Нобельді алған алғашқы философ

Нобельді алған алғашқы философ

Нобельді алған алғашқы философ
ашық дереккөзі

Нобель сыйлығының 1908 жылғы, яғни тоғы­зыншы лауреаты – Рудольф Эйкен. Әрине, бұл автордың есімін де, қандай дүниелер жазғанын да оқырман түгіл, әдебиетті арнайы зерттеп жүрген мамандар да аса жақсы біле бермеуі әбден ықтимал. Өйткені, 1908 жылы Швед Академиясы шығармашылығын жоғары бағалаған Рудольф Эйкен лирикалық жырларымен жұртты там­сандырған ақын да, прозалық шығарма­ларымен оқырман жүрегіне жол тапқан жазушы да, атақты пьесаларымен көрермен көңілінен шыққан драматург та емес. Негізінен ол фило­софия та­қыры­бындағы еңбектерімен танылған, өз уақы­тының белгілі ғалымы.

Рудольф Эйкенге бұл атақты марапат «Ақи­қатты іздегені үшін» деген желеумен берілді. Өз дүниелерін ол немістің көркем әдеби тілімен жазғанымен, бірінші кезекте Эйкеннің шығармашыл суреткер емес, философ екенін ұмытпағанымыз абзал. Есте­ріңізде болса, 1902 жылы Нобель сый­лығының «Римнің тарихы» атты іргелі еңбек жазған ғалым Теодор Момзенға не себептен берілгені туралы осыдан бұрынғы мақалаларымыздың бірінде тоқталғанбыз. Суреткерлік шеберлігімен адамзатты мойындатқан данышпан Толстой тұрғанда, әлемге әйгілі марапаттың тарихшы қан­жы­ғасына байлануының ғасыр басында үлкен дау-дамай туғызғанын да сол кезде ой тал­қы­сына салғанбыз. Ендеше әдебиет өкіліне тиесілі адамзаттық марапатты басқа сала адамының иеленіп кетуі Швед Академия­сының тарихында кездесіп тұратын жағдай. Оған таңғалудың қажеті шамалы. Нобель сыйлығы тағайындалған са­ла­лардың ішінде философияға арналған марапат жоқ. Сол себептен де әдебиетке тие­сілі сыйлықпен кей кездері танымал философтардың еңбектері аталып өтіп, марапатталып жатады. Мысалы, 1927 жылы француздың атақты философы Анри Бергсон, 1950 жылы ағылшын философы Бертран Расселдің әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленгені мәлім. Дей тұр­сақ та Бергсон да, Рассел да ғылымда үлкен жаңа­лық ашқан, адамзаттық ақыл-ойдың алыптары. Философия ғылымының тари­хын­да олардың есімдері Ницше немесе Шопенгауэрлардың қатарында аталады. Айталық, Бергсонның «Өмір философиясы» ХХ ғасырдағы философиялық ойдың дамуы­на айтарлықтай ықпалын тигізген іргелі зерттеу болып саналады. Бертран Рас­сельге келсек, ол – ағылшын неореализмі мен неопозитивзмінің ірі өкілі. Бір томға жуық әде­би шығармалары да бар. Өз басым Рас­се­льдің «Қала маңындағы сайтан» пове­сін оқып шығып, жаңашылдығына қатты ри­за болғанмын. Өкінішке қарай, фило­соф­тар­дың ішінен бірінші болып Нобель сый­лы­ғын алған Рудольф Эйкен дәл олардай әлем­­ге танымал тұлға емес. Ақын-жазушыларды тілге тиек етпе­генде, Эйкенді философтар да жыға тани бермейді. Бүгінде оның философиялық мұрасына қызығушылық танытушылар жоқтың қасы, мақалаларына да ешкім сіл­теме жасамайды, жазған еңбектерінің ғылым үшін құндылығы жойылған. Өмірде мұндай жағдайлар бола береді. Өз зама­нында атағы жер жара жаздап, жалпақ жұртқа танымал болғанымен, уақыт өте келе есімдері де ұмытылып, жазған еңбек­тері де ескіріп қалатын ғалымдар көп. Мы­салы, кім қазір өз дәуірінде тарихи-фи­лософиялық көңіл күйді қалыптастырған Адольф Тренделенбург деген неміс фи­лософын біледі? Тіпті, философия ғы­лымын арнайы зерттеп жүргендер де оның қандай еңбектері бар екенінен бейхабар болуы ықтимал. Рудольф Эйкен де тап сондай, философияда өзінің айшықты ізін қалдыра алмаған көп ғалымдардың бірі. Айталық, Эйкен Йенск университетінің профессоры атанды. Сол жылдары осы білім ордасында Готлоб Фреге дәріс оқыған екен. Аналитикалық философияның негізін салушы әрі математик Фреге бүгінде – ғылымда мойындалған әйгілі классик. Әлі күнге дейін философтар оның еңбектеріне сүйе­неді. Бір қызығы, көзі тірі кезінде Германияда оны ешкім елеген де, жазған еңбектеріне аса қатты назар аударған да жоқ. Ағылшынтілді ортада философтың еңбектері Екінші дүниежүзілік соғыстан соң ғана белгілі бола бастады. Сондай-ақ, әлем мойындаған неміс философы Эдмунд Гуссерльді қазір кім білмейді? Әдебиетшілер болмаса да, философтардың бәрі де оны жақ­сы біледі деген ойдамын. Бірақ өз уақы­тында Гуссерль де жұрт біле бермейтін көп ғалымдардың бірі болатын. Міне, көрдіңіз бе, өз дәуірінде жұлдыздары жарқыраған кейбір тұлғалардың еңбегі ескіріп, ал, кері­сінше елеусіз болып келген кейбір ға­лым­дардың соңына қалдырған мұрасының ғылымның алтын қазынасына айналып жататын кездері бар екен. Мұндай оқиғалар әдебиетте жиі болып тұрады. Айталық, бүгінгі әдебиет сыншыларының аузының суы құрып мақтап жүрген Герман Мелвилдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» романына жар­ты ғасырдан астам уақыт бойы ешкім назар аударған жоқ. Модернистік әдебиеттің ірі өкілі Франц Кафканың туындыларына да өз уақытында көз қырын салған сыншылар болмады. Төл әдебиетіміздегі мысалдарға жүгінсек, ұлы Абай да өз дәуірінде бүкіл қа­зақ мойындаған кемеңгерге айнала алған жоқ. Неміс философы Рудольф Эйкен болса, керісінше көзі тірісінде зор беделге ие бол­ғанымен, ғылымда айшықты ізін қал­дыра алмады. Енді Нобель сыйлығының тоғызын­шы лауреатының өмірі мен қандай еңбек­терінің бар екеніне де қысқаша шолу жасай кетейік. Рудольф Кристоф Эйкен 1846 жылы Аурих қаласында дүниеге келді. Әкесі тым ерте қайтыс болып, шешесінің қамқорлығы арқасында ол ең алдымен Геттингенск, кейін Берлин университетінде білім алып, классикалық философия мен ежелгі тарих­ты зерттеумен шұғылданды. Гим­назияда оқығанда ол матеметика мен музыкамен әуестенген болатын. Геттингенде жүргенде Эйкенге философия докторы дәрежесі берілді. Философия және рационалистік көзқарастармен әуестену қанағаттан­дырмай, ол Аристотельдің еңбектерін зерттей бастайды. 1870 жылы Аристотель туралы екі кітапшаны жарыққа шығарады. Автор өз диссертациясында Аристотель тілінің проблемасы туралы жазды. 1874 жылы Йенск университетінің профессоры атанып, 1920 жылға дейін онда дәріс оқыды. 1882 жылы Ирен Пасив деген әйелге үйленіп, бір ұл мен бір қыз сүйді. Балалары ғы­лым жолын қуып, біреуі – химик, ал екін­шісі экономист болды. 1908 жылы Рудольф Эйкенге «ақиқатты іздегені үшін» деген мағынадағы қисынмен әдебиет саласын­дағы Нобель сыйлығы берілді. 1911-1913 жылдары Эйкен Англия мен АҚШ-тың білім мекемелерінде дәріс оқыды. 1916 жылы Йена қаласының құрметті азаматы атанды. Дей тұрсақ та, Эйкен даңқының дақ­пыр­ты ғұмырлы болған жоқ, философтың артына қалдырған мұрасының бүгін ғалым­дардың қызығушылығын туғызбайты­нын біз жоғарыда айтып кеттік. Эйкен фи­ло­софиясының бір бөлігі тарихи, бір бөлігі шығармашыл болып келеді. Кейінгі жазған еңбектерінде шығармашыл жағы басы­мырақ, бірақ автор осы екі дүниені өзара бай­ланыстыруға ұмтылды. Тарихи еңбек­терінде Эйкен философиялық концепция­лар мен өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің ара­сындағы байланыс қажеттілігін көр­сетуге тырысты. Эйкеннің пікірінше, оларға әсер еткен барлық философиялық концеп­циялар, шын мәнісінде қоғамдық пробле­маларды шеше алады. Философтың бұл қол­данбалы идеализміне ғылымда «акти­визм» деген ат берілген. Бұл қағидатқа сәйкес, адамзат қоғамы өзі жасаған эти­калық таңдау өзін өзгерте алады деп сана­лады. Осы тұрғыдан алғанда ол моральдық және этикалық нормаларды айналып өтетін Ницшенің құдіретті адам туралы идеясына қарсы шықты. Эйкеннің философиясы өз тұрғысынан интеллектуалдық ой мен дінді та­быстыруға әрекет етіп көрді. Сондай-ақ фи­лософ адамдардың жаны бар болған­дық­тан, олар материалдық және рухани әлем­нің ортасында болуы керек деп есептеді. Мұн­дай жағдайда адамдар рухани кемел­денуге қол жеткізу үшін тоқтаусыз күш салу арқылы материалдық табиғатты жеңе білуі тиіс. 1872 жылы философтың «Аристотель­дің тәсілі туралы» деп аталатын еңбегі жа­рыққа шықты. 1878 жылы «Бүгінгі фило­со­фиялық ойлардың іргелі тұзақтары» атты кітабын шығарды. Философтың бұл кітабы ғылыми ортаның қатты қызығушылығын туғызды. Автор аталған еңбегінде түрлі фи­лософиялық көзқарастардың тарихи та­мырына талдау жасауға тырысады. 1908 жылы Эйкен «Бүгінгі замандағы ойдың негізгі бағыттары» деген атпен оны қайта шығарып, өз кітабын жеке философиялық ойларымен толықтырды. 1890 жылдары Эйкен философия, тарих проблемаларынан кетіп, 1896 жылы өзінің идеалистік, діні және этикалық ойын қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Міне, осылайша философтың «Діннің ақиқаты» және «Жаңа дүниетанымның негізгі белгілері» деп аталатын екі монографиясы дүниеге келді. «Жаңа дүниетанымның негізгі белгілері» деген еңбегінде ол дербес өмір саналып келген рух сезімін ынталандыруға ұмтылды. Эйкен өз еңбегінде Аристотель философия­сының көмегі арқылы адамның тіршілік етуінен тыс жатқан жердегі этика қалып­тастыруды қайта бағалауға әрекет жасап көрді. Ал, «Социализм: талдау» деп аталатын еңбегінде ол адамның мінезі мен оның әлемдегі орнына қатысты материалистік тәсілі үшін социализмді айыптайды. Күнделікті өмірдің сыртында болатын «биік мақсат туралы» Эйкеннің пікірі филосо­фиялық социализмге қайшы келді. Ол өз еңбектерінде социалистердің адамның рухани бастауын бағалай алмайтынын, еркіндік, ақиқат пен ізгілікті тани алмай­тынын көре білді. Эйкен адамзат баласына олар үнемі ұмтылуға тиіс рухани ынта туралы айтуға тырысады. Дей тұрсақ та, ескі идеализмді жақтап, Эйкеннің жүйесін сынағандар да болды. Егер Маркс дінді апиын санаса, Эйкен христиандықты нағыз дін санады. Оның айтуынша, «Христиан­шылдықтың қызметі – дін, қоғам үшін не жасай алады?» деген сұраққа жауап беру. Алайда, философ адамзат­ты аман алып қалу Құдайдың қолында тұр дегендердің пікірі­мен келіспейді. Дін «өмір­дің мағынасы не?» деген сұраққа жауап беруге тиіс. Ол Ғайсаны Құдай ретінде емес, пай­ғам­бар ретінде қарастырды. Философия Эй­кеннің өмірлік ісі болғанымен, ол за­манның ғылыми же­тістіктеріне тамсана қарады. Ницше сияқты ол абстракциялы зияткерлікке сенбеді, рухани әлемге бай­ланысты Гегелдің көз­қара­сын қолдамады. Ол адамдық тәжірибені сезіммен және әсермен шектейтін эмпирик болды.

1908 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР:

1. Джон Морлей (1838-1923) – ағылшындардың қоғам қайраткері, тарихшы. Антиимпериялық бағыттағы тарихи шығармалардың авторы. Вольтердің, Руссоның, Дидроның шығармашылығы туралы монографиялар жазған. Қаламгердің саяси журналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегі орасан зор. 2. Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) – ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның бірінші шайыры болып саналған. 3. Адольф фон Гарнак (1851-1930) – либералдық бағыттағы неміс теологы. 4. Элизабет Фёрстер-Ницше (1846-1935) – атақты ойшыл әрі филолог Фридрих Ницшенің қарындасы. Ницше атындағы мұрағаттың негізін қалаған. 5. Теодор Цан (1838-1933) – неміс қаламгері, протестанттық теолог. Негізінен ұстаз­дық қызметпен айналысқан. Мектептерде, колледждерде сабақ берген. Өмірінің соңында Лейпциг университетінде дәріс оқыған. 6. Георгиос Сурис (1853-1919) – грек ақыны, жазушы, әрі драматург. 7. Àнжель Гимерà (1845-1924) – испан ақыны, жазушы, драматург. 8. Эдмондо Де Амичис (1846-1908) – италиялық ақын, жазушы, журналист. 9. Антонио Фогаццаро (1842-1911) – Италия жазушысы, ақын, саясаткер. 10. Ярослав Врхлицкий (1853-1912) – чех ақыны, драматург, аудармашы. 11. Йозеф Виктор Видман (1842-1911) – швейцариялық жазушы, журналист, әде­биет сыншысы. 12. Сельма Лагерлёф (1858-1940) – швед жазушысы, 1909 жылы Нобель сыйлығын иеленді.