Ауылды сақтау – Алашты сақтау

Ауылды сақтау – Алашты сақтау

Ауылды сақтау – Алашты сақтау
ашық дереккөзі

Әр халықтың өніп-өсетін мекені, ата кәсібін сақтай отырып, заманға сай дамуға тірек болатын жері бар. Біз үшін ол − ауыл. Себебі қазақ халқының ежелгі кәсібі − мал шаруашылығы ауылда өркендеді. Сондай-ақ ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқы біржола отырықшылыққа ауысып, ұлт ретінде өркениет көшіне қосылғанда да ауыл өз маңызын жоғалтпады. Тіпті, халқымыз малдан басқа егіншілік, бау-бақша өнімдерін өндіре бастағанда ауылдың рөлі бұрынғыдан да күшейді.

Кеңестік кезеңде Қазақстан негізінен аграрлық республика болды. Сондықтан қазақ жерінде мал шаруашылығы мен егіншілікке назар аударылып КСРО сияқты алып мемлекетті ет, сүт, май өнімдерімен қамтамасыз ететін өлкеге айналды. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында қазақтардың жекеменшік малын сыпырып алып, аштыққа ұшыратқан қызыл өкімет ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін елімізде тың жерлерді игеру жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп ұлан-байтақ қазақ даласы енді астықты өлкеге айналдырылды. Сол дәуірде Қазақстанда қой басын 50 миллионға, астықты бір миллиард пұтқа жеткізу ұранымен жұмыс жүргізілді. Мұндай аса ірі мемлекеттік жоспарды орындау еліміздегі ауыл халқының мойнында болды. Ал ауыл халқының көпшілігі қазақтар болатын. Тәуелсіздік алғанша қазақтардың үлес сал­мағы қалаларда аз болды. Мәселен, 1897 жыл­ғы санақ бойынша жерімізде 3 392 700 қазақ болса, соның 93,6 пайызы ауылда, 6 пайы­зы қалада тұрған. 1926 жылғы санақ бойын­ша қазақтың саны – 3 627 612. Оның 8,4 пайызы (539 249 адам) қалада, 91,6 пайы­зы ауылда өмір сүрген. Ал 1939 жылғы са­нақ­та еліміздегі қазақтың саны – 2 327 625 адам (37,84 пайыз) болса, қаладағысы – 16,1 пайыз. Одан кейінгі, яғни тәуелсіздікке дейін­гі халық санағына қатысты мәлімет­тер­де қазақтардың ауыл мен қаладағы үлесі туралы анық мәлімет табу қиын. Ал тәуел­сіздіктен бері қарай урбанизация үдерісі кү­шейіп, еліміздегі қалалар ірілене түссе, ауыл­дан көшіп кетуіне байланысты ондағы халықтың үлесі азайып кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында колхоз-совхоздарды таратып, оның мүлкін халыққа пай-үлес ретінде таратып берудің соңы ауылдық жердегі халықтың күнкөріс үшін малдарын сатып, кедейленіп қалуына әкеліп соқты. Бұрынғыдай мемлекет тара­пынан жұмыс беруші болмаған соң ауылдық жерлерде тұру қиындап, ондағы жұрттың еңбекке жарамдыларының бәрі қалаларға қарай үдере көшті. Мұның соңы ауылдардың қаңырап қалып, қалада халықтың көбейіп кетуіне жеткізді. Мәселен, Алматы қаласы халқының саны тәуелсіздіктен бұрын 900 мыңның маңайында болса, аз уақытта ол көшіп келушілердің әсерінен 2 миллионнан асып кетті. Сондай-ақ ел астанасы болмай тұрған кезде Ақмола халқының саны 200 мыңнан сәл ғана асса, ол ел ордасына айнал­ған соң аз ғана жылдың ішінде миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарға айналды. Сондай оңтүстік өңірдегі Шымкент қаласы да мегаполиске айналып, республикалық қала мәртебесін алды. Әдетте қалалардағы халықтың көбеюі көп жағдайда туудың көбеюіне байланысты болса, біздің елімізде қалалардың іріленуі ауылдан көшіп келген халықтың есе­бінен болып отыр. Бұл жер көлемі жө­нінен әлемде тоғызыншы ел саналатын, бар-жоғы 19 миллиондай ғана халқы бар Қа­зақ­стан үшін онша оңды құбылыс емес.  width= Тәуелсіздіктің алғашқы оншақты жы­лында ауылдардың қараусыз қалып, олардың ыдырауы етек алды. Кеңестік кезеңдегі жос­парлы экономиканың күйреп, нарықтық эко­номиканың кіре бастауы ондай өзгеріске дайын емес жұртты қалаға көшіп кетуге мәж­бүрледі. Соның салдарынан ауылдар са­ны біртіндеп азайып жатқандай. Бірақ оған бұл құбылыс әлсіз де болса бұрыннан бар екеніне де көз жеткізуге болады. Мәселен, соңғы 124 жылдай уақыттағы ауыл тұрғындарының санын салыстырсақ, олардың үлес салмағы мынадай екен: Қазақ жерінде ауылда тұратын халықтың үлесі 1897 жылы – 99 пайыз, 1926 жылы − 98,2 пайыз; 1939 жылы − 84,1пайыз; 1959 жылы. − 76,2 пайыз; 1970 жылы − 73,27 пайыз; 1979 жы­лы − 69,31пайыз; 1989 жылы − 60,40 пайыз; 1997 жылы 53,47 пайыз болыпты. (Елімізде 1997 жылы ауылдардың жалпы саны 8 172 болса, соның 1 624-і 1 мыңнан астам адам қоныстанған ауылдар екен). Де­мек, ХХ ғасырдың соңына келгенде Қазақ­станда қала халқының үлес салмағы артқан. Оның себебі көп, бастылары ауылда жұмыс орны аз болғандықтан елдің тұрмысы төмен­деп, өзге жаққа қоныс аудару үдерісі күшейсе, екінші жағынан коммуникацияның на­шар­лығы бар. Көптеген ауылда әлі интернет желісі, ұялы байланыс нашар. Әрине, Қазақстан тәуелсіздік алған соң қа­лаларды қазақыландыру саясаты болды, бірақ ол көбіне ауыл халқының есебінен жү­зеге асты деуге болады. Бірақ демогра­фия­лық тұрғыдан таңғаларлық жетістікке жете қоймаған Қазақстанда ішкі жағдайда бір жер­дің халқын екінші жердің халқымен кө­бейткеннен келер пайда аз. Ауылдар қаңы­рап, қала тығыздала берсе қалаларда да түрлі проблемалар пайда болары анық. Мә­селен, қазір еліміздің ірі қалаларының көбінде эко­логиялық жағдай мәз емес. Оның үстіне таза ауызсу тапшылығы бар. Дегенмен ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішін­де мемлекетіміз ауылға бет бұрып түрлі бағ­­дарламалар қабылдап, ауыл халқын тұрақ­тандыру мен олардың әл-ауқатын көтеру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Соның алғашқыларының бірі Қазақ­станның Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағ­дарламасы туралы Қазақстан Прези­дентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі №1149 Жарлығы. Бағдарламаның мақсаты − Ауылда қоныстануды оңтайландыру негізінде ауылдың (селоның) тіршілігін қамтамасыз етудің қалыпты жағдайларын жасау болатын. Іске асыру мерзімі екі кезеңге (бірінші кезең − 2004-2006 жылдар, екінші кезең − 2007-2010 жылдар) бөлінген бұл бағдарламаның бірін­ші кезеңінде ауыл тұрғындарына әлеу­меттік игіліктердің көкейге қонымды дең­гейін қамтамасыз ететін ауылдық елді ме­кендер экономикасының серпінді өсуіне қолжеткізу ойластырылса, екінші кезеңде ауыл тұрғындарын тіршілікті қамтамасыз ету үшін келешегі бар өңірлерге оңтайлы қо­ныстандыру көзделген-ді. Сөйтіп, бағдарлама аясында ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дең­г­ейін сипаттайтын өлшемдер бойынша жіктеу жүргізіліп, 2003 жылы еліміздегі 7 660 елді мекен төрт топқа бөлінді. Соның нәти­же­сінде 1 062 ауылдық елді мекеннің (тұр­ғындардың саны 1,6 млн адам) даму әлеуеті жо­ғары саналып, 5 664 ауылдық елді мекен­нің (тұрғындары 5,3 млн адам) даму әлеуеті орташа деп танылды. Ал 776 ауылдық елді мекеннің (тұрғындары 300 мыңдай) даму әлеуеті төмен екені анықталса, 22 ауылдық елді мекеннің (тұрғындары 10 мыңға жуық) экологиялық жағдайы нашар екені белгілі болды. Ал 136 елді мекеннің халқы түгел кө­шіп кеткен. Бұл құбылыс одан кейінгі жыл­дары да күшейе түспесе, әлсіреген жоқ. Мәсе­лен, 2012-2014 жылдары ішкі миграция­лық ағымда ауылдан қалаға көшу үлесі 70 пайызға жақындап қалған. Соның себебінен ауылдық елді мекендердің, әсіресе, шекара­лық және шалғай ауылдардың тұрғындар саны азайып, олардың әлеуметтік-экономи­калық жағдайы едәуір төмендеген. 2016 жылы Ұлттық экономика ми­нистрлігі барлық ауылдық елді мекенді өз­дерінің әлеуметтік-экономикалық әлеует­терінің даму барысына сәйкес аудан ор­та­лық­тары, тірек ауылдық елді пункттер, ауыл­дық және поселкелік округтердің ор­талық мекенжайлары және басқа ауылдық елді мекендер деп төрт топқа бөлді. Бұл 2020 жылға дейінгі аймақтардың даму бағдар­ла­масы негізінде атқарылған жұмыс болатын. Қазірде бағдарламаның іске асырылуы осы жіктеу бойынша жүргізіліп жатыр. Мал шаруашылығымен айналысып, ауыл­да мал басын көбейткісі келген отан­дас­тарымызды қолдау үшін «Сыбаға» бағдар­ла­масы қабылданған болатын. Оның мақсаты етті көп беретін малды көбейту үшін оларды асылдандыру, ірі қаралардың ет өнімділігін арттыру арқылы еттің өзіндік құнын арзан­дату, малды көбейте отырып мал шаруа­шылығы саласында қосымша жұмыс орын­дарын ашу болатын. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ шарттары бойынша «Сы­баға» аясында берілетін ең жоғары несие со­масы − 18 000 000 теңге, сыйақы мөлшер­лемесі − жылдық 6 пайыз, ең ұзақ мерзімі − 84 ай, сондай-ақ 12 айдан 24 айға дейін жеңілдетілген кезеңімен берілетін түрлері де бар. Несиені ең алдымен етті көп беретін ірі қара өсіретін жеке кәсіпкерге, шаруа қожа­лығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге берілу көзделген. Қойылған кепілдік мүліктің құны алынған несиенің 130 пайызын жа­батындай болуы тиіс. Бір олқылығы − бағ­дар­ламаның басты мақсаты да ірі қараның етті бағыттағы тұқым табынын көбейту бол­ған­дықтан малы, қорасы, жайылымы жоқ енді ғана құрылған шаруа қожалықтарына не­сие берілмейді. Бірақ қашанда пайдасынан шы­ғыны көп, объективті жағынан алған бол­жауға келе бермейтін түрлі қиындықтары бар мал шаруашылығын қатаң есепке жүгі­нетін несиелеу арқылы дамытамын деген ойдың орындала бермейтіні кейінгі кезде жиі көзге шалынып қалып жатыр.
Жалпы, ауыл шаруашылығын несиеле­ген­нен гөрі оны мемлекет тарапынан суб­сидиялау керек деген пікір көп айтылып жатыр кейінгі кезде. Өйткені шығыны көп ауыл шаруашылығы пайда тауып, қарызын қайтару егіншілер мен шаруаларға ауыр тиіп жатқан көрінеді. Сондықтан бүгінде ауылдық жерлерде жеке тұлғаларды былай қойғанда, фер­мерлердің өзі банктерге қарызын өтей алмаған жағдайы көбейген. Мәселен, елі­міздегі шаруалардың 82 пайызы деңгейлі банк­терден және шағын несие ұйымдарынан қарыз алып, оны қайтара алмай жүрген кө­рі­не­ді.
Екінші деңгейлі банктер 2010 жылдан бері агронесиені 3,8 пайызбен беріп келсе, 2017 жылдан бастап, ол 5,5 пайызбен беретін болды. Бір қарағанда 5,5 пайыз несие қымбат емес сияқты болғанмен несие аларда тәуе­келге баратын шаруалар үшін көп жағдай­да оны қайтару қиын болып қалуы мүмкін. Мәселен, егіншілер егіннен түсетін пайдасын есептеп несие алса, шаруалардың енді бірі са­тылатын малына сенеді. Бірақ ақшаны қай­таратын кезде егіншінің егіні жақсы өнім бермесе, сол сияқты шаруаның малының құны арзандап кетсе қарызын өтей алмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан шаруаларға мем­лекет тарапынан берілетін несие пайы­зын 2-3 пайыздан асырмау керек деген пі­кірде мамандар. Кеңестік кезеңде ауыл шаруашылығы толығымен мемлекет тарапынан субсидия­лану арқылы дамығаны мәлім. Ал қазір нарық­тық экономика жағдайында олай жа­сау мүмкін болмағанымен, дамыған елдерде аграрлық салаға бөлінетін несие көлемі бізден он жеті есеге көп және несие мөлшер­лемесі 1,5 пайызды ғана. Ал Израильде суб­сидия ретінде жыл сайын сүт өндірісін да­мыту үшін біздің ақшамен 9,8 миллиард тең­ге бөлінсе, ет өндірісіне 21 миллиард тең­ге бөледі екен. Елдің ауыл шаруашылығын өркендетуге субсидия бермей ақшаны үнем­дегенмен, ауылшаруашылық өнімдерін өзге елдерден сатып алу арқылы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге кететін ақша бәрібір шығынға жатады. Сондықтан елдің экономикасын көтеру үшін ауыл шаруа­шы­лы­ғымыздан ақша аямай, ет, сүт өнімдерін барынша өзімізде өндіруге күш салған жөн. Бұл – ел экономикасын дамытуға да, ауылды өр­кендетуге де зор пайдасын тигізетін іс. Әрине, ауылды дамыту үшін жасалып жат­қан бағдарламалардың бәрін бірдей тиім­сіз деуге келмес. Олардың арасында ауыл тұр­ғын­дарының жағдайын жасап, тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған жақсы жо­ба­лар да аз емес. Соның бірі − «Ауыл – ел бе­сі­гі» жобасы. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев­тың 2019 жылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөй­леген сөзінде алғаш рет «Ауыл – ел бесігі» жобасын іскер асыру қажеттігін айтып, үкіметке тапсырма берген болатын. Ол бойын­ша еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғы­нының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перс­пективалы ауылдарды іріктеп, сол ауыл­дарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұр­ғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізу көзделген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 15 қазанда өткен жина­лыс­та «Ауыл – ел бесігі» жобасын бойынша нақты жұмыстар жүргізу керегін айтқан еді. Аталған жобада – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауыл­дарды тұрақты дамыту көзделген. Жоба шең­берінде ауылдық елді мекендерде әлеу­меттік және инженерлік инфра­құры­лым­дарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойын­­ша бірқатар істер жүзеге асырылуы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде жұ­мыс орындары ашылады, мектеп пен ауру­хана, жол салынады, ауылдық елді мекендер газбен, сумен қамтылып, жоба аясында ауыл шаруашылығы саласында орта және шағын бизнесті дамыту шаралары қолға алынады. Жобаны іске асыруға келсек, оның көле­мі ауқымды деуге болады. Еліміз бойын­ша 6,5 мыңға жуық ауылдық елді мекенде 7,7 мил­лионнан аса адам немесе ел тұрғын­дары­ның 42 пайызға жуығы тұратыны белгілі. Ал бүгінде ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін мәселелерге келсек, еліміздегі ауыл­дардың жартысынан көбінде көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондық­тан бірінші кезекте қолданыстағы мемлекет­тік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфра­құры­лымына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы − 2020», «Еңбек» жә­не басқа да қолданыстағы бағдарлама ая­сын­да кәсіп­кер­лікті қолдау жүзеге асырылатын болады. Жалпы 2025 жылға дейін елімізде 5,5 мил­лионнан аса адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен заманға сай жаңғырты­латын болады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюд­жет­тен 90 млрд теңге бөлу көзделсе, оның ішінде 2019 жылға 30 млрд теңге бөлінген. Респуб­ли­калық бюджеттен өңірлер бойынша қара­жат бөлу даму әлеуеті жоғары елді мекен­дер­де тұратын ауыл тұрғындары санының не­гізінде жүзеге асырылды. Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін айқындау әдістемесі өзектендіріліп, оның аясында 6,6 млн адам немесе ауыл тұр­ғындарының 85 пайызы тұратын 3 477 ауыл­дық елді мекен іріктеп алынды.
2019 жылы 53 ауылдық елді мекенде жал­пы сомасы 30 млрд теңгеге 452 жоба, 2020 жылы 250 ауылда жалпы сомасы 80 млрд теңге болатын 1 641 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның бәрі ретімен жү­зеге асырылып келеді. Сонымен қатар ауыл­дық елді мекендерде 73 мектеп пен балабақ­ша, 14 емхана, 47 Мәдениет үйі мен спорт нысандары жөнделіп, 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 13 абаттандыру нысанының құрылысы жүргізіліп, 7 мың ша­қырымнан астам көшелер салынып, жөн­деуден өткізілуі тиіс.
Бұдан басқа 516 шақы­рым жол, 35 шақырым сумен жаб­дық­тау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 шақырым газбен жаб­дықтау, 20 шақырым жылумен қамтамасыз ету нысандары жөнделіп, салынбақ. Міне, осының бәрі жақын жылдарда толығымен іске асса, экономиканың қан тамырындай ауыл­дардың көркейіп, мемлекетіміздің бә­секеге қабілеттілігі артатыны сөзсіз. Ауылды көркейтудің тағы бір бағыты іскер, табысты бизнесмендердің өзінің туған же­ріне деген құрметі арқасында іске асатын істер деуге болады. Бұл жағдайды айтатын бол­сақ, елімізде абыройлы, қалталы азамат­тардың жасап жатқан ізгілікті істеріне көзі­міз түсер еді. Соның бір-екі мысалын келтіріп өтейік. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының чем­пионы, даңқты балуан Жақсылық Үш­кем­піровті білмейтін қазақ жоқ. Үлкен спортпен қош айтысқаннан кейін ол қазақ­тың ата кәсібімен айналысқанды жөн көрді. 2007 жылы ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылына келді. Бұл кезде ауылдың жолы тозып, табиғи газдан таршылық көріп жатқан кезі еді. Үшкемпіров алдымен өз қаржысына ауылдағы кеңседен бастап, бірнеше ескірген ғимараттарды жаңартты. Сосын қоралар салып, жаңа құрылғылар әкеліп, өзінің шарушылығын жүр­гізе бастады. Сөйтіп мал шаруашылығына түбегейлі бет бұрған балуан «Жақсылық» шаруа қожалығын құрып, ірі қара санын 4 500-ге, жылқы санын 150-ге жеткізді. Оның шаруашылығында 100-ден аса адам жұмыс істеп, отбасын асырап жатыр. Сондай-ақ ол Мыңбаев ауылында балаларға арналған спорт мектебі мен 100 балаға арналған ба­лабақша ашты. Міне, мұның бәрі елін сүйген бір ғана патриот азаматтың жасағаны. Өткен жылы ковид дертінен мезгілсіз көз жұмған қазақтың ардақты ұлының артында осындай із қалды. Бұл да болса өзгелер үшін үлгі боларлық іс. Белгілі қазақ кәсіпкері, меценат, ZHERSU ин­вестициялық-өндірістік корпорация­сының бақылау кеңесінің төрағасы, Қа­зақстан Бокс және күрес федерация­лары­ның вице-президенті Бауыржан Оспанов та отан­шыл азамат. Ол өзінің туған жері, Алма­ты об­лысының Жыланды ауылында 130 орын­дық мешіт, спорт кешенін, екі қабатты тігін цехын, мектеп-интернат, балаларға арналған саябақ пен кинотеатр салып, ауылдық Мәдениет үйін, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп берген. Бұдан тысқары ол мек­тептің педагогикалық құрамын, ма­териалды-техникалық базасын жетілдіруге көмектесті. Дарынды оқушыларды дайын­дайтын мектеп-лицейдің сырттан келген он ұстазына жалақыларын беріп, баспаналы қылды. Аз қамтылған оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп ұжымы оқушыларына 50 млн теңге қар­жылай көмек көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағымен бірігіп, бірнеше жыл бойы балаларға арналған үздік әдеби шығар­маларға «Дарабоз» атты бәйге жариялап, қаржылай демеуші болды. Үздік шығарма­ларды кітап етіп шығарып, кітапханаларға тегін таратты. Мұның бәрі ең алдымен ауыл халқына жасаған жақсылық. Жалпы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылында ұлтымыздың ұясы болған ауылдар алғашқы он­жылдықта біраз қиындықты бастан ке­шіріп, материалдық та рухани жақтан біраз жүдегені мәлім. Дегенмен мемлекетіміз тара­пынан ауылды көркейту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жақын арада нәтиже көрсетіп, аграрлық сала қайта жан­данады деп сенгіміз келеді. Ауыл дамыса, мем­лекет те дамиды.

Ахмет ӨМІРЗАҚ