Маңғыстауға жем-шөп жіберуді көпбалалы ана ұйымдастырып жүр
Маңғыстауға жем-шөп жіберуді көпбалалы ана ұйымдастырып жүр
Төрт баланың анасы Балнұр Ермекбаева Маңғыстауға жем-шөп жіберуді ұйымдастырып жүр, деп хабарлайды malim.kz.
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының тұрғыны, 29 жастағы Балнұр Ермекбаева «Шопан Ата» мал өсірушілер ұлттық қауымдастығының бастамасымен қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына бір вагон жем, бірнеше жүк көлік шөп жіберді.
– Қуаңшылық басталғалы бері Маңғыстау облысына жем-шөп жіберуді ұйымдастырып жатқан еріктілер туралы әлеуметтік желіден оқыдым. Біздің жем-шөп жинау бастамасына келсек, осы істі ұйымдастырудың басы-қасында жүрген, «Шопан Ата» мал өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы – Алмасбек Садырбаев. Ол кісі Маңғыстау облысына барып, жағдайды көзбен көрді, ахуалмен танысты. Қуаңшылықтан Маңғыстауды жұт жайлады деп алғашқы болып дабыл қақты. Өзім «Шопан Ата» қауымдастығының Ақтөбе облысындағы өкілімін. Алмасбек ағаның өзі хабарласып, «ақтөбелік кәсіпкерлер жем-шөп береміз деп жатыр, сол істі ұйымдастырып, көмек беруді қолға алсаң» деп өтініш айтты. Бірден келісіп, іске кірістім. Өзім бір әулеттің келінімін. Төрт балам бар. Кішісі жеті айлық. Қарт ата-енем, жолдасыммен бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Екі бірдей жоғарғы дипломым бар. Мамандығым – педагог-психолог. Бірақ қазір қоғамдық жұмыстарға араласатын ерікті болып жүрмін. Бағытым – ауыл шаруашылығын дамыту, – дейді қоғам белсендісі.