Жаңалықтар

Абай мен Ноғайбай би

ашық дереккөзі

Абай мен Ноғайбай би

Абай ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Верный атанған (16.02.1854 – 3.03.1921 жж.), яғни ежелгі Алматы шаһарына жолы түсіп, Арқаның азуы алты қарыс ардақтысының келгенін Ноғайбай би естіп, ұлы мейманның асқақ тұлғасына мейірленіп, дереу базардан бір ту биені таңдап алып, Абай ат басын тіреген үйдің табалдырығын аттайды... Алдымен Ноғайбай би Дәулетбақұлының (1834-1910) тегіне келсек, Ұлы жүздің ішіндегі Қасқарау бұтағынан. Дәулетбақтың әкесі айбынды Малдыбай қазақ-қырғыз жұрт­тарына ұран болған. Қас­қараудың билік тізгінін ұстаған Дәулетбақ Қоқан хандығы жағында болса, Ноғайбай Ресей елшілеріне келіп: «Әкемді тастап орысқа келдім, бала болсам да болыса келдім» деп, әрі өжеттік әрі дипломатиялық тапқырлық танытыпты. Ресей оның Қо­қанға қарсы ниетін құптап, әс­кери шен (кейбір мәліметтерде полковник дәрежесі) беріпті. Ноғайбай би «адам баласы­ның бет қа­рат­пай­тын қара тілді шешені, ақиық қы­ра­ны» атан­ған. «Көп сөз – көбік, аз сөз – ақық» дейтін ұста­ны­мы­на лайық «егескенді илеп, қағысқанды қағып, аң­дысқанды, айтыс­қан­ды қыранша бүріп» өткен қай­сар мінезді, от жүректі, көсем пікірлі қай­рат­кер екен. Қыр­ғыздың Тоқтағұлы: «Асып туған, Ноғайбай, Ноғайбай болмақ оғай ма-ай!» десе, Шөже: Арғы атаң арғымақтай Малдыбай би, Басындай Алатаудың бұлт шалған. Сен шықтың Қасқараудан Ноғайдай боп, Аруағың қалың орман тоғайдай боп, – деп толғапты. Қырғыз Шәбден манап: «Бұл Жетісуда Ноғай­байдан асатын адам баласы болмайды. Ноғайбай алғыс айтса атқан таңдай, қарғаса қара түндей қылады. Менің шенім үлкен. Ноғайбайдың бағы үлкен» деп бағалаған. Ноғайбай бидің өзі заманының қыран­дарын бы­лайша сипаттапты: «Ақын деп Шө­жені айт, ше­шен деп Бөлтірікті айт, батыр деп Сыпатайды айт».