Көне мұра көзден таса қалмасын десек...
Көне мұра көзден таса қалмасын десек...
Халқымыздың рухани-мәдени бай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сонау көне дәуірлерден бүгінге жеткен жәдігерлердің сақталу деңгейі қандай? Осы мәселені білмек мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық архивіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына арнайы барып, орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Бұл орталықтың негізі – Алматыдағы кітап музейі мен архивтегі көне кітаптар мен қолжазбалардан жинақталып, 2017 жылы 10 маусымда EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында құрылған. Бүгінде орталықтың қорында 10 мыңнан аса құнды мұрағат бар. Оның басым көпшілігі – сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптар. Әрқайсысы еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты тың деректер екені сөзсіз.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Айнұр Жарахметова қазір елімізде кітапханалардағы кітаптарды және архивтердегі құжаттар мен қолжазбаларды сақтау және оны цифрландыру ісінде айтарлықтай қиындықтар бар екенін айтады.
Бұл туралы өткен жылы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтерген болатын.
Бүгінде отандық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Тіпті, елордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында қолжазбалар мен сирек кітаптар сақтайтын орны өте тар.
– Кітапханалар мен архивтер – ғылымға бастайтын жол. Қазақстан кітапханалар қорында сақталған кітаптар толыққанды электронды тізімге енгізілмеген. Іздестіру жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Сирек кітаптар мен түрлі құжаттарды, ескі қолжазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Көне жазбаларды санитарлық нормаға сай сақтамаса көзге көрінбейтін әр түрлі паразиттер жеп қояды. Мұндай жағдайда аса құнды түпнұсқаларын келешек ұрпаққа жеткізу қиындайды. Елордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығын алайық. Архив қызметкерлерінің жалақысы төмен. Еліміздің әр аймағындағы кітапханаларда қолжазбалар мен сирек кітаптар бар, бірақ шет елдегідей орталықтандырылған қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры жоқ. Солардың бәрін бір орталыққа жинап, неге үлкен ортақ қор жасамасқа, – деген еді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор елдегі реставрация саласын жетілдіру, осы бағытта маман даярлау, аймақтардағы архивтердің жағдайын жақсарту мәселелеріне де назар аударған.
– Бізде реставрация саласы жөнді дамымаған. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталмаған. Реставраторларды арнайы даярлау жолға қойылмаған, олардың денсаулығын сақтау және қорғау жағы да ескерілмеген. Бұл – өте зиянды жұмыс. Аймақтардағы архивтердің жағдайы да жетісіп тұрған жоқ. Құжаттарды сақтайтын орын аз. Қазақстанда жүйелі кітап көрмесі жоқ. Шетелдердегі архив, кітапханалар өздерінің қорларын түгел цифрландырып жатыр. Біздегі цифрландыру сапасы нашар. Цифрландырылған сирек қолжазбалар мен кітаптардың оқылуы қиын. Облыстардағы кей архивтердің сайты да жоқ. Шет мемлекеттердегідей архив құжаттарымен онлайн танысу мүмкін емес, – деген депутат соның салдарынан пандемия кезінде еліміздегі ғылыми жұмыстар айтарлықтай зардап шеккенін айтқан еді. Алайда Үкіметке айтылған депутаттың базынасына әлі бір министр нақты жауап қатпады.
Сенатор бұл мәселелерді Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе қолға алып, жетілдіру керегін тілге тиек еткен болатын. Алайда салыстырмалы түрде алғанда, дәл осындай мекеме шетелдерде тікелей Президент әкімшілігіне немесе министрлікке қарайды екен. Ал біздің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Ұлттық архивке қарасты, орналасқан орны да Ұлттық архивтікі.
Еліміз бойынша көне кітаптар мен сирек қолжазбаларды қайта қалпына келтіретін екі-ақ лаборатория бар. Бірі – Алматыдағы ұлттық кітапхана және екіншісі – елордадағы Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы. Сирек Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында төрт-ақ реставратор маман жұмыс істейді. Реставратор Сырым Сайлауұлының айтуына қарағанда, мұндай мекемеде ең кемі 20-30 маман болуы тиіс. Алайда елімізде реставратор мамандарын даярлайтын бір де бір жоғары оқу орны жоқ. Қазір реставратор мамандар әртүрлі халықаралық курстан не болмаса Алматыдағы ұлттық кітапханада тәжірибеден өтіп, жұмыс істейді. Оның өзі санаулы, еліміз бойынша 20 шақты ғана реставратор маман бар.
Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Иран және Армения секілді елдерде болып, тәжірибе жинап қайтқан реставратор Сырым Ботабековтің айтуынша, ел жағдайы бізбен салыстырғанда айтарлықтай емес, тіпті соғыс болып жатқан Арменияның «Матенадаран» дейтін қолжазбалар мен сирек кітаптарды қайта қалпына келтіру лабораториясында 400 адам қызмет атқарады. Оның ішінде реставрация бөлімінде 25 маман істейтінін айтады.
– Қор көбейе берсе, ғимаратқа сыймайды. Оны сақтау талаптары да күрделі. Реставрация жасалған еңбектер құр көрмеде тұра бермей, ғылыми айналымға түсуі керек қой. Көне қолжазбаларға ғылыми сараптама жасалмаса, бұл құнды мұраларды келешек ұрпаққа жеткізу қиын. Біздің жұмыс – көзге көрінбейтін жұмыс. Қолжазбаны қайта қалпына келтіру көп уақытты қажет етеді. Реставрация жасау ісі зергердің жұмысынан да күрделі деуге болады. Көне жазбаларға реставрация жасау арқылы оны бастапқы қалпына келтірмесек те, оның әрі қарай сақталуына жағдай жасап, жойылып кетуден сақтауға тырысамыз, – дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Айнұр Жарахметова.
– Мысалы, Түркияда «Кітап ауруханасы» деген бар. Сонда әртүрлі жағдайда жеткен кітаптарды қайта қалпына келтіреді. Мәселен, бізге де жерге көмілген, шатырда сақтаған, суға тиген, енді бірін орап, қабырғаға қалап тастаған т.б. кітаптар мен қолжазбалар әртүрлі жағдайда келеді. Ондай кітаптарда түрлі инфекция болады. Ол – адам денсаулығына зиян. Ал былғарыдан тігілген кітаптар онсыз да вирусқа толы. Сондықтан басылым келісімен бірден реставраторға берілмейді. Ол арнайы құрылғыда 3-4 аптадай қойып, дезинфекциядан өткізіледі. Артынан қолғап киілген құрылғының ішінде химиялық қоспамен әр парағы күл-қоқыстан тазаланады. Осыдан соң ғана кітап реставраторға беріледі. Әр кітапты қажетіне қарай түрлі әдіспен өңдеп шығамыз. Дезинфекциялауды есепке алмағанда, бір кітапты қалпына келтіруге орташа есеппен бір ай уақыт кетеді. Артынан техникалық картаға қалай өңделгенін жазып, қорға өткізіледі. Ал жалпы, қағазды сақтау үшін қойманың ылғалдылығы – 50, температура 18-20 арасы болуы тиіс. Жарықтың да өлшемі бар. Мәселен, 75 люкс. Ал күн сәулесі мүлдем түспеуі керек. Қазір астанада ылғалдылықтың мөлшері 32 пайыз ғана. Ондай жағдайда кітап ұзақ сақталмайды. Ылғалдылығынан айырылған кітап ертең парақтары кеуіп, әйнек секілді сынып қалады. Ондай кезде реставрация жасау қиын. Сондықтан құнды, бағалы кітаптарды үйден гөрі осында сақтаған дұрыс, – деді реставратор маман Сырым Ботабеков.
Алайда орталықтың басшысы Айнұр Ерікқызы: «елдегі бар мирасты жаппай жинаймыз дегенге оларды қоятын орын жоқ. Сондықтан бұған арнайы орын керек», – дейді.
P.S. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруды тек концерт өткізу деп түсінетін атқамінерлер де бар. Есесіне дәл осындай іргелі де күрделі ғылыми һәм тарихи жұмыстың қалтарыста қалып бара жатқаны қынжылтады.
Бақытбек ҚАДЫР