Жаңалықтар

"СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты

ашық дереккөзі

"СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Оған ҚР ҚК-ның 361-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы "Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану"; ҚР ҚК-ның 287-бабы 2-бөлігі "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" баптары бойынша айып тағылған. Судья оны қамаудан босатып, айыппұл салуға шешім шығарды. "Берік Шәріп 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 2 миллион 778 мың теңге сомасында 1000 АЕК айыппұл тағайындалсын. Берік Шәріп 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасауда кінәсіз деп танылсын және оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталсын. ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес айыппұл түріндегі жаза мерзімі 2020 жылғы 12 тамыздан бастап 2021 жылғы 4 тамызға дейінгі кезеңде айыппұл түріндегі жазаны өтеудің 4 АЕК үшін күзетпен ұстау уақытының бір күні есебімен қамауда ұстау уақыты есептелсін. Берік Шәріпке тағайындалған жаза өтелді деп есептелсін және ол сот отырысында қамаудан босатылсын. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын", - деп қаулы етті судья.