Асқар Қадырқұлов: Ауыл әкімін сайлау – демократиялық қадам

«Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалының басшысы

Ауыл әкімдерін халық өзі сайлайтын сәт те келіп жетті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла іске кіріскен жұртшылықтың аяқ алысы жаман емес. Өңірлер де белсенділік танытып, саяси бастамаға білек сыбана кіріскен. Сайланатын әкім – біреу, саяси көзқарас – бірнеше. «Партиялық емес бақылау орталығының» өкілі саяси науқан туралы бүй деді:

– Бұл ауыл әкімдері сайлауының пайдасын халық толығымен сезініп, түсінді деуге әлі ерте шығар, бірақ болашақта осы жергілікті өзін-өзі басқару институтының Қазақстан азаматтарына берері мол. Сайлау учаскелеріне сайлаушылардың қатысуы өте белсенді деуге болады. Қазір жартысынан көбі дауыс беруге қатысты.

Ауыл әкімдерін тұрғындарының тікелей сайлауының маңызы, жергілікті халықтың өздері танитын, сыйлайтын кандидатты сайлауы – демократиялық қағидалардың жүзеге асуының анық көрінісі. Уақыт өте келе бұл үрдіс үйреншікті болған соң, әр ауыл тұрғыны бұл процесте өз рөлін сезіне бастайды. Мысалы, ауыл әкімі міндетті түрде халық алдында есеп беріп тұрады, сол кезде әр тұрғын сол әкімді сайлаған азаматтық қоғамның мүшесі ретінде, өз пікірін білдіре отырып, ұсыныстарды әкімнің өзіне ашық түрде айта алады. Бұл тарихи ісшарада халықтың саяси сауаты көтеріліп, саяси мәдениеті  қалыптаспақ, – дейді Асқар Жақсылықұлы.

Back to top button