Жаңалықтар

Жер емгендердің ерекше жеңісі

ашық дереккөзі

Жер емгендердің ерекше жеңісі

Биыл Қазақстан қоймаларына 23,1 млн тонна алтын астық құйылды

Елімізде күзгі жиын-терім жұмыстары аяқталды. Отандық диқандар 23 миллион тоннадан астам астық жинап, соңғы 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы астық жинау науқанының нәтижесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту деп бағалады. Астық көлемінің егемендік тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетуі – ауыл еңбеккерлері, агроөнеркәсіп кешені және бүкіл еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін айқын көрсететін аса маңызды оқиға. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғановтың айтуынша, астықтың биылғы жалпы жиыны өткен жылмен салыстырғанда, 1,4 есеге жоғары. Осы уақытқа дейін отандық егістік үшін ең жемісті уақыт 2009 жыл болған. Ол кезде республика бойынша бункерлік салмақта 22 миллион тонна астық жиналған. Ал бұл жолы диқандар 23,1 млн тонна өнім жинады. Орташа түсім гектарына 15,2 центнерді құрады. Негізгі астық өндіретін өңірлерді 16,8 млн тонна астық орылды. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының диқандары 5 миллион тоннадан астам астық алды. Ал Қарағанды облысында 1 млн тоннадан астам дәнді дақылдар бастырылды, бұл облыстың егін шаруашылығы тарихындағы рекордтық нәтиже. «Барлық ұйымдастырушылық мәселелерді уақытылы шешудің арқасында дәнді дақылдарды жинау науқаны оңтайлы мерзімде аяқталды. Биыл астық жинау қарқыны күніне 375 мың гектарға жетті, бұл 2015 жылдың деңгейінен 1,3 есе жоғары, ал 2014 жылмен салыстырғанда 2,6 есе жоғары болды», – дейді Қайрат Айтуғанов. Еліміздегі мақта, қант қызылшасын және күрішті жинау жұмыстарының нәтижесі де көңіл толтырарлық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, күріштің әр гектарынан 51 центнер өнім алынып, жалпы жиын көлемі 432 мың тоннаны құрады. Күріштің негізгі бөлігі өсірілетін Қызылорда облысында егін жинау аяқталуға жақын. Бұған қоса, биыл гектарына 327 центнер түсімділікпен 422 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда. Сондай-ақ, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көкөніс пен бау-бақша дақылдарының өнімділігі едәуір артқан. Майлы дақылдар көлемі 1,2 есе ұлғайып, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетеді деп болжануда. Жиын-терімді өзге өңірлерден бұрын аяқтаған оңтүстікқазақстандық диқандар биыл астық өсіруде озық технологияларды, оның ішінде терең қопсыту әдісін қолдана отырып, үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. Оңтүстіктің шаруалары 214,4 мың га жерге егілген масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 22 центнерден, барлығы 470 мың тонна өнім жинады. Атап айтқанда, Қазығұртта 42 мың га жерге егілген астықтан гектарына – 26,5, Төле би ауданы 20,6 мың гектардан – 26, түлкібастық шаруалар 24,8 мың гектардан – 25,2 центнерден өнім алған. Ал солтүстікқазақстандық диқандар 3,2 млн гектар егіс танабынан 5 млн 425 мың тонна астық бастырды. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, орташа өнімділік бір гектардан 16,9 центнерді құраған. «Мемлекеттің қуатты қолдауының арқасында жақсы өнім алдық. Жеңілдік қаражат уақтылы бөлінді, арзандатылған дизельдік отын, жеңілдік несиелер алынып, техника жаңартылды. Орташа өнімділік гектарына 20 центнерді құраған аудандар да бар. Оларға Жамбыл, Айыртау, Қызылжар және Есіл аудандарын жатқызуға болады», – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Биыл жеңілдік қаражаттың сомасы 17 млрд теңгені құрағанын атап өту керек. Қазіргі кезде жаңа өнімнің астығы нан қабылдау орындарына түсіп үлгерді. СҚО-да жалпы көлемі 3,4 млн тоннаны құрайтын астықты қабылдау және сақтау үшін 54 лицензияланған элеватор жұмыс істеуде. Облыс агроқұрылымдарының тағы 3,1 млн тонна астықты сақтауға арналған қоймалары бар. Бүгінде 1 млн 200 мың тонна астық қамбаға құйылды. «Мұның барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін зор алғыс білдіремін», – деді Елбасымыз еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне жолдаған құттықтауында. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы, өткен ширек ғасыр ішінде ауыл шаруашылығының қалай өркендегенін, Қазақстанның аграрлық держава ретіндегі өз жағдайын жақсартып қана қоймай, азық-түлік нарығындағы жаңа белестерді игеріп келе жатқанын айтқан. «Біз бірлесе күш жұмылдырып, халқымыздың өсіп-өркендеуіне септігін тигізетін, туған өлкеміздің шынайы әлеуетін көрсететін ауыл шаруашылығын жаңғыртудамыз. Қазіргі заманда жоғары технологиялы қуатты агроөнеркәсіп кешені елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өлшемі болып саналады. Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз», – деп Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық сала қызметкерлерін ынталандыра түсті. Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру үшін биыл еліміз астық экспортының көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өткен жылы республика бойынша 18 миллион тоннадан астам астық жиналып, оның 7 миллион тоннаға жуығы шетел нарығына шығарылған еді. Биыл 9 млн тоннаға жуық өнім экспорттау көзделуде. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің сарапшысы Сағынтай Жұмажановтың айтуынша, Қазақстан астығының негізгі тұтынушылары – Орта Азия елдері, Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан мемлекеттері. Ал соңғы жылдары отандық өнім Қытай, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс пен Еуропалық Одақ елдеріне тұрақты тасымалдануда. Мәселен, Қытайға жөнелтілетін астық көлемі бір жылдың ішінде 4 есеге көбейді. 2014-2015 жылдары 110 мың тонна, 2015-2016 жылдары 414 мың тонна өнім экспортталды. Қазіргі таңда ҚХР реформалар мен даму жөніндегі Ұлттық комиссиясымен 500 мың тонна өндірістік астықты экспорттау бойынша келіссөздер жүргізілуде. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі экспорт көлемін одан әрі 1 млн тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті.  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ