Ауылды сақтау – Алашты сақтау
Ауылды сақтау – Алашты сақтау
Әр халықтың өніп-өсетін мекені, ата кәсібін сақтай отырып, заманға сай дамуға тірек болатын жері бар. Біз үшін ол − ауыл. Себебі қазақ халқының ежелгі кәсібі − мал шаруашылығы ауылда өркендеді. Сондай-ақ ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқы біржола отырықшылыққа ауысып, ұлт ретінде өркениет көшіне қосылғанда да ауыл өз маңызын жоғалтпады. Тіпті, халқымыз малдан басқа егіншілік, бау-бақша өнімдерін өндіре бастағанда ауылдың рөлі бұрынғыдан да күшейді.
Кеңестік кезеңде Қазақстан негізінен аграрлық республика болды. Сондықтан қазақ жерінде мал шаруашылығы мен егіншілікке назар аударылып КСРО сияқты алып мемлекетті ет, сүт, май өнімдерімен қамтамасыз ететін өлкеге айналды. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында қазақтардың жекеменшік малын сыпырып алып, аштыққа ұшыратқан қызыл өкімет ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін елімізде тың жерлерді игеру жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп ұлан-байтақ қазақ даласы енді астықты өлкеге айналдырылды. Сол дәуірде Қазақстанда қой басын 50 миллионға, астықты бір миллиард пұтқа жеткізу ұранымен жұмыс жүргізілді. Мұндай аса ірі мемлекеттік жоспарды орындау еліміздегі ауыл халқының мойнында болды. Ал ауыл халқының көпшілігі қазақтар болатын.
Тәуелсіздік алғанша қазақтардың үлес салмағы қалаларда аз болды. Мәселен, 1897 жылғы санақ бойынша жерімізде 3 392 700 қазақ болса, соның 93,6 пайызы ауылда, 6 пайызы қалада тұрған. 1926 жылғы санақ бойынша қазақтың саны – 3 627 612. Оның 8,4 пайызы (539 249 адам) қалада, 91,6 пайызы ауылда өмір сүрген. Ал 1939 жылғы санақта еліміздегі қазақтың саны – 2 327 625 адам (37,84 пайыз) болса, қаладағысы – 16,1 пайыз. Одан кейінгі, яғни тәуелсіздікке дейінгі халық санағына қатысты мәліметтерде қазақтардың ауыл мен қаладағы үлесі туралы анық мәлімет табу қиын. Ал тәуелсіздіктен бері қарай урбанизация үдерісі күшейіп, еліміздегі қалалар ірілене түссе, ауылдан көшіп кетуіне байланысты ондағы халықтың үлесі азайып кетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында колхоз-совхоздарды таратып, оның мүлкін халыққа пай-үлес ретінде таратып берудің соңы ауылдық жердегі халықтың күнкөріс үшін малдарын сатып, кедейленіп қалуына әкеліп соқты. Бұрынғыдай мемлекет тарапынан жұмыс беруші болмаған соң ауылдық жерлерде тұру қиындап, ондағы жұрттың еңбекке жарамдыларының бәрі қалаларға қарай үдере көшті. Мұның соңы ауылдардың қаңырап қалып, қалада халықтың көбейіп кетуіне жеткізді. Мәселен, Алматы қаласы халқының саны тәуелсіздіктен бұрын 900 мыңның маңайында болса, аз уақытта ол көшіп келушілердің әсерінен 2 миллионнан асып кетті. Сондай-ақ ел астанасы болмай тұрған кезде Ақмола халқының саны 200 мыңнан сәл ғана асса, ол ел ордасына айналған соң аз ғана жылдың ішінде миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарға айналды. Сондай оңтүстік өңірдегі Шымкент қаласы да мегаполиске айналып, республикалық қала мәртебесін алды.
Әдетте қалалардағы халықтың көбеюі көп жағдайда туудың көбеюіне байланысты болса, біздің елімізде қалалардың іріленуі ауылдан көшіп келген халықтың есебінен болып отыр. Бұл жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы ел саналатын, бар-жоғы 19 миллиондай ғана халқы бар Қазақстан үшін онша оңды құбылыс емес.