Олимпиада және бокс

Олимпиада және бокс

Олимпиада және бокс
ашық дереккөзі

Төрт жылда бір келетін Жазғы олимпиада ойындары − планетаның ең басты спорт мейрамы. Оған әлем­нің ең мықты спортшылары қа­ты­сып, олимпиада чемпионы болуға талпынады. Өйткені олим­пиа­да чемпионы − мәңгілік атақ.

Қазақ баласы ең алғаш Олимпиаданың жарыс алаңынан 1960 жылы Римде өткен XVII Жазғы олимпиада ойындарында көрін­ді. Ол − КСРО олимпиада командасы сапын­да 4x100 метрлік эстафеташылар жарысында екінші орын алып, күміс жүлдеге қол жеткізген Ғұсман Қосанов еді. Ал қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы − КСРО баскетбол команда­сының құрамында 1972 жылы Мюнхенде өткен ХХ Жазғы олимпиадада алтын алқа таққан Әлжан Жармұхамедов болды. Ал КСРО кезінде спорттағы қазақ­тардың рухын көтерген олимпиада − 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен XXII Жазғы олимпиада ойындары болды. 1980 жылдың 19 шілдесі мен 3 тамызы аралығында өткен бұл олимпиадада (оған 80 елден 5 079 спортшы қатысты) Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков күрестен Олимпиада чемпионы болса, бокстан Серік Қонақбаев күміс жүлде алып, қазақ ұлтының өкілдері жарқырап көзге түсті. Міне, осы жетістіктен кейін қазақ балаларының спортқа қызығушылығы еселеп артты. Әсіресе, Олимпиада ойындарын теледи­дардан тікелей тамашалаған қазақ жастары Серік Қонақбаевқа чемпиондықты қимаған саясат екенін түсініп, оны өз чемпионымыз деп санап, мықтылығын өздеріне үлгі тұт­ты. Сөйтіп шын мәнінде қазақ боксы Қонақ­баевтың олимпиададағы жетістігінен кейін жанданып сала берді. Ал бокс Қазақ­стан үшін нөмірі бірінші спортқа айналды. Негізінде бокспен айналысып, алғаш танылған қазақ Шоқыр Бөлтекұлы еді. Рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен ол кейін бапкер ретінде Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбдiнәлиев, Виктор Каримов, Вла­димир Каримов, Асқар Құлыбаев секiлдi та­лантты шәкiрттерін тәрбиелеп шығарды. Бөлтекұлының шәкірттерінің ізінде ұстаз жолын жалғастырып, оны биікке көтеріп әкеткен Әбдісалан Нұрмаханов болды. Оның бокстағы жолы аңыз іспеттес. Бокспен айналысқан азғантай уақыттың ішінде Қазақстан чемпионы болып, 1956 жылғы КСРО халықтарының бірінші спарта­киа­дасында республика намысын қорғаған ол өте жақсы нәтиже көрсетті. Еуропаның екі дүркін, КСРО-ның алты мәрте чемпионы болып дүркіреп тұрған литвалық боксшы Альгидрис Шоцикастың өзі бокстан енді ғана көрінген жиырма жастағы Нұрма­хановқа айқын басымдылық көрсете алмады. Өте тартысты жекпе-жекте төрешілердің өзі жеңісті кімге берерін білмей сасып, әрең дегенде, бар болғаны бір ұпаймен Шоци­касты жеңімпаз деп таныды. Арада бір жыл өткенде Әбді­салан Нұрмаханов КСРО чем­пионатының финалына жетіп, КСРО мен Еуропаның бірнеше рет чемпионы болған, салмағы 100 келіден асатын Андрей Абра­мов­пен кездесті. Салмағы Абрамовтан 20 келідей жеңіл, ширақ қимылдаған бойшаң, қолы ұзын қазақ боксшысы қанша тырысса да тәжірибелі Абрамовқа есе жіберіп алды. Бірақ бар болғаны бокспен айналысқан үш-ақ жылдың ішінде КСРО чемпионатының күміс медалін жеңіп алу деген қазақ боксы үшін сенсациялық жетістік еді. Осыдан соң арада бес жыл салып, Киевте Нұрмаханов Абрамовпен рингте тағы кез­десті. Бұл жолы КСРО чемпионатының фи­налы еді. Үш раунд бойы атақты Абра­мовқа ес жиғызбай шабуылдаған жас қазақ боксшы­сы оны екі мәрте нокдаунға түсірді. Бірақ төрешілер әділетсіздік жасап, жеңісті Абрамовқа берді. Көргендердің айтуынша, бұл әділетсіздікке наразы болған Киев жұртшылығы орыс боксшысына түрлі нәрсе лақтырып, «сен жеңілдің», «масқара» деп айқайлаған. Бірақ кейін бәрібір халықаралық аренада Әбдісалан Нұрмаханов өзін мойын­датты. 1963 жылдың ақпанында Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) атқарушы кеңесі Индонезияның IV Азия ойындарына қатысу үшін Израиль мен Тайвань деле­гацияларына кіру визасын беруден бас тартуын айыптайтын мәлімдеме қабылдады және Индонезияның ХОК-қа мүшелігін тоқтатты. Бұл шешімге жауап ретінде Индо­незия президенті Сукарно Токио Олимпиа­дасына балама ретінде «антиимпериалистік» бағыттағы елдердің спортшылары қаты­сатын жарыстар өткізуді ұсынды. Сөй­тіп алғашқы GANEFO (Жаңа дамушы күштердің ойындары) ойындары 1963 жылы 10-22 қарашада Джакартада өтіп, оған Африка, Азия, Еуропа және Латын Америкасының 48 елінен 2400 спортшы жиналды. GANEFO-ға КСРО олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша, сондай-ақ Олимпиадалық командаға қосылу мүмкіндігі жоқ деп санаған спортшыларын жіберді. Олардың арасында боксшы Әбдісалан Нұрмаханов та бар еді. Дегенмен қазақ боксшысы аса ауыр салмақта өнер көрсетіп, финалда салмағы 120 келіден асатын сары құрлық боксшысын ұрып құлатып, чемпион атанды. Сөйтіп өзі өмір сүріп жатқан елде қиянат көрсе де, мойымаған қазақ баласы даңққа бөленді.  width= Әбдісалан Нұрмахановтың бапкерлік білігі Қазақстан, қазақ боксының деңгейін көтеруге зор пайдасын тигізді. Оның XX ғасырдың алпысыншы жылдарында бас­талған бапкерлік жолы 1997 жылға дейін жалғасып, көптеген жетістікке жетті. Болат Сағындықов, Борис Хрянин, Валентин Юнусов, Бақытжан Аманбаев, Марат Беке­жанов, Владимир Чипурин, Болат Нұрпейісов секілді шәкірттері КСРО жастар чемпио­натында, КСРО халықтары спар­такиа­дасында, КСРО студенттер чемпиона­тын­да жүлдегер атанып, топ жарып респуб­ли­каның атын шығарды. Қазақстан тәуелсіз елге айналғаннан кейінгі дәуірде отандық бокстың биіктен көрінуі үшін тер төккен Нұрмахановтың шыққан биігі аз емес. 1993 жылы қазақ бокс құрамасының тізгінін ұстады. Оның бап­керлік дәуірінде қазақ боксы жоғары дең­гейге көтерілді. 1993 жылы қазақ бокс құрамасы Иранның астанасы Теһранда өт­кен Азия чемпионатында қазақ құрамасы командалық есепте алға шықса, сол жылы Тайландта болған әлем кубогі жарысында командалық есепте үшінші орын алды. 1995 жылы Ташкентте өткен Азия чемпиона­тының алты алтын жүлдесін жеңіп алды. 1995 жылғы әлем чемпионатында Болат Жұ­маділов күміс, Василий Жиров қола жүл­деге ие болды. Бұл қазақ боксының тәуел­сіздік кезеңіндегі үлкен жеңістерінің басы болды. Сол тұста Қазақстан Бокс федерация­сының басшылығына іскер азамат, білікті кә­сіпкер Бекет Махмұтовтың келуі бұл салаға ерекше серпін берді. Махмұтов пен Нұрмаханов тандемі қазақ боксын қысқа уақытта жоғары биікке көтергені анық. Кейін Бекет Махмұтовтың АИБА-ның бірін­ші вице-президенті болып сайлануы қазақ бок­сының әлемдік дәрежеде мойындалуы еді. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Әбді­саланның шәкірттері бір алтын, бір кү­міс, екі қола медальді жеңіп алып (В.Жиров − алтын, Б.Жұмаділов − күміс, Б.Ниязымбетов, Е.Ыбырайымов − қола) жалпы командалық есепте Куба, Болгария құрамаларынан кейін үшінші орынға шықты. Үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогі де Қазақстанға бұйырды (В.Жиров). Қазақ боксы 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Жазғы олимпиада ойындарында жарқырай көрінді. Осы олим­пиадада қазақ баласы алғаш рет бокстан чемпион болды. Ол − 20 жастағы Бекзат Саттарханов. Тағы бір чемпиондық тұғырға көтерілген Ермахан Ыбыраймов еді. Ал Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміс жүлде иесі атанды. Олимпиада чемпионы болған боксшы Бекзат Саттарханов Ташкентте бокстан өт­кен Азия чемпионатында олим­пиада жол­дамасын жеңіп алған-ды. Бокс ма­мандары Бекзаттың жастығын алға тар­тып, оны Олимпиадаға жібергісі келмейді. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Тұр­сын­ғали Еділов жартылай жеңіл − 57 келі салмақта ел намысын қорғауға Саттарха­новты лайық деп таныды. Бекзат Саттарханов Сидней шаршы алаңын­да румындық Бобирант Овидиу-Тибериуды 14-5, африкалық Джефри Матебулланы 16-5, түркиялық Рамазан Па­лианиды 12-11, марокколық Тахар Тамса­маниды 22-10 есебімен жеңіп, финалда әлем чемпионы, америкалық Рикарду Хуарестен 22-14 есебімен басым түсті. Алайда, спорт әлемінде жарқ етіп көрініп, бүкіл халықтың құрметіне бөленген Бекзаттың ғұмыры ұзақ болмады. Спорт сыншылары әлі талай Олимпиада чемпионы болады деген Бекзат Саттарханов өзі Олимпиада чемпионы болған жылдың соңғы күнінде көлік апа­тынан мезгілсіз дүние салды. Бірақ тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионы болған қазақ баласының бұл жеңісті жолын одан кейінгі олимпиадаларға барған қазақ боксшылары да лайықты жалғастыра білді. Атап айтқанда, бокстан 2004 жылғы Афины Олимпиадасында Бақтияр Артаев алтын, Геннадий Головкин күміс, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев алтын, Еркебұлан Шынәлиев қола, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиев алтын, Әділбек Ниязымбетов күміс, Иван Дычко қола, 2016 жылғы Рио Олим­пиадасында Данияр Елеусінов алтын, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов күміс, Иван Дычко қола медаль иелері атанды. Жалпы тәуелсіздік дәуірінде алты рет Олимпиадаға қатысқан қазақ боксшылары 7 алтын, 7 күміс, 5 қола медальге қол жет­кізген. Бұны аз деп те, көп деп те айта алмай­мыз, бастысы соңғы бес Олимпиадада (биыл­ғы Токио Олимпиадасын қоспағанда) қазақ боксшылары 7 рет чемпиондық тұғырдан кө­рінсе, оның төртеуін 69 келі салмақта ал­ған. 3 боксшы (В.Жиров − 1996, Б.Артаев − 2004, С.Сәпиев – 2012) олимпиаданың ең шебер бокс­шысына берілетін Вэл Баркер кубогіне қол жеткізді. Шынына келгенде бұл аз жетіс­тік емес, Олимпиада сайын алтын медаль алу мықтылық десек, 68 жылдың ішінде Вэл Бар­кер кубогін тек АҚШ бес рет, Қазақстан үш рет алған екен. Алайда... Соңғы кезде қазақ боксында көңіл көн­шітетін жағдайлар азайып барады. Соңғы әлем чемпионатында Бекзат Нұрдәулетов жар­қырай көзге түсіп, бокстан әлемнің төрт дүркін және Рио Олимпиадасының чем­пио­ны Хулио Сесар ла Крусты нокдаунға жіберіп топ жарғаны болмаса, әуесқой бокста айта қаларлықтай жетістіктері көрінбей қалды. Ал Азия чемпионатына барған 10 боксшы қыз­дың 8-і чемпион болғанымен биылғы Токио Олимпиадасына солардың біреуі де бара алған жоқ... Өткен жылы жаһандық пандемияның себебінен тоқтап, биыл өткізіліп жатқан Токио Олимпиадасында Қазақстанның ко­мандасы оншалық жақсы өнер көрсетіп жатқан жоқ. Қош, сонымен не болып жатыр, биылғы Олимпиаданың бізге әсері қандай? Ең алдымен, Токио Олимпиадасын елі­мізде тікелей көрсету біраз тығырыққа тіре­ліп, әйтеуір ол басталар алдында әупірімдеп көр­сету құқығын сатып алдық. Оның алдын­да «Олимпиаданы елімізде тікелей эфирде көрсетпейді екен» деген дау шығып, оған Мә­дениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев түсінік берген бола­тын. Оның айтуынша, Олимпиада ойын­дарын тарату бойынша құқық иеленуші ком­пания трансляция жасау үшін Қазақ­станнан өте үлкен сомада (7,5 млн теңге) ақша сұраған. (Ал трансляцияға бізбен көр­ші­лес қырғыз елі 100 мың, өзбек елі 800 мың доллар төлеген көрінеді). Олимпиада тарихында пандемияның әсерінен тұңғыш өз уақытынан бір жыл кеш және көрерменсіз Токиода өтіп жатқан ХХХІІ Жазғы олимпиада ойындарының ашылу рәсімі 2021 жылғы шілденің 23-інде өтті. Ашылу салтанатында Қазақстан Рес­публикасының олимпиадалық командасын бастап шыққан белгілі боксшы, команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен осымен төртінші рет Жазғы олимпиада ойындарына қатысып отырған, олимпиаданың қола, күміс жүлдегері және чемпионы жеңіл атлет Ольга Рыпакованың киімдері әлем көрер­мендерінің көзіне түсіп, олардың өте жара­сымды екені біраз елдің баспасөзінде мадақ­талды. Дегенмен спортшыларымыздың киі­мін мақтаған жұрт кейін олардың шеберлігін мақтауға сөзін аяйтын болды. Неге? Бірталай үміт күткен спортшыларымыз алғашқы бәскеде-ақ жеңіліс тапса, тағы біреулері алға жылжығанмен жартылай фи­налға жете алмады. Тек дзюдошы Елдос Сме­тов мен зілтеміршілер Зульфия Чиншанло мен Игоь Сон Токио Олимпиадасының қола ме­даліне қол жеткізіп, аз да болса елімізді Олим­пиада кестесінде жүлдегер елдер қа­тарына қосты. Алайда көптеген спорт түр­лерінен сәтсіздікке ұшырап, тіпті бұрынғы Олимпиадаларда жүлдегер, чемпион болған кейбір спортшыларымыздың (Дмитрий Баландин, Галбадрах Отгонцэцэг, Ольга Рыпакова) жүлдесіз қалуы Токио Олимпиа­да­сының Қазақстан үшін ауыр келгенін көр­сетеді. Дегенмен өзіміз де, өзгелер де «Қазақ­стан осыдан алтынсыз қайтпайды» деп се­нетін бокстағы жағдайымыздың қиын­ды­ғына қарамай әлі де үміттеніп отырмыз. Ал олимпиада басталғалы бері... Бокстан 81 келі салмақтағы әлем чем­пионы Бекзат Нұрдәулетов ә дегеннен ресей­лік Имам Хатаевқа есе жіберіп қойды. Осы­дан үш айдай бұрын ғана «Санкт-Петербург губернаторының кубогі» халықаралық турнирінде өзі жеңген Хатаевтан олимпиада рингінде есе жіберіп қойған Нұрдәулетовті жұрт түсінбей қалды. Қатарынан төрт Олимпиада бойы қазақ боксшылары ешкімге дес бермеген, бейресми түрде әлемде «қазақ салмағы» атанып кеткен 69 келі салмақта биыл Токиода шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов амери­калық Джонсон Делантеден ұтылып қалды (1:4 есебімен). Сөйтіп өзгелер де, өзіміз де үйреніп қалған жүлделі салмақта жүлдесіз қалдық. Ал Жүсіпов олимпиаданы бастамай жатып тастап кетуге мәжбүр болды. Қазақстан боксының тағы бір мықты өкілі, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит те Токиода бірінші айналым­нан аса алмай қалды. 91 келіде рингке шыққан Левит Испания атынан шыққан кубалық Эммануэль Рейестің ауыр соққысын өткізіп алып, құлап тұрып, екінші раундтың басында төрешілер оны техникалық нокаут санап, жарысты тоқтатып тастады. Осы­лай­ша «бір жүлде алса – осылар алар-ау» дейтін үш мықты боксшымыз алғашқы айқаста-ақ жарыстан шығып қалды. Токиода 57 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жегінде венгриялық Роланд Галошты екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басым­дық­­пен жеңіске жетсе,1/8 финалда амери­калық Дюк Реганмен кездесуінде 0:5 есебімен қарсыласқа жол беріп, жүлдесіз қалғандар қатарына қосылды. 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл өзбек боксшысына қарсы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, Фанат Қахрамоновты нокдаунға түсіріп жеңсе де, ширек финалда брази­лиялық Соуса Эберттен жеңіліп қалды. 63 келі салмақта сынға түскен Зәкір Са­фиуллин алғашқы айналымда Перу боксшы­сы Леодан Пезо Сабояны 5:0 есебімен ұтқа­ны­мен, 1/4 финалда австралиялық Гарри Гар­сайдқа 3:2 есебімен есе жіберді... Жеңілісті тізе берген жақсы емес, бірақ қа­зақ боксшыларының бұлай қирай жеңілуі өте сирек-тін. Ең жаманы, мықты бокшы­лары­мыздың Токио Олимпиадасының рин­гін ерте тастап кеткені қазақстандық жан­күйерлердің көңілін қалдырып, қазақ боксына деген сенімсіздік оятқандай. Бірақ «Үмітсіз − шайтан» демекші, әлі де жарыс жо­лын табысты жалғастырып, қазірден қал­тасына түскен қола медальді алтынға ай­нал­дырамын деп әр кездесуін жеңіспен аяқтап келе жатқан бір спортшымыз бар. Ол бүгінде мық­тылығына өзгелер сұқтана қарап отыр­ған Сәкен Бибосынов. Ал Қамшыбек – біздің боксымызда аса ауыр салмақта жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшы. Басқасын айтпағанда әлем чем­пио­натының екі дүркін күміс медалін алған Қамшыбек – Токио Олимпиадасындағы ең сенімді боксшыларымыздың бірі. Ол Олим­пиададағы 1/8 айналымында Египет елінің өкілі Есри Мұстафаны айқын ба­сымдықпен жеңді. Сондай-ақ ширек финалда ресейлік Иван Верясовтан ұпай санымен (4:1) басым түсіп, жартылай финалға жол тартқан еді. Алайда жартылай финалда аме­рикалық боксшы Ричард Торреспен кездес­кен Қоңқабаев үшінші раундтың соңында ауыр соққылар алып, жа­рыс­ты уақытынан бұрын тоқтатуға мәж­бүр болды. Дегенмен ол бұл Олимпиадада қола медальге қол жеткізді. Ал қазақтың ендігі жалғыз үміті Сәкен Бибосынов туралы айтар болсақ, ол бірінші айналымда Пуэрто-Рико боксшысы Янкель Ривера Фигероамен кездесіп, оны 4:1 есебімен ұтқан болатын. Одан франциялық Биллал Бенаннан 5:0 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алса, келесі жекпе-жекте испаниялық Габриэль Эскобармен кез­десіп, оны нокдаунға түсіріп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұйырса біздің бұл мақаламыз жария­ланған күні Сәкен Бибосынов жартылай финалда британдық Джамаль Яфаимен жұдырық­тасатын болады. Одан әрі – Токио Олимпиа­да­­сының финалы. Отандасы­мызға жеңіс тілейміз! Олимпиада басталғанда-ақ сүріне бас­таған боксшыларымыздың жағдайы Қа­зақ­стан халқын қатты қобалжытты. Ра­сын­да, қазақ боксы осынша әлсіз болғаны ма? 1996 жылдан бері Олимпиададан алтынсыз қайт­паған қазақ боксы шынымен қиын жағдайда қала ма деген қорқыныш басым бәрінде. Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік Қа­зақстандағы бокс саласына елеулі өзгерістер керек екенін көрсетіп отыр. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев бүгінгі қазақ боксында шеберлік жойылған деген пікірде. Оның айтуынша, «біздің боксшылар шабуылды күтіп алуды, қарсы шабуылға шығуды ұмытқан, қорғана да білмейді. Алға созған қолды пайдалана алмайды. Әйтеуір алға жүріп қолын сермей береді». Ал 2000 жылы Сидней Олимпиа­да­сының финалына төрт боксшыны шығарған сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкері Тұр­сынғали Еділов: «Бүкіл спортшы жарыс­тан жарыс, жаттығу жиынынан келесі жиын­ға барып әбден шаршаған. Бәрінің кө­зінде от, сезім жоқ. Ұмтылайын десе де, еш­теңе істей алмай жатыр. Шабуылдың, әсіресе қарсы шабуылдың жоқтығының себебі – осы. Спортшылар қайта-қайта жарыстар мен жиындарға бара берген соң шаршап, қалпы­на келе алмай жатыр. Боксшылар Токио Олимпиадасына шаршап келген», − дейді. Ал Рио Олимпиадасының чемпионы Да­нияр Елеусінов: «Басқа елдерде боксшы­лар­дың деңгейі әлемдік үрдістермен бірге өсіп келеді. Ал біз Кеңес Одағы деңгейінде тоқтап қалдық. Мысалы, біздің спортшылар қа­шықта қалай жұдырықтасу керегін біледі, бірақ көбіне қарсылас жақындаған кезде не істерін білмей қалады. Мұндай жағдайда біздің боксшылар құшақтасып алады. Бұл – техника емес. Соққы жасау үшін техниканы шыңдау керек, секірмеуді және тепе-теңдікті жоғалтпауды үйрену маңызды. Төзім мен жылдамдық керек», – дейді қазіргі бокстың бір олқы тұсына ой жүгіртіп. Ал оған Мә­де­ниет министрлігі спорт комитетінің бас­шысы Серік Сәпиев: «Даниярдың айтқа­ны­мен мүлдем келіспеймін. Себебі КСРО-да құрылған бокс мектебіне қашан да сұраныс бар, бола береді де. Бұл – классикалық бокс, ол ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Жаңа нәрселерді үйренумен қатар, талай боксшыға сәттілік алып келген дәстүрлі боксты да ұмытпау керек», – деп жауап берді. Қалай дегенде де боксшыларымыздың Токиодағы тоқырауына халық наразы. Мәселен жұрт 69 келі салмақта жақсы өнер көрсетіп жүрген, әлемдік бокс сериясының екі дүркін жеңімпазы, осы жылдың сәуірінде «Санкт-Петербург губернаторының кубогі» халықаралық турнирінде 2019 жылғы әлем чемпионы, ресейлік мықты боксшы Андрей Замковойды, 2019 жылғы Азия чемпионы, өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровты жең­ген 28 жастағы Асланбек Шымбергеновтің неге Токио Олимпиадасына жіберілмегенін түсінбейді. Сондай сұрақтар көп. Біреулер ұлттық құрама бапкерлерінің біліктілігіне күмәнмен қарайды. Тағы біреулер спортты жем­қорлық жайлаған, соның кесірінен лайық­ты спортшылар Олимпиадаға бара алмады деген пікірде. Мұндай әңгімелердің бәрі Токиодағы сәтсіздіктің әсерінен туғаны сөзсіз, алайда ол сөздерде де шындық болуы мүмкін. Санаулы күннен кейін Токио Олим­пиадасы да тарихқа айналады. Сондықтан жақсы болсын, жаман болсын − ондағы нәтижелерді түзету мүмкін емес. Жеңілісіміз – жеңіліс, жеңісіміз жеңіс күйінде қалады. Тек сәтсіздіктер алдағы Олимпиадада қайталанбасын деп тілейік. Олимпиада –спорттық жарыс болса да, жеңген елдің еңсе­сін көтеретін құдіретті бәсеке. Бәсекеде алға басуды жазсын.

Ахмет ӨМІРЗАҚ