Қаржылық мониторинг агенттігінің пара алған екі қызметкері сотталды

Түркістан облысында дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің екі қызметкері сотталды, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Агенттіктің мәлімдеуінше, ведомство өз қатарындағы бұзушылықтарға қарсы тұрақты күрес жүргізеді және кез келген құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кеседі.

«Агенттіктің Жеке қауіпсіздік департаменті Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменттің екі қызметкерінің дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін пара алу дерегін анықтады. Екі қызметкер Садықов пен Шораев, қызмет бабын пайдалана отырып, алкоголь өнімдерін рұқсат құжатсыз және жалған есепке алу-бақылау маркасымен сату бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызмет дерегін жасыруға жәрдемдескен», – делінген хабарламада.

Олар алдын ала сөз байласу арқылы кінәсіз куәгерді әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, нақты кінәліге қатысты қылмыстық істі заңсыз тоқтатқан.

«Қылмыстық істің деректерін бұрмалағаны үшін Садықов пен Шораев 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алған. Қызметкерлер сотталды», –  делінген хабарламада.

Ведомство қаржылық мониторинг органдары қызметкерлері тарапынан құқыққа қарсы әрекетке тап болса +7 (7172) 708 478 телефонына қоңырау шалуды немесе dsb@afmrk.gov.kz поштасына жазуды сұрайды.

Back to top button