«Судан әкім де дәм татсын!»: Қызылордалықтар лай суды сатып алып ішуге мәжбүр болып отыр

Қызылордаға қарасты Сабалақ саяжайының тұрғындары қала әкіміне үндеу жолдады. Төрт мыңға жуық тұрғын лай суды сатып алып ішуге мәжбүр болып отыр екен. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлады.

2019 жылы құбыр тартылып, жақын арада таза ауыз су келеді дегенді естіген тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Алайда бұл қуаныш көпке созылмапты.

«Осы суды 16 жылдан бері ішіп келе жатырмыз. Оның алдында Шіркейлі каналынан су іштік, қыс болса қардың суын іштік. Акиматтың тірлігі 19-шы жылы басталды ғой, 3 жыл болды күткенімізге. Бұл енді басы басталды ізі аяғы көрінбейді», дейді саяжай тұрғыны Гүлсәнім Аукенова.

Сабалақтағы тағы бір түйткіл – жол мәселесі. Асфальт түгілі қиыршық тасты көрмеген тұрғындар жүріп-тұру қиындап кеткенін айтады.

Ал, шенділер ауыз су кіргізу жұмыстары толық аяқталғанан соң ғана жол салынатынын айтады. Саяжайды таза ауыз сумен қамтуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті.

«Оның бірінші кезеңі 2019 жылы бастау алып, республикалық бюджеттен 579 миллион қаражат бөлінді. Аталған жұмыс 2020 толықтай аяқталып бірінші кезең, 2020 жылы екінші кезеңге қаражат сұралды. Екінші кезеңге 581 миллион қаражат қаралып республикалық бюджеттен 2021 қазан айында келісім шарт бойынша аяқталуы жоспарланған болатын, алайда тұрғындарға суды беру мақсатында осы тамыз айында құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, халыққа ауыз су беру жоспарлануда», дейді Ержан Қалдыбеков, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы.

Алайда бұл жоспарға тұрғындар сенімсіздікпен қарап отыр. Себебі 2 жылда бітпеген жұмысты бір ай ішінде толығымен аяқтау мүмкін емес дейді.

Back to top button