Көне мұра көзден таса қалмасын десек…

Халқымыздың рухани-мәдени бай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сонау көне дәуірлерден бүгінге жеткен жәді­герлердің сақталу деңгейі қандай? Осы мәселені білмек мақса­тын­да Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық архивіне қа­расты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына арнайы барып, орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Бұл орталықтың негізі – Алматыдағы кі­тап музейі мен архивтегі көне кітаптар мен қолжазбалардан жинақталып, 2017 жы­лы 10 маусымда EXPO-2017 халықара­лық көрмесі аясында құрылған. Бүгінде ор­талықтың қорында 10 мыңнан аса құн­ды мұрағат бар. Оның басым көпшілігі – сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітап­тар. Әрқайсысы еліміздің тарихы мен мә­дениетіне қатысты тың деректер екені сөз­сіз.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлт­тық орталығының директоры Айнұр Жа­ра­х­метова қазір елімізде кітапха­налар­дағы кітаптарды және архивтердегі құ­жат­тар мен қолжазбаларды сақтау және оны цифрландыру ісінде айтарлықтай қиын­дықтар бар екенін айтады.
Бұл туралы өткен жылы Сенат депу­таты Нұртөре Жүсіп Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтерген болатын.
Бүгінде отандық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Тіпті, елордадағы Ұлттық архивке қарасты Қол­жазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында қолжазбалар мен сирек кітап­тар сақтайтын орны өте тар.
– Кітапханалар мен архивтер – ғы­лымға бастайтын жол. Қазақстан кітап­ханалар қорында сақталған кітаптар то­лыққанды электронды тізімге енгі­зіл­меген. Іздестіру жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Сирек кітаптар мен түрлі құжаттарды, ескі қолжазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Көне жазбаларды сани­тарлық нормаға сай сақтамаса көзге көрін­бейтін әр түрлі паразиттер жеп қояды. Мұндай жағдайда аса құнды түпнұсқала­рын келешек ұрпаққа жеткізу қиындайды. Елордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орта­лы­ғын алайық. Архив қызметкерлері­нің жалақысы төмен. Еліміздің әр айма­ғындағы кітапханаларда қолжазбалар мен сирек кітаптар бар, бірақ шет елдегідей орталықтандырылған қолжазбалар мен си­рек кітаптар қоры жоқ. Солардың бәрін бір орталыққа жинап, неге үлкен ортақ қор жасамасқа, – деген еді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор елдегі реставрация саласын же­тіл­діру, осы бағытта маман даярлау, ай­мақтардағы архивтердің жағдайын жақ­сарту мәселелеріне де назар аударған.
– Бізде реставрация саласы жөнді да­мымаған. Заманауи техникалық құрал­дармен жабдықталмаған. Реставратор­ларды арнайы даярлау жолға қойылмаған, олардың денсаулығын сақтау және қорғау жағы да ескерілмеген. Бұл – өте зиянды жұмыс. Аймақтардағы архивтердің жағ­дайы да жетісіп тұрған жоқ. Құжаттарды сақтайтын орын аз. Қазақстанда жүйелі кітап көрмесі жоқ. Шетелдердегі архив, кітапханалар өздерінің қорларын түгел цифрландырып жатыр. Біздегі цифрлан­дыру сапасы нашар. Цифрландырылған сирек қолжазбалар мен кітаптардың оқылуы қиын. Облыстардағы кей архив­тердің сайты да жоқ. Шет мемлекеттер­дегідей архив құжаттарымен онлайн танысу мүмкін емес, – деген депутат соның салдарынан пандемия кезінде еліміздегі ғылыми жұмыстар айтарлықтай зардап шеккенін айтқан еді. Алайда Үкіметке айтылған депутаттың базынасына әлі бір министр нақты жауап қатпады.
Сенатор бұл мәселелерді Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғы­лым министрлігі бірлесе қолға алып, же­тілдіру керегін тілге тиек еткен болатын. Алайда салыстырмалы түрде алғанда, дәл осындай мекеме шетелдерде тікелей Пре­зидент әкімшілігіне немесе министрлікке қарайды екен. Ал біздің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Ұлттық архивке қарасты, орналасқан орны да Ұлттық архивтікі.
Еліміз бойынша көне кітаптар мен сирек қолжазбаларды қайта қалпына кел­тіретін екі-ақ лаборатория бар. Бірі – Алматыдағы ұлттық кітапхана және екін­шісі – елордадағы Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы. Сирек Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында төрт-ақ реставратор маман жұмыс істейді. Реставратор Сырым Сай­лауұлының айтуына қарағанда, мұндай мекемеде ең кемі 20-30 маман болуы тиіс. Алайда елімізде реставратор мамандарын даярлайтын бір де бір жоғары оқу орны жоқ. Қазір реставратор мамандар әртүрлі халықаралық курстан не болмаса Алма­тыдағы ұлттық кітапханада тәжірибеден өтіп, жұмыс істейді. Оның өзі санаулы, елі­міз бойынша 20 шақты ғана реставра­тор маман бар.
Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Иран жә­­не Армения секілді елдерде болып, тә­жірибе жинап қайтқан реставратор Сы­рым Ботабековтің айтуынша, ел жағ­дайы бізбен салыстырғанда айтарлықтай емес, тіпті соғыс болып жатқан Арменияның «Ма­тенадаран» дейтін қолжазбалар мен сирек кітаптарды қайта қалпына келтіру лабораториясында 400 адам қызмет ат­қарады. Оның ішінде реставрация бөлі­мін­де 25 маман істейтінін айтады.
– Қор көбейе берсе, ғимаратқа сый­май­ды. Оны сақтау талаптары да күрделі. Реставрация жасалған еңбектер құр көр­ме­де тұра бермей, ғылыми айналымға түсуі керек қой. Көне қолжазбаларға ғы­лыми сараптама жасалмаса, бұл құнды мұраларды келешек ұрпаққа жеткізу қиын. Біздің жұмыс – көзге көрінбейтін жұмыс. Қолжазбаны қайта қалпына келтіру көп уақытты қажет етеді. Реставрация жасау ісі зергердің жұмысынан да күрделі деуге болады. Көне жазбаларға реставрация жа­сау арқылы оны бастапқы қалпына кел­тір­месек те, оның әрі қарай сақталуына жағдай жасап, жойылып кетуден сақтауға тырысамыз, – дейді Қолжазбалар және си­рек кітаптар ұлттық орталығының ди­рек­торы Айнұр Жарахметова.
– Мысалы, Түркияда «Кітап ауруха­на­сы» деген бар. Сонда әртүрлі жағдайда жеткен кітаптарды қайта қалпына кел­тіре­ді. Мәселен, бізге де жерге көмілген, ша­­тырда сақтаған, суға тиген, енді бірін орап, қабырғаға қалап тастаған т.б. кі­тап­тар мен қолжазбалар әртүрлі жағ­дайда келеді. Ондай кітаптарда түрлі инфекция болады. Ол – адам денсаулығына зиян. Ал былғарыдан тігілген кітаптар онсыз да вирусқа толы. Сондықтан басылым келі­сімен бірден реставраторға берілмейді. Ол арнайы құрылғыда 3-4 аптадай қойып, дезинфекциядан өткізіледі. Артынан қолғап киілген құрылғының ішінде хи­миялық қоспамен әр парағы күл-қоқыстан та­заланады. Осыдан соң ғана кітап рес­тавраторға беріледі. Әр кітапты қажетіне қарай түрлі әдіспен өңдеп шығамыз. Дезинфекциялауды есепке алмағанда, бір кітапты қалпына келтіруге орташа есеппен бір ай уақыт кетеді. Артынан техникалық картаға қалай өңделгенін жазып, қорға өткізіледі. Ал жалпы, қағазды сақтау үшін қойманың ылғалдылығы – 50, температура 18-20 арасы болуы тиіс. Жарықтың да өл­ше­мі бар. Мәселен, 75 люкс. Ал күн сәу­лесі мүл­дем түспеуі керек. Қазір астанада ыл­ғалдылықтың мөлшері 32 пайыз ғана. Ондай жағдайда кітап ұзақ сақталмайды. Ылғалдылығынан айырылған кітап ертең парақтары кеуіп, әйнек секілді сынып қалады. Ондай кезде реставрация жасау қиын. Сондықтан құнды, бағалы кітап­тар­ды үйден гөрі осында сақтаған дұрыс, – деді реставратор маман Сырым Ботабеков.
Алайда орталықтың басшысы Айнұр Ерікқызы: «елдегі бар мирасты жаппай жи­наймыз дегенге оларды қоятын орын жоқ. Сондықтан бұған арнайы орын ке­рек», – дейді.

P.S. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруды тек концерт өткізу деп түсінетін атқамінерлер де бар. Есесіне дәл осындай іргелі де күрделі ғылыми һәм тарихи жұмыстың қалтарыста қалып бара жатқаны қынжылтады.

Бақытбек ҚАДЫР 

 

Back to top button