Алматыда Қазақстан мен Түркия Сыртқы істер министрлері кездесті

Алматыда Қазақстан мен Түркия Сыртқы істер министрлері кездесті

Алматыда Қазақстан мен Түркия Сыртқы істер министрлері кездесті
ашық дереккөзі
Алматыда Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі аясында стратегиялық жоспарлау жөніндегі бірлескен тобының кезекті отырысы өтті. Екі тарап та табысты тарқасқан жиынға Қазақстан мен Түркия Сыртқы істер министрлері Ерлан Ыдырысов пен Мевлюд Чавушоглы төрағалық етті. Кеше Ташкентте өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымының отырысынан кейін іле-шала бүгін Алматыда тоғысқан екі елдің сыртқы істер министрлері бұл жиында өңірлік қауіпсіздік мәселелерінен бастап, өзге де жәйттерді кеңінен келісіп алуға қол жеткізді. Жабық есік жағдайында өткен жиыннан кейін министрлер екі мемлекеттің БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. «Қазақстан мен Түркия ­– ерекше әріптестер. Біздің бауырластығымыздан  бөлек, кездесулеріміз де жасампаз сипатқа ие» деген Қазақстанның сыртқы істер министрі  бұл жиында келесі жылы Түркияда өтетін аталмыш Кеңестің кезекті отырысының күнтәртібі кеңінен талқыланғанын атады. «Біздің бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысының күнтізбесін талқылау болды. Бүгінгі кездесуден кейін және алда келе жатқан кеңес отырысы екі елдің қарым-қатынасын жаңа сатыға көтереді деп сенеміз. Кеңестің ІІІ отырысы келесі жылы Түркияда өтеді. Бүгінгі жиында біз саяси, әскери, мәдени саладағы тақырыптарды жан-жақты талқыладық, сонымен қатар, консулдық қарым-қатынастар да жиынның күнтәртібінде болды», деді Мевлют Чавушоглы. Өз тарапынан министр Ерлан Ыдырысов: «Біз екі елдің өзара ынтымақтастығындағы мәселелерге жеке-жеке тоқталдық. Оның ішінде, сауда-экономикалық, инвестициялық сұрақтар көтерілді. Нақтырақ айтқанда, «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы мен Қазақстан-Түркия арасында индустриялық аймақтар туралы ірі жобаларымыз бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған инвестициялық келісімдер бар. Әлбетте, бүгінгі жиынның нәтижесі ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің ІІІ кезекті отырысын өткузге келіскенімізді айта кету керек. Кеңеске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Сондай-ақ, бүгін ЭКСПО-2017 тақырыбы да көтерілді. Өздеріңіз білетіндей, Түркия бұл көрмеге белсенді қатысушы. Біздің делегациялар сарапшылар деңгейінде түстен кейін отырысты жалғастырады» деді.