Киплингтің күнәсі

Киплингтің күнәсі

Киплингтің күнәсі
ашық дереккөзі
1936 жылдың қаңтарында ағылшындар өз  ұлтының ғажайып ақыны әрі жазушысы, Англия мемлекетінің атынан  бірінші болып Нобель сыйлығын еншілеген лауреаты Редьярд Киплингті соңғы сапарға шығарып салды. Ұлы суреткер «Жүз қайғының қақпасы» атты тырнақалды туындысымен-ақ әдеби ортаны таңғалдырып, аузын ашқызып, көзін жұмғызған еді. Кездейсоқта кесек алтын тапқандай қуанған оқырман қауым,   мұхиттың тұңғиық түбіндей мағынасы терең әңгімені жасы әлі он тоғызға да толмаған газет тілшісінің жазғанына сенерін де, сенбесін де білмей алғашқыда абдырап қалған.  Таланттың жас талғамайтыны рас екен, белін бекем буып, сөз өнерінде бағын сынап көрмекке тәуекел еткен жігіт алғашқы әңгімесімен-ақ әдебиеттің киелі табалдырығын құбылыс болып аттап, жұртты өзіне жалт қаратты. Жанар таулар атылғанда ғасырлар бойы жер түбінде тығылып жатқан асыл-қазыналар жер бетіне қалқып шығады екен ғой. Киплингтің «Жүз қайғының қақпасын» да – дәл осындай ағыл-тегіл болып ақтарылған нөсер шабыттың жемісіне теңесек, шындықтың ауылынан алыстай қоймайтын шығармыз. Содан бергі уақытта Редьярд Киплингтің құдіретті қаламынан миллиондаған оқырманының жүрек қылын шерткен жауһар жырлар мен нәзік сезімін мәпелеген прозалық дүниелер туып, елдің бәрі де оны өз  заманының ұлы ақыны әрі ұлы жазушысы екенін мойындады. Міне, сондықтан да оқиғалары қызық, мазмұны бай, кестелі тілді көркем шығармаларымен  талантына табындырған суреткерге,  елді әңгімелеріне сүттей ұйытқан ертегішіге, лапылдаған сезімге толы сұрапыл өлеңдерімен оқырмандарының жүрек отын жандырған шайырға көрсетілген зор құрмет пен қошеметтің белгісі ретінде оның мүрдесі Вестминстеркс абаттағында жерленді. Бірақ бірде-бір өнер адамы ондаған жылдар бойы әлем оқырмандарының сезімін лирикалық жырларымен тебірентіп, шығармаларына   тәнті еткен ұлы перзентін жерлеу рәсіміне қатысқан жоқ. Қатардағы қарапайым қаламгерлерді айтпағанда, азаматтық ұстанымының солқылдақтығы мен саяси көзқарасына бола одан Герберт Уэллс пен Грэм Грин сияқты танымал тұлғалардың өздері де түңіліп, теріс айналып кетті. Дегенмен, алға озып кетпей, оқырманға түсінікті болу үшін айтатын әңгімеміздің тігісін жатқызып, рет-ретімен басынан баяндайық. «Адамның басы – Алланың добы». Сенің қай жерде туып, өлшеулі ғұмырыңның қай күні аяқталып, өмір сағатыңның қай күні соғуы тоқтайтыны ұлы Жаратушының жұмса жұдырығында, ашса алақанында екені әлімсақтан анық ақиқат. Екі аяқты пенденің пешенесіне жазылған тағдырынан қашып құтылғанын қашан көріп едіңіз? Халқымыздың дүлділ ақыны Нұрхан Ахметбековтің: Біреуге ажал – судан, біреуге – оттан, Кейбіреу майып болған бір апаттан, Дүние кейбіреуге кең жай беріп, Кейісін тар қапаста зар жылатқан, – деген өлең жолдарының осындайда еріксізден есіңе түсетіні бар.  Әйткенмен, таланты бірден мойындалып, айдай әлемге әйгілі болған Киплингтің тағдырына өкпелеудің еш реті де, қисыны жоқ. Ең құрығында Еуропа елдерінің бірінде де емес, Отанынан жырақта –  Үндістанда дүниеге келіп, кіндігі кесілген Редьярдты атағы жер жаратын жазушыға айналып, Англия мемлекетінің атынан әдебиет саласындағы ең алғашқы Нобель сыйлығын алады деп кім ойлаған? Ұлының жазушылық жолды таңдауын жүрегі қаламаған әкесі де дәулеті тасыған адам болған жоқ.  Кенсингтон көркем училищесінің түлегі, мүсінші әрі сәндеуші Джон Локвуд Киплинг жұмыс  бабымен Үндістанға қоныс аударып, жергілікті мектепте сабақ беретін. Қолданбалы өнер мектебінің директоры және Лахордағы Үнді өнер музейінің кураторы болған оның жазушылық кәсіпке  бейімі бар еді. 1891 жылы әкесінің  «Үндістанның адамдары мен аңдары» деп аталатын түрлі түсті суреттермен және ұлының өлеңдерімен безендірілген кітабы жарық көрді.   Отарлаушылар элитасының шағын тобына жататын Киплингтердің қоғамда айтарлықтай беделі болды. Үнді елінің әсем табиғаты, халқының тұрмыс-тіршілігі мен мінез-құлқы болашақ жазушының дүниетанымына қатты әсер етіп, көңілінде өшпестей   ізін қалдырды.  Есейе келе Редьярд пен оның қарындасы Триксті ата-аналары Англияға оқуға жіберді. Еркіндікті сүйген бес жасар балаға жекеменшік пансионның темірдей тәртібіне төзуіне тура келді.  Білім мекемесінің бастығы Роза ханым болмашы тәртіпсіздіктері үшін қарамағындағы балаларды аяусыз жазалайтын.  Пансионда көрген зорлық-зомбылықтардан жаны күйзелген Редьярдтың жүйкесі тозып, түнде  ұйықтай алмай қалатын дертке шалдығып, өмір бойы одан арыла алмады. Ұлының сырқаттанып қалғаны туралы хабарды құлағы шала салысымен анасы Англияға құстай ұшып, пансиондағы балалардың қандай ауыр жағдайда тәрбиеленіп жатқанын көзімен көріп, оны мектептен алып кетеді. Он екі жасқа толғанда Киплингті ата-анасы Вествард-Ходағы «Қарулы күштер колледжі» деп аталатын мектепке береді. Онда қатар-қатар болып тізіліп орналасқан шағын үйлерде екі жүзге жуық жасөспірім білім алып жатты.  Киплингтің бір кітабында ол мектептегі болған оқиғалар жан-жақты баяндалған да. Сыныптағы тәлімгері мен әулие әкейден басқа мектепте жұмыс істеген мұғалімдердің бәрі де онда жабайы, дөрекі, надан адамдар болып суреттеледі. Ата-аналары әскери-отаршылдық қызметті таңдағаннан кейін ұлы Үндістанға қайтып оралады деп дәмеленіп, үміттерін үкіледі. Өкінішке қарай, көзі жөнді көрмейтін Редьярд әскери мансабын біржола тастап кетуге мәжбүр болды. Әскери мектепте оқып жүргенде болашақ жазушы әкесінің досы Кормелло Прайспен танысып, ол сөз өнеріне құштар талапкердің бойынан таланттың ұшқынын көріп,  әдебиетке баули бастады.  1882 жылы ол Үндістанға қайтып оралып, журналистік қызметпен айналысты. Уақыт өте келе Аллахабедта шығып тұратын Pioner газеті жас журналиске елдерге жасаған саяхаты туралы очерктер сериясын жазуға ұсыныс жасайды. Көктен іздегені жерден табылғандай болып, бақыттан басы айналған жазушы ұсынысты қуана-қуана қабылдап, Азия мен Америка халықтарының тұрмысын жан-тәнін салып зерттеуге кірісіп кетті.  Әлемдегі елдердің мәдениеттерімен танысқан ұмытылмас әсерлері 1888-1889 жылдары шыққан алты кітабында айқын көрініс тапты. Міне, осыдан кейін әдебиет әлемі жас Киплингті қошеметпен қарсы алып, сыншылар оның жазу мәнерінің ерекшелігін жарыса жаза бастады. Англияны аралап шығып 1889 жылы Қытайға бағыт алып, Бирма мен Жапонияда болып, Солтүстік Америкаға саяхат жасағаннан кейін Лондонға қайтып оралып, жаңа туындыларын жазуға ден қойды.  Алайда  1890 жылы жарық көрген «Сәуле сөнді» романы әдебиетшілердің  қатал сынына ұшырады. «Наулакха» атты екінші романын жазып жүрген жылы ол Америкадан шыққан баспагер Уолкет Бейлстирмен кездеседі. Екі жігіт достасып, кейін бірігіп шығармалар да жазды. Досы тифтен қайтыс болғаннан кейін, Редьярд оның қарындасына үйленіп,  Вермонтқа қоныс аударды.  1884 жылы «Джунгли кітабы», 1895 жылы «Екінші джунгли кітабы» атты шығармалар жинағы жарық көрді. Балаларға арналған туындылары оны әлем оқырмандарына танымал етіп, даңқын аспандатып жіберді. Сондай-ақ осы жылдары Киплингтің  бірнеше өлеңдер жинағы шықты.  1896 жылы жазушы Американы тастап, Англиясына қайтып оралды. 1897 жылы «Ержүрек теңізшілер» романы оқырман қолына тиді.   Англияның ылғал климаты денсаулығына кері әсер етіп, дәрігерлердің ақыл-кеңесімен ол қыстап шығу үшін амалсыздан Оңтүстік Африкаға қоныс аударды.  1899 жылы Киплингтердің отбасы қайғылы жағдайға душар болып, өкпенің қабынуынан қызы Джозефина дүние салды. Англо-бурск соғысының басталуы оны қайтадан Оңтүстік Африкаға кетуге мәжбүр етіп, сол жерде ол әскери газетті шығаруға ден қойды. Міне, сол кезден бері «Маугли» ертегісі авторының өнер жолынан адасуы басталып, ол Британияның империялық саясатын қолдайтынын ашықтан-ашық білдіруге көшті. Әдебиеттегі гуманистік принциптерді аяқ асты етіп, отаршыл империяның шашбауын көтеріп,  Англияны әлемдегі басқа елдердің бәрінен жоғары қойып, барша адамзатты ағылшындардың кең-байтақ плантацияларына қажетті тыңайтқыш ретінде бағалады. Сондықтан да ол солдаттар мен офицерлердің жауыздығын дәріптеп, қатыгездік пен жалған ұлтшылдықты мадақтады. Отарлаушы Англияның бөтен елдің жерін басып алып,  рухани және материалдық байлығын иеленіп, миллиондаған адамдарды құлдарына айналдырғанын  қолдады. Билік те атақты қаламгердің еңбегін елеусіз қалдырмай, жауыз империалистер жазушының кеңесіне құлақ асып, әр сөзі үшін қомақты ақша төледі. «Киплингтің өмірі кез келген генийдің өзін-өзі қалай құртып жібере алатынының жарқын мысалы болып табылады» деген екен орыс жазушы Паустовский. Жазушының отаршылдық саясатқа берілгені соншалық,  тіпті Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде  бар беделін салып, денсаулығы жоқ ұлын әскер қатарына  алғызып, қан майданға жіберді.  Өте әлжуаз, көзі де нашар көретін ұлы соғыста қаза тапты. Бұл оқиға баласын ұрыс даласына жіберуге үзілді-кесілді қарсы болған әйелі екеуінің арасындағы қарым-қатынасты суытып жіберді. Жалғыз ұлынан айырылған әйелі қалған өмірінде күйеуін қарғап, оны өлгенше кешірген жоқ. Өмірінің соңында Киплинг сүйікті ұлын ағылшын отаршылдарының саясатына бола өлімге байлап бергенін түсініп,  жалғыздықтан жаны күйзеліп, ауырып қалды. Қайғыдан көңілі құлазаған әйелінің оны жек көріп кеткені соншама, тіпті ол төсектен басын көтере алмай қиналып жатқанда да жағдайын сұрамай қояды. Джон Мильтоннан кейінгі ағылшындардың ұлы ақыны болып саналатын Киплингтің «Өсиет» деп аталатын ұлына арнаған мағынасы терең өлеңі бар. Владей собой среди толпы смятенной, Тебя клянущей за смятенье всех, Верь сам в себя, наперекор вселенной, И маловерным отпусти их грех; Пусть час не пробил, жди, не уставая, Пусть лгут лжецы, не снисходи до них; Умей прощать и не кажись, прощая, Великодушней и мудрей других. Ұлы ақынның тағдырлы туындысының алғашқы жолдары осылай басталады. Бірақ амал нешік? Ұлы арқылы барша адамзатқа керемет өсиет айтқан ақынның өзі даралық қасиетін сақтап қала алмай, тобырдың адамы болып кетті. Кейде ақындардың сөзі мен ісінің бір жерден шықпай жататыны қандай өкінішті. Киплинг ірі суреткер болғанымен, терең ойшыл бола алған жоқ. Сондықтан да ол өзінің талантын Империяның идеясына бағындырып, бірте-бірте шығармашылығын да өлтірді. Бар-жоғы қырық екі жасында Нобель сыйлығын алған суреткер Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, одан кейін де жазуын тоқтатқан жоқ. Бірақ маңызды ештеңе де туғыза алмады. Кез келген ұлы суреткерлердей  ол өз дәуірінің қайшылықты тұлғасы болды. Замандастары оны сыртынан «империалист» деп те мазақтады. 1927 жылы орыс ақыны Осип Мандельштам «Империалистік Англияның жазушысы Киплингтің жануарлар туралы әңгімелерінен де билеуші таптың үні  байқалады» деп жазды. Британ отарының иелігіндегі Бомбейде дүниеге келген ол атақты Голсуорсидей реалист те,  Томас Элиоттай  модернист те емес,  ең соңғы ұлы ағылшын романтигі болды. Жазушы дүние салғаннан кейін Америкадан келген Томас Элиот бар күш-жігерін салып Киплинг ақынның жақсы есімін қалпына келтіруге құлшына кірісіп кетеді. Бір қызығы басқа емес, тап осы Томас Элиоттың қырық екі жасында әлемді мойындатқан Киплингтің сыртынан күліп,  «гүлтәжі жоқ лауреат» деп талай мәрте оны келеке еткен болатын.  Киплинг дүние салғаннан кейін алты жылдан соң ол өз талғамына сүйеніп, ақынның таңдамалы өлеңдер жинағын құрастырып,  талантына табынып, мақала жазды.  Елінен жырақ жерде өмір сүрген көптеген жазушының әлемдік әдебиетке қатты ықпал еткені туралы мысалдар тарихта жетіп артылады.  Киплингті де біз дәл осындай ірі суреткерлердің қатарына жатқыза аламыз. Бірақ империалистік пиғылды қолдағаны үшін Кеңес Одағында оның ертегілерінен басқа дүниелері  аса қатты насихаттала қоймады.  Пролетариат жазушысы Максим Горький бір сөзінде, Киплинг талантты жазушы болғанымен, оның империалистік ойларының зиян  екенін атап өтеді. Дегенмен кеңестік идеологияның үгіт-насихатын ысырып тастап, бұл мәселеге кеңірек қарасақ, Киплингтің әлем әдебиетіндегі ең үздік әңгімешілердің ондығына кіретін суреткер екеніне көзіміз жете түседі.  Талғамы биік талантты жазушы  Соммерсет Моэм бір мақаласында оның шығармашылығын Моппасан мен Чеховтармен бір қатарға қойып, әңгіме жазудың ұлы шебері ретінде жоғары бағалайды. Ол тек ұлы новеллист қана емес, сонымен бірге ұлы ақын да болды. Киплингтің мықты романист екенін де мойындаған ләзім. Басқа ештеңе жазбаған күнде де ол әлем мойындаған балалар әдебиетінің классигі ретінде тарихта мәңгі қалар еді. Неге екенін білмеймін, бала күнімде қызыға тамашалаған «Маугли» мультфильмі есіме түскенде, жыртқыш адамдардың ортасына түсіп қалып жазушылық жолдан адасқан Киплингтің аянышты тағдыры көз алдыма елестейді. 1907 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР:
  1. Джордж Мередит (1828-1909) – Викториан дәуіріндегі танымал ағылшын жазушысы.
  2. Джон Морлей (1838-1923) – ағылшындардың қоғам қайраткері, тарихшы. Антиимпериялық бағыттағы тарихи шығармалардың авторы. Вольтердің, Руссоның, Дидроның шығармашылығы туралы монографиялар жазған. Қаламгердің саяси журналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегі орасан зор.
  3. Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) – ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның ең атақты шайыры болып мойындалған.
  4. Георгиос Сурис (1853-1919) – грек ақыны, жазушы әрі драматург.
  5. Георг Моррис Кохен Брандес (1842-1927) –даниялықтардың танымал әдебиет зерттеушісі, публицист, натурализмнің теоретигі.
  6. Хольгер Драхман (1846-1908) – даниялық жазушы.
  7. Àнжель Гимерà (1845-1924) – испан ақыны, жазушы, драматург.
  8. Марселино Менендес-и-Пелайо (1856-1912) – испан ғалымы, мәдениет тарихшысы, әдебиеттанушы.
  9. Анджело де Губернатис (1840-1913) – Италия ғалымы, санскрит тілінің маманы.
  10. Антонио Фогаццаро (1842-1911) –  Италия ақыны.
  11. Борден Паркер Боун (1847-1910) – америкалық философ.
  12. Поль Бурже (1852-1935) – француз сыншысы, жазушы.
  13. Ярослав Врхлицкий (1853-1912) – чех ақыны, драматург, аудармашы.
  14. Сельма Лагерлёф (1858-1940) – швед жазушысы, 1909 жылы Нобель сыйлығын иеленді.

                     Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ