Жаңалықтар

Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы әдеби зал ашылды

ашық дереккөзі

Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы әдеби зал ашылды

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және қаржылай қолдауымен қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы зал ашылды. Жиын барысында «Ә.Нұрпейісов шығармашылығы және әлемдік әдеби үдеріс» атты халықаралық онлайн конференция ұйымдастырылды. Жиында алғаш сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы қатысушыларға сәттілік тіледі: – Оның бір ғана «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы күллі қазақ әдебиетінің табысы десек қателеспейміз. Өздеріңізге мәлім, «Қан мен тер» трилогиясы 30-дан астам шет тілдеріне аударылды, дәл осы шығарманың желісі бойынша 2 бөлімнен тұратын кинотуынды түсірілген. Ол Арал теңізінің тартылып бара жатқанына алғаш болып қабырғасы қайысып, «Соңғы парыз» романы арқылы Арал экологиясына дүниежүзі қайраткерлерінің назарын аудартқан қазақ қаламгерлерінің ақсақалы. Жазушы Ә.Кекілбайұлы бұл шығарманы ұлттық прозамыздағы оқшау құбылысқа, жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғышқа теңеді, – деді. Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов былай деді: – Алтын Қыран» қоғамдық қоры 10 жылдан астам қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып келе жатыр. Бірнеше жыл бұрын қорымыз қазақ классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» және «Қан мен тер» шығармаларын ағылшын, француз және швед тілдеріне аударып, баспаға шығарып, осы мемлекеттерде таратты. Бүгін осы үлкен шараға демеушілік білдіргеніміз – біз үшін үлкен бақыт деп есептейміз. Болашақта да «Алтын Қыран» қазақ әдебиетінің дамуына үлесін қосады, – деді. Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залының қоры 3000-ға жуық. Оның ішінде 300-ден астам кітап, 100-ден астам журнал, 46 аудиовизуалды материалдар және қаламгерге қатысты тағы да басқа мәліметтер бар. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қолжазбалары, белгілі орыс жазушыларына, классикалық жазушыларға, әдебиетшілерге, қоғам қайраткерлеріне жазған хаттары ерекше құнды. Сондай-ақ жазушының мемориалдық коллекциясы ұсынылған: жеке жазу үстелі, кресло, үстел сағаттары, естелік қаламдар, кәдесыйлары, грамоталары, шахмат және т.б. Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің кітаптар жинағында 1950 - 1960 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі шығармалар жинақталған.