Мәдени және моральдық имперализм өмірімізді жаншып кетпесін десек...
Мәдени және моральдық имперализм өмірімізді жаншып кетпесін десек...
Мәдениет – әлсіресе, ұлттың руханияты құлдилайды. Бүгінде тілдің жағдайы мәз емес, мәдениетіміз де талмаусыраған күйде. Жоқ деуге арымыз жібермес, мәдени салада жеткен жетістіктеріміз әжептәуір. Президентіміздің мәдениетті дамыту жөніндегі ұстанымы таяу арада өз нәтижесін беретініне сенгендейміз.
Қазақ халқының жандүниесі таза болғандықтан оның мәдениеті де таза қалпында сақталған. Елді ұйытатын – дін, тіл, ерекше ұлттық мәдениет. Бұл – үшеуі әлсіремеуі тиіс. Әсіресе, мәдениетті қылаудан әлсіретпеу керек. Қазір америкалық қара нәсілділердің өмір сүру салты сондағы ақ нәсілділерге ұқсап барады. Мәдениет арқылы болсын, басқа құндылықтар арқылы болсын, бізге рухани тұтастық керек. Қазақтың тілі, діні, мәдениеті, саяси экономикалық басқаруы, тағы басқа жүйелері сақадай сай ма? Басқа ұлттарды мәдениетімізге еліте аламыз ба? Жоғарыдағы Америка билігі өзге ұлттардың мәдениетіне заң жүзінде қарсылық білдірмесе де, оларға кең жайылуға мүмкіндік бермей отыр.
Тәуелсіздік алған жылдары өзіміз конституциясын үлгі етіп, Ата Заң құрастырған француздардың тәжірибесінен үлгі ала алмадық. Азаттық алған тұста 2 миллионнан астам өзге ұлт тарихи отандарын іздеп үдере көшіп кетті. Ал қазақтың елдігіне мойынсұнғаны осы жерде біржолата қалды. 90-шы жылдары мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер қат болса да, Қазақстандағы диаспоралар балаларын жаппай қазақ мектептеріне берген кездер де болды. Ың-шыңсыз келе жатқан мәселені өзіміз күрделендіріп жібердік. «Сен неміссің, сен өзбексің, сен грексің, сен кәріссің» - деп әркайсысының көзін шұқып, оларға бір-бір мәдени орталық ашып бердік. Осылайша мультимәдениеттік қалыптастырдық. «Тіліңді ұмытуға тиіс емессің» дегенді ұран етіп, театр, газет ашып бердік. Саясаттан да тысқары болмауың тиіс, деп Парламенттен орын бердік. Бұл – бір елдің халқын алалау мен үй ішінен үй тігу еді. Ал ол нені көрсетеді?!
Мәдениеттанушы Дэвид Кристал: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен елде екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақыр соңында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал әлгі жеңілген шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге арланатын сол ұрпақ «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әбігерленсе де, өз баласына ана тілін үйретуге шамасы жетпейді. Ең өкініштісі де осында» – дейді.
Тіл мен мәдениеттің өткені мен болашағы біздің өмір сүруіміздің басты мұраты. Демек, ертеңін білгісі келген адам – ана тілімен қатар мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Француздың ұлы ойшылы Жан Жак Руссо: «Өз балаларымызды ұлттық патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Мен әр бала әріп танып, оқуға үйренісімен бірінші оқитыны – өз елі туралы болса екен деймін. Әуелі бала өз мемлекеті не өндіретінін білсін. 12 жасқа толғанда өзінің туған Отанындағы қалалардан тартып, қара жолдарына дейін жатқа білетін болсын. 15 жасында тарихын меңгерсін, 16 жаста – барлық заңдарынан хабардар болсын» – дейді. Міне, мәдениет осындай бағытта қалыптасуы керек еді. Бізде қалай, бәрі қойыртпақ!
Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттің мәдениет саласындағы ұзақ мерзімге арналған тұжырымдамасы жасалды. Талқыға салынды. Ол талқыға салынбауы тиіс еді. Тұжырымдамада «Қазақ мәдениеті» деген бір ауыз сөз болмады. Оның орнына «Бүкілқазақстандық мәдениетке жаңа көзқарасты қалыптастыру» делінді. Сонда бұл қандай мәдениет? «Бүкілқазақстандық мәдениет» деген нені білдіреді? Ел мәдениеті ұсақ диаспоралардың мәдениетінен құралады деген сөз бе? Егер тұжырымдаманы әзірлеушілер солай ұйғарса, бұл қателіктің төресі еді.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мәдениеті мемлекет құрушы ұлт – қазақ ұлтының мәдениеті болып табылады. Ал түрлі ұлттар өкілдерінің мәдениеті – сол темірқазық мәдениеттің кұрамдас бөліктері.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары алдымен мәдениет саласына шабуыл жасалды. Тоқсаныншы жылдардың басында кітапханалар мен мәдениет ошақтары «оптимизацияның шырмауында» қалды. Шүкір, қазір ол қалыпты нормаға түсіп отыр. Қазақстан Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы бастамасы орнықты. Қазір бұл жолдағы бастамалар тәуір.
Жоғарыдағы Франция өткен ғасырдың 80-ші жылдары «Ықшам мәдениет» тұжырымдамасын елдегі иммигранттарға төл мәдениетін, дәстүрін сақтау үшін ассоциациялар құруға мүмкіндік туғызды. Белгілі уақыт өткен соң Франция президенті Жискар де Эстен бұл тұжырымның күшін жойды. Президент оның себебін былайша түсіндірді:
«Түрлі мәдениеттер үшін француздың дәстүрлі ұлттық мәдениетінен бас тартып, ұсақ мәдениеттерге бөлінуге тура келді. Ал бұл өліммен бірдей еді». Бұдан артық не айтуға болады!?..
Мұндай жағдай Қазақстанда жоқ па? Егер Польшада поляктар, Украинада украиндықтар, Грецияда гректер өз табиғи болмыстарын сақтау үшін өз елдерінде мәдени орталықтар ашса не болар еді? Бұл жоғарыда Француз президенті айтқандай өліммен тең емес пе?! Ал біз оған мүлт етпедік. Кезінде Степногорскіде қазақ ұлттық мәдени орталығының жұмыс істегеніне көз жұма қарадық. Масқара!
Ал осыдан соң француздар не істеді? Өзгелердің Франция мәдениетін біліп, сусындауы үшін елдегі барлық мәдениет ошақтары тегін жұмыс істейтеуге көшірілді. Ол Үкіметтің қаржысына қаншама нұқсан келтірсе де, одан бас тартпады.
Қазақстанда ішкі саясаттың барлығы кеңестік дәуірдегідей жасақталған. Қазақстанның ішкі саясатының негізі – интернационализм. Үш тұғырлы тіл саясатымен келісуге де болады. Өйткені орыс тілі Қазақстанның посткеңестік мемлекеттердегі орнын анықтайды, қазақ тілі – ішкі тұрақтылықты сақтау үшін қажет, ағылшын тілі – әлемдік қауымдастықпен тереземізді теңестіреді деген ұғымның шеңберінде қатып қалмауымыз керек және мұндай жағдайда ол мемлекеттік тілдің есебінен жасалмауы тиіс. Сөз бен іс қабыспайды. Ал мултикультурализм мәселесіне келсек, билік Қазақстан халқын жұмылдырғанның орнына, бөлшектеуді көздеп отыр. Еуропаның өзінде көп мәдениеттіліктің күні бітті. Өткенде Германия канцлері Ангела Меркель осындай мәлімдеме жасады. Демек, бұл немістерге ғана тән мәселе емес, бүкіл әлем көп мәдениеттіліктен бір мәдениеттілікке ұмтылуда. Дегенмен мәселе қоғамның көп немесе бір мәдениеттілігінде де емес. Мәселе қоғамды алға сүйрейтін элитада. Қазақстанның бүгінгі билігі – қазақ тілді ортаның өскенімен санаспаса болмайтынын ескеруге мәжбүр болады. Демек, қоғамдағы қазіргі мәдениет пен тілдік саясаттың бәрі шынайы болуы тиіс.
Өткен ғасырдың 60-жылдары мәдени төңкеріске қарсы реакция ретінде консервативтік қозғалыс пайда болды. Әлеуметтік консерватизм – Голливудтың мәдени гегомониясына және бізге жат, дұшпандық құндылықтарды таңуға қарсы реакцияның ылаңы еді. Дәстүрлі консервативтік христиан қоғамы әртүрлі әдістермен аталған құндылықтарға қарсы тұрады. Христиан қоғамының өкілдері балаларын мемлекеттік мектептерден шығарып, үйінде оқыта бастады. Олар ендігі жерде кинотеатрларға да бас сұқпайды балаларды теледидардан алшақ ұстауға тырысып бағуда.
Дәстүрлі ислам қоғамының да өз елдеріне кеңінен тарап жатқан осындай былыққа деген өзіндік қимылы бар. Бұл – Батысқа және Америка Құрама Штаттарына қарсы қимыл. Араб әлемінде британдықтарды ығыстырып, ұлы империалистік державаға қарсылық ретінде түсінуге дағдыланған Американы кеудесінен итерудің салдары. Мәдени және моральдық империализмге қосымша бүкіл сенімнің астан-кестеңін шығарып жатқан басқа империализм пайда болды. Ол – америкалық әскери билік және саяси басқыншылық. Ақ үй өз елдерінің мүдделерін Американың ұлттық мүдделерімен үйлестіруге талпынатын рәсімдерге қолдау көрсетеді. Антиамериканизмнің формуласы осы.
Қазақ тілі мәселесі көтерілсе-ақ болды, мұны балабақшадан бастау керек деп өткен ғасырдың соңынан бері айтылып келеді. Сол кезеңде балабақшаға барғандар қазір 30 жастағы азаматтар. Ал нәтижесі өзгеріссіз. Жалпы, тілді балабақшадан емес, мемлекеттік қызметкерлерден бастау керек. Тілді дамыту жөнінде көршіміз өзбек ағайындардан үйренеріміз бар. Өзбекстанда 30 миллион халық бір ғана өзбек тілінде сөйлеп, мемлекеттік қызметкерлері осы тілде жұмыс атқарады. Біз болсақ, өзімізді былай қойып, орыстар мен ұйғырларды, шешен мен корейлерді орыс тілінде сөйлеуге мәжбүрлеп отырмыз. Мұның өзі билік буындарының талапсыздығын және мемлекеттік тілге немқұрайлығын көрсетеді.
Демек, бұл жердегі мәселе, тек балабақшада емес, бүкіл оқу- тәрбие мен қызмет көрсету процесін жаппай қазақшаға көшіруде болып тұр! Дамыған, демократиялық елдердің өміріне көз жүгіртсек, олардың бәрінде де әсіресе, орта мектептер тек сол мемлекеттің тілінде екенін көрсетіп отыр. Мәселен, Францияда француз мектебінен өзге, Германияда неміс мектептерінен өзге басқа ұлт өкілдерінің мектебіне бюджеттен қаржы бөлмейді. Тіпті, алысқа бармай-ақ, Мәскеудің өзінде татарлар көптен тұрса да, татар мешіттері көп болса да, татар орта мектебі бар дегенді естіген емеспіз. Демек, біз өзге елдерге ұқсап мемлекеттік қаржыдан, бюджеттен тек қазақ мектептеріне, балабақшаларға ғана қаржы бөліп, барлық мектептерді жаппай қазақшалауға бетбұрыс жасасақ, оның нәтижесі азғана уақытта айқын байқалар еді. Сондай-ақ, қазақ тілін білмейтіндерді билік орындарына жолатпау дегенді бәзбір саясаткерлер ұлтшылдыққа сайдырып, адамды тіліне бола кемсітушілік деген мәселемен қасақана шатастырып, арандатып жүргені туралы мысалдар аз емес. Демек, ұлт патриоттары ең алдымен өз Отанының мүддесі туралы ойлануы керек және оны өзге әріптестеріне үлгі ретінде көрсетуі тиіс. Олар осы талаптары арқылы өз компанияларының мүддесін ойламай, еліміздің экономикалық және салық саясатын дұрыс құруды ойлануы тиіс.
Мәдениет министрінің ықпалы үкіметтегі барлық министрлерден биік болуға тиіс! Мәдениетті коммерцияға басыбайлы құл етудің соңы сорға айналады. Ұрпақ қамын ойлаған кейбір елдерде Мәдениет министрлігі литерлі министрлік аталады. Мәселен, Египет Араб Республикасында – Байырғы құндылықтарды сақтау министрлігі, Болгарияда – Ұлттық мұра министрлігі, Польшада – Мәдениет және ұлттық мұра министрлігі, Оңтүстік Кореяда – Патриотизм министрлігі, Тәжікстанда – Ұлттық дәстүрлер министрлігі бар. Олардың қайбірінің құзіреті вице премьер-министрмен тең дәрежеде.
Ұлттық шедеврлер ақшамен жасалмайды – жүректен туады! «Әуелі – экономика, содан кейін – саясат» деген ұстаным, қазақ қоғамының түбіне жетті. Мемлекеттің атақ-даңқын мәдениет қана шығарады! Ол үшін – білім керек, оқу керек! Оны пайдаланып отырған елдер де бар. Мәселең, Бразилия үкіметі ай сайын жұмысшылардың кітап оқып, театрларға баруы үшін 25 доллар көлемінде қосымша ақы төлейді. Елдің түрмелерінде жазасын өтеушілер кітап оқыса, жазасы қысқартылады. Ал ежелгі Афиныда театр қойылымдарын көруге құлдардан басқа барлық қала тұрғындарының барлығы баратын тәртіп болған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұр – Сұлтан қаласына әлемдегі 10 консалтингтік компаниялар қатарындағы Адизес институтының негізін қалаушы, ғылым докторы Ицхак Калдерон Адизес келіп, зерттеу жүргізіп, өз ойын былайша түйіндепті:
«Қазақстанда ақылды да білімді адамдар көп. Олардың миын сарқа пайдалану үшін мәдениетті өзгерту керек. Басшы мәдениетін өзгерте алмайды, себебі, оның еркіндігі шектеулі. Қазақ компаниясының басшысы өзгеру үшін шетелдік басқарушылар келуі керек. Дегенмен, бұған өте ұзақ уақыт керек, мысалы, «Қазақстан – 2050» бағдарламасы – «Қазақстан – 2050»-ге созылып кетуі мүмкін...». Әрине, ол бұл жерде біздің кемшін тұсымызды айта отырып, тұқыртып отыр.
Біздің өз мәдениетіміз бар, басқаның тозған таңсығының керегі жоқ. Шетелдік басқарушыларды біздің ақыл-ойымыз он орап алады. Әрине, оқып-тоқу да, үйрену де керек шығар. Бірақ, батыстықтардың 2050 жылдары қандай батпаққа батып жататындығын бір Құдай ғана біледі...»
Ицхак Адизестің ойының тоқетер түйіні мынаған саяды: «Шетелден білім алғандар елде өзгеріс жасауға тиіс. Егер, шетелде білім алғандар өздерінің миы мен білімін қайда жұмсарын білмеген соң, Қазақстаннан кетіп жатса, мен оларды түсінгендеймін. ТМД елдерінің бәрінде советтік мұра қалдықтары бар. Кеңестік білім мен тәрбиенің, білік пен мәдениеттің адамдары иә өздері өзгермейді, иә өзгелердің өзгеріс жасауларына мұрсат бермейді. Иә, «Сіздердің «Болашақ» бағдарламаларыңыз жақсы, бірақ, шетелдік білім алған адамдарды советтік тәрбиенің жетекшілері басқармауы керек...».
Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері бар.
Белгілі саясаткер Әзімбай Ғали «Этноцентрден – лингвацентрге» деген еңбек жазып жариялады. Оның мәнісі қызмет орындарына кадрларды ұлтына қарамай тілді білуіне қарап іріктеуге саяды. Бұған әсіресе, орыс тілді оппозиция мен биліктегі қазақтар қарсы шыққанын ұмытпауға тиіспіз.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.