Қазыбек Дәуітәлі: Ауыл әкімдерін сайлау халықтың саяси мәдениетін өсіреді

Қазыбек Дәуітәлі: Ауыл әкімдерін сайлау халықтың саяси мәдениетін өсіреді

Қазыбек Дәуітәлі: Ауыл әкімдерін сайлау халықтың саяси мәдениетін өсіреді
ашық дереккөзі
Ауыл әкімдерін сайлау жалғасып жатыр. Сайлау науқанының өту барысы туралы сарапшы, заң ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Әдет-ғұрып құқығы және салыстырмалы құқықтану бойынша ғылыми-зерттеу институтының директоры Қазыбек Дәуітәлі пікір білдірген еді.
«Ауылдық округ әкімдерін халықтың тікелей сайлауы – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев уәде еткен саяси өзгерістер мен бастамалардың ең маңыздысы. Бұл еліміздегі демократиялық процестердің ілгерілеуіне, тиісінше жүйелі өзгерістерді тудыруға зор ықпалын тигізетін болады. Енді екі жылдан кейін аудан және қала әкімдерін сайлау өткізілмек. Сондықтан халықпен күнделікті бетпе-бет кездесіп, оларды  толғандырған мәселесін жедел шешуге тырысатын құзыреті мол атқарушы билік органдарының жұрт алдындағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етуге тиіспіз. Былтыр «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен өткен Праймериз халықтың кез-келген демократиялық бастамаларға дайын екенін көрсетті. Праймеризге қатысқан кезде «Алдағы болатын әкімдер сайлауы да Праймеризге сәйкес өтсе игі еді» деп айтқан болатынмын. Себебі халық сайлаған әкім – кез-келген демократиялық процедураны халықтың қалауына сай ұйымдастыруға мүдделі. Тағы бір айта кетерлігі, ауыл әкімдерін сайлау елімізде кенжелеп дамып жатқан азаматтық ұлтты қалыптастырудың басты көрсеткіші ретінде көрініс табатыны анық. Рулық-туыстық байланыстың мемлекеттік сананы қалыптастыруда, сондай-ақ, азаматтық ұлт болып қалыптасуымызға зиянды екенін дәлелдейтін болады. Жалпы, бұрындары конституциялық механизм дұрыс жұмыс істеуі үшін бәрінен бұрын саяси плюрализм маңызды деп ойлаушы едім, Праймеризге қатысқаннан кейін ойым өзгерді. Дәл қазір маңыздысы – әділ сайлау өткізу және халықтың тікелей дауыс беруі. Ауыл әкімдерін сайлау халықтың саяси мәдениетін өсіреді деп сенемін. Мұны саяси реформа деп атауға толық негіз бар» – деді маман.