«Өңірдің өркендеуі осы сайлаудың қорытындысына тікелей байланысты» – байқаушы Гүлнар Давлетбаева
«Өңірдің өркендеуі осы сайлаудың қорытындысына тікелей байланысты» – байқаушы Гүлнар Давлетбаева
Жамбыл облысы Байзақ ауданында ел тарихындағы тұңғыш әкімдер сайлауы жоғары деңгейде өткізілуде. Бүгінгі таңда Сарыкемер ауылындағы №128 сайлау учаскесіне 2078 адам тіркелсе, соның 39,58 пайызы өз таңдауын жасап үлгерген.
– Баршаңызға мәлім, бүгін еліміздің тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауы болып жатыр. Бұл Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанының көрінісі деуге болады.
Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімі арқылы сайланып келсе, енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтайды.
Дамыған елдерде мұндай тәжірибе көптен бері қолданылып келе жатқанын білеміз. Елімізде қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің оңтайлы шешілуі, ұлттық экономиканың дамуы, өңірдің өркендеуі осынау сайлаудың қорытындысына тікелей байланысты. Бұны біз, Байзақ ауданының тұрғындары айқын сезініп отырмыз.
Біздің ауданда үш бірдей ауылда, атап айтар болсақ, Көктал ауылы мен Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінде әкімдікке сайлауға тоғыз үміткер қатысуда. Олардың қатарында «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Қазақстанның халық партиясы» және Nur Otan партиясы атынан ұсынылған кандидаттар мен өзін-өзі ұсынған үміткерлер де бар.
Сайлау әділ, әрі ашық өтуі үшін партия өкілдері, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерінен құралған бақылаушылар бәрін бақылап отыр. Әлемдік пандемияға байланысты сақтық шаралары да күшейтілген. Алайда ауылының ертеңі мен кемел келешегі үшін өз таңдауын жасауға ағылған халықтың қарасы қалың. Олардың қатарында жастардың басым болғаны қуантады, – дейді байқаушы Гүлнар Давлетбаева.
Жамбыл облысында қазіргі таңда саяси науқан 38 ауылдық округте өтуде. Олардың денінде халықтың 40 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы