Токио-2020: Сәкен Бибосынов жартылай финалға шықты

Токио Олимпиадасында қазақстандық Сәкен Бибосынов (52 келі) жартылай финалға шықты.

Ол бүгін ширек финалда испаниялық Габриэль Эскобармен қолғап түйістірді. Сәкеннің қарсыласы – Габриэль Эскобар 1996 жылдың 22 шілдесінде Испанияның Леганес қаласында дүниеге келген. Бүгінге дейін құрлықтық додаларда жеңімпаздар қатарынан көрінді. Әзірге дүниежүзілік деңгейде жүлде алған жоқ.

Бүгінгі жекпе-жекте Сәкен қарсыласымен тартысты жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.

Бұдан бұрын жартылай финалға Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) шыққан болатын. Ал Сәкен Бибосынов бірінші жекпе-жегінде Пуэрто-Рикодан келген Янкиель Ривераны 4:1 есебімен жеңсе, одан кейін франциялық Биллал Беннамнан 5:0 есебімен басым түсті.

Бүгін тағы бір қазақстандық Закир Сафиуллин (63 келі) ширек финал ойынын өткізеді.

Back to top button