Талантты жазушы Аягүл Мантай дүниеден өтті

Әдебиет сүйер қауымның арасында өз орны бар, оқырманын тауып үлгерген жазушы Аягүл Мантай 29 шілде күні таңертең қайтыс болды, – деп жазды Azattyq-ruhy.kz.

Марқұм Түркістан облысындағы өз үйінде көз жұмған. Талантты жазушының мезгілсіз бақилық болғанын құрбысы Бану Оңдасынова растады. 39 жасқа қараған шағында көз жұмған Аягүл соңғы уақытта күйзелісте болған деді ол.

«Үш-төрт күн бұрын Алматыдан Жетісайдағы анасының қасына барған еді. Ол өміріндегі қиыншылықтарды көтере алмады. Жаны нәзік жазушы мына қатал өмірге бейім болмады. Соңғы рет «Рух» байқауына қатысқан еді. Шығармалары жүлдеге ілінбеді, оның талантын ескермеді. Оны өзіне етене жақын достары ғана қолдады. Соңғы жылдары мүлдем жұмыссыз болды. Жазушылар Одағынан да көмек болмады. Мемлекет жас жазушыны керек қылмады. Одақ, әкімдік миллиондап әдебиеттің айналасында жүргендерге ақшаны таратқанда Аягүлді елемеді. Енді келіп қимай жатырмыз деп жоқтауда. Бар кезінде қадірін білмеді. Ресейде оқыған кезде оның талантын Мәскеудегі әдебиет қауымы өте жақсы бағалады. Ол жаққа барам дегенде, коронавирус қозып тұр деп жібермедік. Ол Мәскеудегі РУДН-ге 2013 жылы оқуға түсіп 2015 жылы бітірді. Ресейде 5 жыл тұрды. Соңғы кезде оның өміріне, жүрегіне жеке адамдар, үлкен қызметте жүрген бір адам қатты әсер етті», – деді жазушының құрбысы Бану Оңдасынова.

Жазушы Аягүл Мантай екі кітаптың авторы. Оның 2006 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» және 2019 «Жүрекке оралу» атты қос кітабы жарық көрген.

Ол «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқаи атындағы әдеби байқаудың жүлдегері. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері.

Жазушы шығармаларына өз өмірінде арқау етіп үлгерген. Оның «Бөтен», «Соқыр сана», «Томпақ» сынды көптеген өзге де әңгімесі оқырман көңілінен орын тауып үлгерген.

Back to top button