Қытайдың азық-түлік нарығы Қазақстанға тиімді

Қытайдың азық-түлік нарығы Қазақстанға тиімді

Қытайдың азық-түлік нарығы Қазақстанға тиімді
ашық дереккөзі

Сарапшылар Қытай экономикасының қалпына келуі алдағы жылдары ҚХР-да азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемін арттырып, 1,8 трлн долларға дейін жететіні туралы нарықтық болжам жасайды. Осы орайда Қазақстандық азық-түлік өндірушілері көрші елдің нарығынан қанша үлес ала алады?

Ғасырлар бойы Қытай мен Ұлы Дала мемлекеттері өзара тығыз байланыста өмір сүрді. Ұлы Жібек жолы – екі елді экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстармен біріктірген бірегей сауда-транзиттік желісіндегі басты құралға айналды.

Қазақстан тарихи қалыптасқан байланыстарды дамыта отырып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында сауда-экономикалық қызметке үлкен мән береді. Оны іске асырған сегіз жылға жуық уақыт ішінде қатысушы елдер арасындағы тауар айналымының көлемі шамамен 8 трлн долларғажетті әрі бұл көрсеткіш өсуін жалғастыра береді.

Бүгінде Қытай қазіргі жағдайға икемді жауап беретін, бәсекеге қабілетті ішкі нарығы бар,тауарлар мен қызметтердің әлемдегі ең ірі тұтынушысы және импорттаушы ел. ҚХР-да азық-түлік нарығының тез дамуының басты себептері – халық санының көптігі, қытайлықтардың әл-ауқатының артуы және тамақтану құрылымының өзгеруі.

Қытайда азық-түлік пен сусындарды тұтыну құны 1 трлн доллардан асады, ел бөлшек сауда нарығы бойынша әлемде бірінші орында. Соңғы онжылдықта Қытай экономикасы тұрақты дамыпкеледі және халықтың табыс деңгейі үнемі өсуде.

Қытайдағы орта тап қазірдің өзінде 400 миллион адамнан асады, ал бұл ең үлкен нарық. Оның үстіне, 2024 жылға қарай ҚХР-ның жан басына шаққандағы ЖІӨ 58%-ға ұлғаяды, бұл шамамен 15,5 мың долларды құрайды. Ал қолда бар табыс 62%-ға немесе 9,6 мың долларға өседі деп болжануда. Бұл өз кезегінде әртүрлі баға санаттарындағы азық-түлікке сұраныстың тұрақты өсуіне ықпал етеді.

Табыстың жоғарылауы тамақ өнімдерін тұтынуды да өзгертеді – алдағы уақытта экологиялық таза тағамдарға сұраныс арта береді. ҚХР-да салауатты өмір салтының қалыптасуы тұтынушылардың өнім сапасына мұқият қарауына, сондай-ақ табиғи және жаңа өнімдерге сұраныстың артуына әкеледі. Бұл үрдіс қытай нарығында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Өткен жылы Қытай COVID-19 пандемиясының әсерін бірінші болып сезінсе де, мемлекет экономикалық өсуді 2% деңгейінде белгілей отырып, экономиканың құлдырауына жол бермеді. Ал мұндай деңгейге басқа жетекші елдер қол жеткізе алмады.

Дүниежүзілік банк 2021 жылы Қытай экономикасының 7,9% деңгейде өсетінін болжап отыр. Экономика 2020 жылы тоқтап қалған ішкі сұранысты қалпына келтірудің арқасында өспек. Ал 2022 жылы экономиканы бюджеттік ынталандыруды қысқарту жөніндегі шаралар аясында ЖІӨ өсімі 5,2%-ға дейін баяулайды, содан кейін дағдарысқа дейінгі өсу қарқыны 5,5-6,0%-ға оралады.

Біздің еліміз үшін әлемнің екінші державасына айналған Қытай экономикасындағы осы үрдістер тек шикізат ресурстарын ғана емес, сондай-ақ қосылған құны жоғары өндірілетін өнімді өткізу үшін әлеуетті мүмкіндіктерді де білдіреді. «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан кейбір елдер өздері үшін пайдалы тауашаларды таба отырып, Қытай нарығын белсенді игеруде.

ҚХР-ға ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу бойынша Өзбекстан тәжірибесі назар аударады. Қытай 2019 жылы АҚШ тауарларына баж салығын көтергеннен кейін, нарықта қызыл шие болмады. Өзбекстан сыйымдылығы 200 миллион доллар болатын қызыл шие нарығындағы жағдайға шапшаң«жауап» берді. Жағдайды зерттеп, нарықтағы өз тауашасын алып, Қытайға қызыл шие жеткізді. Сапасы жағынан кем түспейтін өзбектің қызылшиесінің бағасы Америкадан келетін өнімге қарағанда екі есе арзанға түсті.

Қазіргі уақытта Өзбекстаннан Қытайға ауылшаруашылық өнімдерінің 14 түрі экспортталады: шие, қауын, жаңа піскен және кептірілген ащы бұрыш, күнжіт, қабығы жоқ жаңғақ, тәтті және ащы бадам, жержаңғақ, мейіз, кептірілген өрік, маш, жүзім тұқымы. Мұның бәрі шектеусіз және үлкен көлемде экспортталып жатыр. Алдағы жылдары Өзбекстан лимон, қара өрік, жүзім, өрік, шабдалы және құрма экспорттауға рұқсат алуды жоспарлап отыр.

Қытай нарығына енуге Ресейдің азық-түлік өндірушілері де қызығушылық танытып отыр. Сауалнамаларға сәйкес, ресейлік өнімдерді бір рет тұтынып көрген қытайлықтардың 91%-ы оны болашақта тағы да сатып алғысы келеді екен. Қытайда Ресейдің ең танымал өнімдеріне шоколад, алкогольді ішімдіктер, кондитерлік өнімдер мен ұн өнімдері, сондай-ақ балмұздақ жатады.

Қазақстан да өте ауқымды және серпімді Қытай нарығына енуді мақсат етуі керек. Маркетингтік болжамдар алдағы жылдары ҚХР-да тамақ өнімдерінің бірнеше санатына сұраныс артатынын көрсетіп отыр. Олар: жарма, макарон және консерві өнімдері +63%, жаңғақтар +50%, сүт өнімдері +49%, жемістер +42%. Мұндай сапалы өнімдер Қазақстанда да өндіріледі. Фермерлердің назарын жемшөптерге аудару керек. Өйткені кебекке импорттық баж салығы салынбайды. ҚХР-да кебекке сұраныс жылына шамамен 135 млн тонна, ал бағасы Қазақстанға қарағанда жоғары. Сонымен қатар, майлы дақылдар мен майларға да үлкен сұраныс бар.

Экологиялық таза өнімдерге сұраныстың жоғарылауына байланысты ҚХР-ға импорттауға рұқсат етілген ауыл шаруашылығы өнімдері мен дайын тамақ өнімдері тізімі тұрақты түрде өсетін болады. ҚР-ның ҚХР-мен сауда қатынастары белсенді дамуда, алайда оны одан ары кеңейтудің келешегі зор.

ҚР ҚМ МКК деректеріне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстан-Қытай екіжақты сауда көлемі 15,3 млрд АҚШ долларынан асты (өсім +4%), оның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты 9 млрд (+12,5%), Қазақстанның Қытайдан импорты – 6,3 млрд АҚШ доллары (-5,9%-ға төмендеген). Нәтижесінде Қазақстанның ҚХР-мен саудадағы кіріс пен шығыс арасындағы айырмасы 2,7 млрд долларды құрады.

Қазақстанның Қытаймен географиялық жақындығы, жалпы шекара көлемінің ұзындығы, дамыған көліктік инфрақұрылымы және дамып келе жатқан экономикалардың өзара кірігуі сынды бәсекелестік артықшылықтарды тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін барынша пайдалану қажет. Қазақстандық бизнеске жаңа нарықтарды, соның ішінде Қытай нарығын игеруден қорықпау керек. Оның үстіне, екі ел арасындағы сауда ынтымақтастықты одан ары арттырудың сындарлы саяси астары бар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ның Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяомен жақында өткен кездесуде: «Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара ынтымақтастық пен стратегиялықсеріктестік әртүрлі саяси тенденцияларға емес, берік негізге құрылған. Қазақстан мен Қытайжақын көрші, сенімді дос және стратегиялықәріптес. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның ұлттықмүддесіне сай келеді. Елдеріміздің арасындағыбарлық мәселе сындарлы әрі сенімді диалог арқылышешіледі», – деді.

Қытай біздің экономикамызды одан әрі әртараптандыру тұрғысынан елімізге пайдалы. Әрине, өте ауқымды әрі бәсекеге қабілетті Қытай нарығына шығу көптеген қазақстандық кәсіпорындар үшін қиындық туғызады, өйткені ҚХР нарығында бүкіл әлемнің компаниялары мен ТҰК жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, Қытай тұтыну нарығының өсіп келе жатқан сегменттері көптеген жаңа компанияларды қызықтырады, алҚытай нарығындағы жаңа тауашаларды толтыру жылдамдығы әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.

Бәсекелестік дегеніміз жаңа, неғұрлым жоғары деңгейде жұмыс істеуді, өнімділікті арттыруды, қызметкерлердің жоғары құзыретін, қызмет стандарттарын жаңартуды көздейді. Тұтынушылардың ерекше талғамы жеткізушілерді азық-түлік ұсыныстарына және ҚХР-дың нарықтағы арнайы өндірістік процестеріне бейімделуді талап етеді.

Маркетингтік болжамдар барлық салымдар, күш-жігер мен инвестициялар болашақта өте ауқымды экономикалық нәтиже беретінін көрсетіп отыр. Жалпы, біздің еліміздің жаңа деңгейге көтерілуіне тағы бір мүмкіндік ашылады, ал біз осы мүмкіндікті пайдалана аламыз ба?