымыз бар. Ол бүгінде мықтылығына өзгелер сұқтана қарап отырған Сәкен Бибосынов. Ал Қамшыбек – біздің боксымызда аса ауыр салмақта жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшы. Басқасын айтпағанда әлем чемпионатының екі дүркін күміс медалін алған Қамшыбек – Токио Олимпиадасындағы ең сенімді боксшыларымыздың бірі. Ол Олимпиададағы 1/8 айналымында Египет елінің өкілі Есри Мұстафаны айқын басымдықпен жеңді. Сондай-ақ ширек финалда ресейлік Иван Верясовтан ұпай санымен (4:1) басым түсіп, жартылай финалға жол тартқан еді. Алайда жартылай финалда америкалық боксшы Ричард Торреспен кездескен Қоңқабаев үшінші раундтың соңында ауыр соққылар алып, жарысты уақытынан бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен ол бұл Олимпиадада қола медальге қол жеткізді. Ал қазақтың ендігі жалғыз үміті Сәкен Бибосынов туралы айтар болсақ, ол бірінші айналымда Пуэрто-Рико боксшысы Янкель Ривера Фигероамен кездесіп, оны 4:1 есебімен ұтқан болатын. Одан франциялық Биллал Бенаннан 5:0 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алса, келесі жекпе-жекте испаниялық Габриэль Эскобармен кездесіп, оны нокдаунға түсіріп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұйырса біздің бұл мақаламыз жарияланған күні Сәкен Бибосынов жартылай финалда британдық Джамаль Яфаимен жұдырықтасатын болады. Одан әрі – Токио Олимпиадасының финалы. Отандасымызға жеңіс тілейміз! Олимпиада басталғанда-ақ сүріне бастаған боксшыларымыздың жағдайы Қазақстан халқын қатты қобалжытты. Расында, қазақ боксы осынша әлсіз болғаны ма? 1996 жылдан бері Олимпиададан алтынсыз қайтпаған қазақ боксы шынымен қиын жағдайда қала ма деген қорқыныш басым бәрінде. Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік Қазақстандағы бокс саласына елеулі өзгерістер керек екенін көрсетіп отыр. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев бүгінгі қазақ боксында шеберлік жойылған деген пікірде. Оның айтуынша, «біздің боксшылар шабуылды күтіп алуды, қарсы шабуылға шығуды ұмытқан, қорғана да білмейді. Алға созған қолды пайдалана алмайды. Әйтеуір алға жүріп қолын сермей береді». Ал 2000 жылы Сидней Олимпиадасының финалына төрт боксшыны шығарған сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов: «Бүкіл спортшы жарыстан жарыс, жаттығу жиынынан келесі жиынға барып әбден шаршаған. Бәрінің көзінде от, сезім жоқ. Ұмтылайын десе де, ештеңе істей алмай жатыр. Шабуылдың, әсіресе қарсы шабуылдың жоқтығының себебі – осы. Спортшылар қайта-қайта жарыстар мен жиындарға бара берген соң шаршап, қалпына келе алмай жатыр. Боксшылар Токио Олимпиадасына шаршап келген», − дейді. Ал Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов: «Басқа елдерде боксшылардың деңгейі әлемдік үрдістермен бірге өсіп келеді. Ал біз Кеңес Одағы деңгейінде тоқтап қалдық. Мысалы, біздің спортшылар қашықта қалай жұдырықтасу керегін біледі, бірақ көбіне қарсылас жақындаған кезде не істерін білмей қалады. Мұндай жағдайда біздің боксшылар құшақтасып алады. Бұл – техника емес. Соққы жасау үшін техниканы шыңдау керек, секірмеуді және тепе-теңдікті жоғалтпауды үйрену маңызды. Төзім мен жылдамдық керек», – дейді қазіргі бокстың бір олқы тұсына ой жүгіртіп. Ал оған Мәдениет министрлігі спорт комитетінің басшысы Серік Сәпиев: «Даниярдың айтқанымен мүлдем келіспеймін. Себебі КСРО-да құрылған бокс мектебіне қашан да сұраныс бар, бола береді де. Бұл – классикалық бокс, ол ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Жаңа нәрселерді үйренумен қатар, талай боксшыға сәттілік алып келген дәстүрлі боксты да ұмытпау керек», – деп жауап берді. Қалай дегенде де боксшыларымыздың Токиодағы тоқырауына халық наразы. Мәселен жұрт 69 келі салмақта жақсы өнер көрсетіп жүрген, әлемдік бокс сериясының екі дүркін жеңімпазы, осы жылдың сәуірінде «Санкт-Петербург губернаторының кубогі» халықаралық турнирінде 2019 жылғы әлем чемпионы, ресейлік мықты боксшы Андрей Замковойды, 2019 жылғы Азия чемпионы, өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровты жеңген 28 жастағы Асланбек Шымбергеновтің неге Токио Олимпиадасына жіберілмегенін түсінбейді. Сондай сұрақтар көп. Біреулер ұлттық құрама бапкерлерінің біліктілігіне күмәнмен қарайды. Тағы біреулер спортты жемқорлық жайлаған, соның кесірінен лайықты спортшылар Олимпиадаға бара алмады деген пікірде. Мұндай әңгімелердің бәрі Токиодағы сәтсіздіктің әсерінен туғаны сөзсіз, алайда ол сөздерде де шындық болуы мүмкін. Санаулы күннен кейін Токио Олимпиадасы да тарихқа айналады. Сондықтан жақсы болсын, жаман болсын − ондағы нәтижелерді түзету мүмкін емес. Жеңілісіміз – жеңіліс, жеңісіміз жеңіс күйінде қалады. Тек сәтсіздіктер алдағы Олимпиадада қайталанбасын деп тілейік. Олимпиада –спорттық жарыс болса да, жеңген елдің еңсесін көтеретін құдіретті бәсеке. Бәсекеде алға басуды жазсын.Ахмет ӨМІРЗАҚ