24 жастағы қыз жеті үйір жылқы бағады
24 жастағы қыз жеті үйір жылқы бағады
Асыл Ахметованың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы, Озерное ауылы. Жылқы бағатын бойжеткен желі қолданушыларының назарына іліккен еді. Асылдың өзіне хабарласып, әңгімесін жазып алдық.
Карантин басталғалы жылқы бағып жүрген қыз Алматыдағы жұмысын тастап келген. Нұр-Сұлтан қаласындағы политехникалық колледжін аяқтаған.
– Пандемия басталғалы ауылдамын. Бұл жағдай қаладан кетуіме керемет сылтау болды. Ауылға аңсарып ауып, жиі сағынамын. Әкем мен анам жалғыз тұрады. Оларға көмектесу үшін ауылға қайттым. 7-сыныптан бері жылқы шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп келемін. Жеті үйір жылқы бағатыным рас. Әр үйірде 30-40 жылқы болады. Екі адам кезектесіп бағамыз. Қазір әкеммен бірге жылқы бағамын. Жеті үйір жылқыны баптау – әкем екеуіміздің мойнымызда. Түске дейін әкем бақса, одан кейін мен бағамын. Күн ыстықта жылқы жайылмайтын болғандықтан, қораға қамап қоямыз. Кешкі жайылымға қайтадан шығады. Жайылымға бару үшін мотоцикл өте ыңғайлы. Қазір соны үйреніп алдым, одан кейін ат жарыстарға қатысамын. Ат үстінде түрлі трюктар жасаған ұнайды. Осыдан бес жыл бұрын ауылдың іргесінде ат жарыс ұйымдастырылып, 2-орын алдым. Өткенде аяғымды ауыртып алып, көп жарысқа қатыспадым. Көрші ауылда орыс ұлтының өкілдері тұратын. Солар 1-орын алғанда қатты намыстандым. Өзге ұлт өкілдерінің де жылқыға деген қызығушылығы қуантады.
Арманым – әке-шешемнің үмітін ақтау. Одан кейін қыз бала болғасын тұрмыс құрып, отбасылы болғым келеді, – дейді жылқышы қыз.