Рухани жаңғыру – Қазақстандықтардың дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш

Рухани жаңғыру – Қазақстандықтардың дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш

Рухани жаңғыру – Қазақстандықтардың дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш
ашық дереккөзі

Рухани жаңғыру бағдарламасы – Елбасының бастамасы. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін еліміздің 14 облысында және республикалық маңызы бар 3 қалада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобалық кеңселері ашылған.

Шымкент қаласындағы «Рухани жаң­ғыру» бөлімі 2019 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеп келеді. Қа­зір «Рухани жаңғыру» бөлімі Шым­кент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғимаратында ор­наласқан. Мұнда «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дарламаларының негізгі бағыттары мен арналары бойынша ақпараттық бұрыштар, іс-шаралар есебі мен мәліметтер базасы жинақталған. Шымкенттегі жобалық кеңсенің бас­шысы Зәуре Оралбаева «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында қо­ғамды шоғырландыруға, зиялы қауым мен жастарды, барлық ұлт өкілдерін Елбасы жариялаған жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік бере­тінін айтады.

Атқа міну мәдениеті – бағзыдан қалған бекзат өнер

Биыл осынау бағдарлама аясында ұйымдастырылған іс-шара «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталы­ғында «Дәстүр және ғұрып» арнайы жо­басының тұсаукесер рәсімінің жөн-жосығы туралы телевизиялық жоба­сының түсірілуімен басталған. Онда әл-Фараби атындағы қалалық ғы­лыми-әмбебап кітапханасының ди­ректоры Анар Жаппарқұлова кішкен­тай бүлдіршін қыздың тұсауын кесіп, рухани жаңғырудың үлгісін көрсеткен. «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр ор­талығында ұмытыла бастаған сыбаға сақтау әдісін дәстүрге сай үлгіде көрсе­тіп, жаңғырту мақсатында «Сақталушы еді сыбаға...» этно-танымдық шарасы өтті. Іс-шара Елбасымыздың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласы аясында халқымыздың «Ерулік», «Сыбаға беру кәдесін» ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйым­дастырылды. Жарасымды дәстүрлері­міз­дің бірі, құрметті адамға, сыйлы қо­наққа, жақын-жуыққа немесе жы­рақта жүрген үй-ішінің бір мүшесіне арнайы сақталған тиесілі кәделі мүше ұсынылатын дәстүр – «Сыбаға». Яғни, халқымыздың бір-бірін сыйлағанын білдіретін дәстүрлерінің бірі. Жиын-тойға келе алмай қалған қадірлі қо­нақ­тарына, жақын туыстарына немесе соғым сойғанда арнайы жақындарына бөлінген мүшелерді «сыбаға» дейді. Дәстүрлі ортада түрлі жұмысқа жәр­демдесіп, қол ұшын бергендерге ұсы­нылатын сый-кәделер «сыбаға» деп аталады», – дейді жобалық кеңес бас­шысы. Өткенді жаңғырту шарасының бірі – көрме орталығында ұйымдас­тырыл­ған «Зергерлік бұйымдар – 2021» атты көрме-жәрмеңкесі. Бұл күні Шымкент қаласы зергерлерінің алтын, күміс бұйымдарымен қатар Тараз және Ал­маты қаласының да зергерлерінің қолынан шыққан әшекей бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Үш күнге созылған көрме-жәрмеңкеде қала қонақтары мен тұрғындары «Ежел­гі металлургия», «Қазақтың әше­кей­лерінің сыры терең» деген тақы­рып­тарда тың мағлұматтарға қанық­ты. Жобалық кеңсе басшысының ай­туын­ша, «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының «Киелі жерлер географиясы» жо­басына енген Сайрам тұрғын ала­бындағы жалпыұлттық маңызға ие Қызыр мұнарасы бүгінде қараусыз күй кешіп отыр. Мұнараның айналасы қор­шалғанымен, туризм саласының ма­мандары орнатқан QR коды бар тақ­тайша қиратылып, мұнараның маңайындағы консервацияланған жерлер де бұзыла бастаған. Мұнара аумағында тазалық күні аталып өтіп, бұл орынды қарап, сақтау Ю.Сареми атын­дағы №107 мектеп-лицейінің ұжымына бекітілген. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бір бағытында атқа міну мәдениеті айтылған. Онда жылқы шаруашылығы жер жүзінде Ұлы даладан тарағаны көрсетіледі. Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Ońtústik телеарнасымен бірлесе отырып Тө­леби ауданы, Кеңесарық елді мекенінде саятшылық, құсбегілік өнерін наси­хаттау мақсатында «Салбурын мереке ғой саятшыға...» атты телевизиялық бағдарлама түсірілімін өткізген. «Саят­шылық, құсбегілік өнердің қазақ да­ласында ерте кезеңдерден бері қалып­тасып, дамығаны белгілі. Бүгінде осы ұлттық саятшылық дәстүрімізді ұмыт қал­дырмай, бабадан қалған бағзы бек­зат өнерді жалғап жүрген, оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуе­нов­тің бір күндік табиғатпен үндескен сәттері түсірілді. Оның құсбегілік өнер­ге келу жолы, бұл кәсіптің қыр-сыры, бүркіт баптау мен құмай та­зыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жолдары көрсетілді», – дейді тағы бірде Зәуре Оралбаева.

                                                 Жаңғыру бастауыштан басталады

Сондай-ақ дәстүрді ұлықтап жүре­тін Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы көпшіліктің сұра­нысымен «Тұсаукесер» рәсімін өт­кізді. «Жаңғыру бастауыштан баста­лады» тақырыбында ұйымдастырлыған дәрісте Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқар­масы «Рухани жаңғыру» бөлімі мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан об­лысы және Шымкент қаласы бойын­ша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының педагогтары арнайы курстарда білік­ті­лігін арттырып жүрген бастауыш сы­нып мұғалімдерімен пікір алмасу болды. Онлайн форматта өткен кез­десуде ұлттың жаңғыруы кезеңіне өткен бағдарламаның арнайы жо­ба­ларын бастауыш сынып сабақтарына, негізгі пәндеріне енгізу жайлы сөз қоз­­ғалған. «Рухы мықты, білімі терең, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың орны да, рөлі де басым. Бұл бағдарлама ұлт­тық сипатта, бірақ жеке тұлғалық дең­гейде іске асады. Яғни, қоғамдық сана, жеке тұлғалық сананың өзгеруі не­гізінде іске асады. Олай болса, ұрпақ тәрбиелеу, азамат өсіру, білім беру жұ­мысымен қатар жүреді. Сол себепті Рухани жаңғырудың басты тірегі – ұстаз­дар», – дейді ол. Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы ерек­ше. Ата-бабаларымыз ұлттық ойын­д­ар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне баса назар аудар­ған. Ұлттық ойындар – қазақ халқы­ның ежелгі мәдениеті мен өнері, жауын­герлік жаттығу ретінде қолда­нылған. «Тарихқа тағзым күні» аясын­да Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орта­лығының ұйымдастыруымен «Ұлтық ойын ұрпақты шыңдайды» атты іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – қа­зақ халқының отбасылық тәрбие ғұрып­т­арын қайта жаңғырту бары­сында жас баланың ой-өрісін ұлттық ойындар арқылы дамыту әрі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың түр­лерін бүгінгі ұрпаққа насихаттау. Шара барысында мектеп оқушылары­ның қатысуымен «Асық ойындары», «Арқан тартыс», «Алтыбақан», «Асау­мәс­тек», «Мешкей» сынды түрлі ұлттық ойын­дар өтті.

                              «Ұлттық үрдісте киінейік!» челленджі қолдау тапты

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­сы­ның «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жо­басы аясында былтыр Шымкент қа­ла­сы Ішкі саясат және жастар істері жө­ніндегі басқармасы «Рухани жаң­ғыру» бөлімі «Ұлттық үрдісте киі­нейік!» атты челленджін бастады. Бұл челлендж қаладағы көптеген ұжымдар ара­сында, жеке азаматтар тарапынан да қолдау тапты. «Баршасына мың ал­ғыс!» дей отырып, биыл да сол үрдісті жал­ғастырып, ұлттық құнды­лық­тары­мыз­ды бірлесе насихаттауға шақыра­мыз», – дейді жобалық кеңсе меңгеру­шісі. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр ор­та­лығында ұлт құндылығының бү­гінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі – «Құрсақ шашу» дәстүрін насихаттау мақсатында тағылымдық шара өтті. «Құрсақ шашу» – бала тәр­биесін анасының құрсағына біткен күннен бастаған бабаларымыздың бай тәжірибесінің бір көрінісі. Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, анасының және отбасы мүшелерінің ғана емес, бүкіл ағайын-туыстың құр­метін сезінсе, сол жақсылықтан нәр алып өседі. Шараға арнайы келген ая­ғы ауыр келіншектерге «Құрсақ шашу» тойы жасалынып, оның мән-маңызы, келіннің жерік асын табу, болашақ ананың денсаулығына ерек­ше мән беру, көз тиюден, шошынудан сақтау жөнінде тағылымды дүниелер айтылды. Думанды дастарқан жайы­лып, ақ жаулықты әжелеріміз келін­дерге батасын беріп, өнерпаздар әннен шашу шашты. «Тәуелсіздік – өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды. Қазақстан – кең байтақ әрі тариxы өте тереңде жатқан мемле­кет. Қазақтың көптеген ру-тайпа­сы­ның атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осы арада ұлттық тарихымыздың көк­жиегі бұдан да ерте айтылып жүргенін, тариxымыздың тым әріде жатқанын байқаймыз. Осыған орай еліміздің қыр-сырын зерделей келе Елбасы­мыз­дың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласымен жүзеге аса бас­таған «Туған жер», «Қазақстанның кие­лі жер­лер географиясы» жобалары тарих пен жер арасындағы ықпал­дастыққа назар аудартты. 2018 жылы Елбасымыздың қаламынан туған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ниеті дұрыс әрбір қазақстандықты мақта­ныш сезіміне бөледі, ел мен жердің өт­кені, тағдыры, келешегі жайлы қа­лың ойға жетеледі. Осы орайда қа­ладағы әмбебап кітап­ханада «Ұлы дала – ұлттық тарих тірегі» тақырыбында кітап көрмесі ұйым­дастырылды. Іс-шараның мақ­саты – оқырман жастар­дың кітап оқуға деген құштарлығын оятып, еліне, туған жерге деген сүйіс­пеншілігін арттырып, Қазақ елінің пат­риоты бола білуге тәрбиелеу», – дей­ді бөлім мең­герушісі. Үшінші мегаполистегі ескі қа­ла­шық аумағында Shymqala этноауылы ашылып, жұмысын бастады. Этноауыл «Рухани жаңғыру» бағытында қолға алынған. Шымкенттегі Ескі қалашық аума­ғында ашылған Shymqala этноауылын­да белгілі қолөнер шебері Берік Бейіс­беков ер тоқым, былғарыдан түрлі бұйым­дардың жасалу жолынан ше­берлік сағатын өткізді. Шеберлік сағатта Берік Болатбекұлы былғарыдан түрлі бұйымдарды дайындау әдістері, шығу тарихы, жасалу жолдары, ер тоқым дайындаудың қыр-сырымен бөлісті. Қаламыздағы ЖОО студент­тері, мектеп оқушылары шеберлік са­ғатқа белсенді қатысып, қолөнер бұйымдарына қызығушылық білдіріп, рухани азық алды. «Ұйымдастырушылар іс-шарада жас­тарға қолөнер бұйымдары наси­хатталып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды деген сенімдеміз», – дейді Зәуре Әбдіхамитқызы бізбен әңгімесінде.

                                                                                                                                            Назгүл НАЗАРБЕК,                                                                                                                                               Шымкент қаласы