Үмітхан Мұңалбаева: Баланың кітап оқуына бәріміз де мүдделіміз

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуы мен болашағы үшін аса маңызды бірнеше қадамды атап өткен болатын. Соның ішінде, ел руханиятының ошағы – кітапханаларға еркерше көңіл бөлген еді. «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің алаңы. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», – деген еді Мемлекет басшысы. Осыған орай Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаевамен кітапхана қоры және балалар әдебиеті төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

 – Үмітхан Дәуренбекқызы, өткен жылы 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп белгілеуді ұсынамын» деген мақалаңыз жарияланды. Нәтижесінде ұсынысыңыз орындалды. Ал балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің дамуы қалай болып жатыр?

– Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамын балалар әдебиеті қалыптастырса керек. Демек, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тағылым, тәлім қайнары. Қазіргі технологиялық өзгерістер мен күллі әлем бастан кешіп отырған жылдам даму кезеңінде балалардың ой-танымы, қызығушылығы да басқаша. Сондықтан 20-30 жыл бұрын жазылған (балаларға арналған) кітаптар қазіргі баланы аса қызықтыра қоймайтыны заңды.

Қазіргі кезеңде баланың ой-қиялын ұштайтын фэнтези шығармалар, адамгершілік болмысын қалыптастыратын жаңаша тәлімдік-тағылымдық жаңа кітаптар қажет. Қазіргі балалар әдебиеті саласындағы жаңа авторлардың, жаңа заман тынысын дөп басатын кітаптардың аз болуына байланысты қалыптасқан проблеманы шешу, жазушылар мен баспагерлердің назарын аудару мақсатында, 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп алуды ұсындық. Бұл өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар балалар әдебиеті саласының бүгінгі дамуына айтарлықтай әсерін тигізер еді. Сондықтан, бұл ұсынысты барлық зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер де қолдады.

Оқу жылы басталған уақыттан бастап балалар жазушыларының шығармалары насихаттала бастады. Осы алты айда бірнеше балалар жазушысының авторлық бренді қалыптасып үлгерді. Жазушы Рустем Сауытбайдың «Шокоәлем» деген фэнтези кітабының үшіншісі жазылу үстінде. Өйткені балалардың осы кітапқа қызығушылығы жоғары. Лилия Калаус пен Зира Наурызбаеваның «Алтын тостағанды іздеу» кітабының да бірнеше сериясы жарық көрді.

Мықты шығармалары бар, бірақ материалдық жағдайдың жоқтығынан кітаптарын шығара алмай отырған авторлар көп. Біз қазір солармен байланыс орнатып жатырмыз.

Осы ретте Ұлттық академиялық кітапхана тарапынан нақты қандай жұмыстар істеліп жатыр?

– Балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана 2021 жыл басынан бастап көптеген іс-шара өткізді. Мәселен, Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Әдеби агенттік құрылды. Бұл жұмысты үйлестірмен белгілі қаламгерлер Анар Кабдуллина, Ербол Бейілхан, Алмагүл Асқарқызы қатарлы қаламгерлер айналысып жатыр. «Балалар әдебиеті» жылын мағыналы ету мақсатында әдеби агенттіктің әлеуметтік топтарында қаламгерлер, баспагерлер, иллюстраторлар, редакторлар, дизайнерлер біріктірілді. Олардың қатары күн сайын көбейіп келеді. Осындай ортақ алаң жасау арқылы баспагерлер мен қаламгерлер тіл табысып, бірлесіп балаларға арналған кітап шығарып, таратуға кірісіп те кетті. Кітапхана жанындағы әдеби агенттік балаларға арналған жақсы кітаптарды тынбай насихаттап отыр.

Кітапханада балалар жазушыларының бірімен жоспарлы түрде онлайн кездесу, кітап тұсаукесерлері өтіп тұрады. Қазір кітапхана 10 балалар авторының кітабын шығарып беруді жоспарлап отыр. Ол тізімге балалар прозасы, балаларға арналған тақпақтар, ертегілер, балалар драматургиясы сияқты жанрлар кірді. Сол сияқты Балалар әдебиеті жылына арнап айтулы қаламгерлердің мақалалары жинастырылған жинақ та шығарғалы жатырмыз. Онда балалар әдебиетінің барлық проблемалары көтерілетін болады.

Сондай-ақ, 1 маусым – Балалар күніне орай «Бала TIME» атты ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Онда кітап фестивалі аясында 15 түрлі іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, кітап жәрмеңкесі, кітап тұсаукесерлері, сурет көрмесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі және қызықты танымды бағдарламалар жасау мақсатында «БалаTime» каналы ашылды. Жазушы, драматург  Баянғали Әлімжан, дизайнер Рахима Мұкышева, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Жас талант» үйірмесінің жетекшісі суретші-иллюстратор Қайрат Жәйірбек, балалар фэнтези-жазушысы Рустем Сауытбай, балалар жазушысы Серікбол Хасанмен және т.б. арнайы кездесулер ұйымдастырылды.

Бір мақалаңызда «Бүгінгі кітапханаларда балалар әдебиеті қоры аз және ескіргенін айрықша атап өту керек» деген едіңіз. Сіздіңше мұны қалай реттеуге болады?

– Қазір кітапханаларда балалар әдебиетінің қоры аз екені рас. Балалардың  арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау, балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының базасын жаңа көркем әдебиеттермен толықтыру, балаларға арнап жазатын қазақстандық авторларға қолдау көрсету, балалар мен жасөспірімдерге арналған шетелдік танымдық және көркем шығармаларды аудару шараларының тиімді жүзеге асыру өте қажет.

Биыл сәуір айында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың еліміздегі балалар жазушылары, депутаттар, баспагерлер мен кітапханашылардың қатысуымен онлайн кездесуі өтті.  Министр осы балалар әдебиеті жылы әрі қарай да жалғасын таба беретінін, балалар әдебиетінің дамуына Үкімет тарапынан қолдаудың ешқашан үзілмейтінін айта келіп, биыл балаларға арналған 40 атауымен кітаптар 120 000 таралыммен   кітапханаларға тегін таратылатынын айтты. Сол сияқты, биыл жазушылар кітаптарының көптеп шығарылуына жағдай жасалып, 2021 жылы балалар әдебиетін қолдауға  227 млн теңге бөлініп отырғанын айтты.

Ал кітап қорын жаңарту үшін мынадай нақты мәселелермен айналысуымыз керек. Біріншіден, балаларға арналған мультфильм, көркем фильм, қуыршақ театры, жасөспірімдер театрында қойылатын пьесалардың бәрі де әдебиеттен бастау алады. Балалар жазушысының жақсы шығармасы ертеңгі күні киноға да, мультфильмге де, пьесаға да айналып жүре беруі мүмкін. Сол сияқты балалардың электронды кітапханасын ашып, дамытуымыз керек.

Екіншіден, әдеби конкурстар ұйымдастыру мәселесі. Рас, балалар әдебиеті конкурстары елімізде бұрын да өткізілген еді. Алайда, «Дарабоз» конкурсы «Алтын қаламға» қосылғалы  сұйылып кеткені рас. Жазушылар Одағы мен «Қазақмыстың» бірлесіп ұйымдастыратын «Балауса» конкурсы бар еді, ол да тоқтады. Әдеби конкурстар – авторлардың сапалы шығармалар жазып шығуына мотивация беретін жолдардың бірі. Конкурста сыннан өткен балаларға арналған шығармалар баспадан кітап болып шығып, еліміздің барлық кітапханаларына түсетіндей, таралымы да жеткілікті болса екен дейміз.

Үшіншіден, балалар кітабына қойылатын талап. Баспадан шығарылатын әрбір балаларға арналған кітапта  оқуға рұқсат берілетін жас мөлшерінің белгісі таңбалануын заңдастыру керек (+3,  +6 , +12, +16). Мазмұнында зорлық-зомбылық, басқа да психологиялық әсер беретін ақпарат мұқият сүзгіден өтуі керек. Кітап мазмұнындағы жас мөлшеріне тыйым салынатын оқиғалар суреттелген кітаптарды таразыдан өткізетін арнайы комиссия құрылып, оның шешімінің болуы әр баспаға  заңмен енгізілуі тиіс. Бұл – әлемдік кітап нарығында бар тәжірибе.

Төртіншіден, қазіргі балаларды қызықтыратын «Гравити-Фолз» сынды комикс кітаптар бар, осы жанрмен айналысатын авторлар мен үздік иллюстраторларды  қолдау керек. Сол сияқты, ертегі, тәлімдік әңгіме, мысалдарды аудиокітап жасап, мектеп кітапханаларына тарату, бастауыш сыныптарда көрнекілік ретінде пайдаланылуын насихаттау да артық емес. Қазақ тіліндегі аудиокітаптарды тарататын қосымшалар бізде жоқтың қасы, осы қосымшаларды көбейтуді қолға алған жөн.

Балалар жазушысы Серікбол Хасан бір мақаласында «Балалар әдебиетін дамыту» бюросын ашуды ұсынған болатын. Бұл – өте дұрыс ұсыныс. Егер ондай бюро болатын болса, жоғарыда айтылған ұсыныстарды үйлестіріп отыратын таптырмас орын болар еді.

– Енді кітапхана жұмысына ойыссақ. «Кітап оқитын оқырман азайды» деген сөз арагідік айтылып қалады. Жалпы, сіздер оқырманың қаншалықты кітап оқитынын зерттейсіздер ме? «Оқырман азайды» деген қаншалықты рас?

– Бүгінде отбасында баланы кітапқа деген сүйіспеншілік пен қызығушылығын ояту аса қажет. Ұлттық академиялық кітапхана 2020 жылғы қазан айында баланың өмірі мен дамуындағы кітаптың орны мен маңызын анықтау, балалар мен отбасылық оқуды ұйымдастыру туралы түсінік алу мақсатында кішкентай, орта және үлкен жастағы балалардың ата-аналары арасында сауалнама жүргізді. Бір тақырып бойынша сауалнамалардың 2 түрі ұсынылды, бірақ әртүрлі аудиторияға бағытталған: нөлден 7 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына және 9-14 жастағы орта және үлкен балаларға арналған зерттеуге барлығы 1 320 адам қатысты, оның ішінде 578 ересек адам және 742 бала.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, барлық ата-ана баланың оқу мәселесіне байланысты егер бала оқымаса сөздік қоры таусылады, зияткерлік және танымдық мүмкіндіктер деңгейі төмендейді, жас жігіттің қоғамға кіру, оның моральдық және рухани құндылықтарымен танысу процесі бұзылады, оқымайтын ұрпақ өседі, олар да өскенде ата-ана болған соң, біртіндеп әртүрлі ұрпақ өкілдерінің рухани дамуын жоғалтуына әсерін тигізеді деп алаңдайды екен.

Ата-аналардың 30 пайызы кітапханашылардан, мұғалімдерден және тәрбиешілерден кәсіби көмек алуға дайын, қалғандары өздерінің оқу тәжірибесіне сүйенеді. Ата-аналар отбасылық оқу туралы сұраққа жауап бере отырып, белгілі бір қиындықты бастан өткерді. Яғни, отбасылық оқу дәстүр ретінде қазақстандық отбасылардың тұрмысында жоқ екенін байқатты. Оқу негізінен жеке сипатта болады, кейде отбасылардың тек 15 пайызы ғана  оқыған кітаптарын талқылайды. Негізінде біздің ата-аналардың өздері жеңіл әдебиетті, журналдар мен газеттерді оқуды жөн көреді. Танымдық әдебиеттерді негізінен балалар оқиды, ол 23 пайыз болса, кәсіби әдебиеттерді жұмыс уақыты аясында оқитындар 7 пайыз болып отыр. Мүлдем кітап оқымайтын ата-аналар – 2 пайыз.

Ұзақ оқуға арналған шығармаларды негізінен күн сайын балаларға ата-аналар таңдайды. Мұндай отбасылар 40 пайыз. Биыл енді «Балалар әдебиеті жылы» болғаннан кейін балала қандай кітап оқиды дегенге келсек, ертегілер, аңыздар, эпостар, батырлар туралы, қазақ әдебиетінің классиктері Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғаскаев, Саин Мұратбековтің повестері. Қазіргі жазушылардың ішінде Лиля Калаус, Зира Наурызбаева, Акбар Нұрланның повестері мен әңгімелері, әлем халықтарының ертегілері, түрлі ел жазушыларының шығармаларын балалар көптеп оқиды.

Әлемнің 39 елінен Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығын аштыңыздар. Ол қазір қандай жұмыс атқарып жатыр?

Ұлттық академиялық кітапхана 2016 жылдан бастап ТМД және әлемнің ірі кітапханаларында қазақстандық әдебиет пен мәдениет орталықтарын ашу бойынша халықаралық жобаны жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда 35 елде жұмыс істейтін 39 орталық ашылды. Атап айтатын болсақ,  Корея, Қырғызс Республикасы, Венгрия, Түркия, Ресей, Финляндия, Армения, Малайзия, Қытай, БАӘ (Дубай қаласы), Франция, Жапония, АҚШ, Болгария, Швеция, Италия, Германия, Испания, Алтай Республикасы, Латвия, Моңғолия, Беларусь, Египет, Италия және т.б.

Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтарының ашылуы еліміздің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялау идеясына қызмет етеді. Жобаның мақсаттарына әлемнің ірі кітапханаларымен сындарлы ынтымақтастық жасау, қазақстандық авторлардың шығармаларын жаһандық әдеби процеске біріктіру және әдебиеттермен тұрақты өзара алмасуды жолға қою және кітапханалардың электрондық қорларына қол жеткізу кіреді. Сондай-ақ, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танымал ету, әлемнің ірі кітапханаларының оқырмандарын тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерімен таныстыру, кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету саласында мәдени байланыстарды және өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру. Одан бөлек, орталықтарда шетелдегі отандастарымызды жақындастыруға және біріктіруге бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Кітапханадағы жалпы кітап қоры жеткілікті ме? Оны толықтыруға министрлік тарапынан қандай қолдау бар?

– Кітап қоры көп жағдайда мемлекеттік тапсырыспен келетін кітаптар (тегін), сыйға берілген және кітап тұсаукесерлерінен түсетін кітаптармен толығып отырады. Сонымен қатар, кітапхана қоры әртүрлі ресурстарды біріктіреді. Кітапханаға жыл сайын 52 000-нан аса оқырман тіркеледі. Келушілер саны орта есеппен алғанда – 620 000. Кітап берілім тізімі 1 миллионға жуық, ал қордың саны 1,5 милиионнан асады.

Сұхбаттасқан

Бақытбек ҚАДЫР

 

 

Back to top button