Шымылдығын «Абаймен» ашқан театр

Шымылдығын «Абаймен» ашқан театр

Шымылдығын «Абаймен» ашқан театр
ашық дереккөзі
Биыл торқалы той жасап, 90 жылдығын атап өткен қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 91-маусымын ашты. Демалыстан кейін көрерменмен қауышуға асыққан театр ұжымының жаңа маусымда жұртшылыққа ұсынар жаңалығы аз емес. Маусым ашылар алдында журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізу – театрдың мызғымас дәстүрі. Өткен маусымды қорытындылап, жаңа маусымға арналған жоспарларымен бөлісу үшін бұл жолы да дәстүрден жаңылмай, театр басшылығы БАҚ өкілдерімен жүздесті. Әдеттегідей емен-жарқын әңгіме айтылды, сұрақтар қойылып, тұщымды жауап алынды, ұсыныс-тілектер тыңдалды, шешуін күткен мәселелер ортаға салынды. Баспасөз мәслихатына театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, директордың кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова қатысты. «Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын М.Әуезов театрының 90 жылдығы ұштасып, бір уақытта тойланып жатыр. Театр 90 жылдық мерейтойын өзінің мәртебесі мен атақ-дәрежесіне сай кең ауқымда атап өтті. Бүгін 91-маусымның шымылдығын театрымыздың бұлжымас дәстүріне сай М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашпақпыз», – деді театр директоры Ерлан Біләл. Қазақтың заңғар жазушысының атын иемденген театрдың маусымашар қойылым ретінде Мұхтар Әуезов шығармаларын сахналауды игі дәстүрге айналдырғаны құптарлық. Ал Абайды басқа емес, театр директорының өзі сомдауы тіпті қуантты. «Гримге баруым керек еді» деп журналистерден кешірім сұрап, кездесудің орта тұсында жұмысына оралған Ерлан Біләлдің қарапайымдылығы мен жан-жақтылығы жиналғандарды риза еткен. М.Әуезов театрының тағы бір тамаша дәстүрі – қарашаңырақтың іргетасын қалауға атсалысқан атпал азаматтардың, сахнада талай жыл тер төккен тарландардың мерейтойын кең көлемде атап өту. Мәселен, 2014 жылы театр анасы атанған біртуар актриса Сәбира Майқанованың ғасырлық мерейтойы аталып өтсе, өткен маусымда жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековтің адал жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мәдениет саласының үздігі Хабиба Елебекованың 100 жылдық мерейтойы дүркіреп тойланды. Сондай-ақ, театр ұжымы қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан белгілі актриса, талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз Рахилям Машурованың мерейлі 70 жасын атап өтті. Жаңа маусымда тойланатын мерейтойлар да аз емес екен. Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаеваның 80 жасын, саналы ғұмырын осы театрға арнаған, өмірінің соңына дейін сахнада тер төккен өнер майталмандары Фарида Шәріпова мен Раушан Әуезбаеваның 80 жылдық мерейтойын атап өту жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақ КСР халық әртісі, қаншама мықты актерді дайындаған педагог, қарашаңыраққа қалтқысыз қызмет еткен актер Ыдырыс Ноғайбаев көзі тірі болса биыл 85 жасқа толар еді. Театр тарланының меретойына арналған шараларға да ерекше назар аударылмақ. Ал келер жылдың көктемінде КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің мерейлі 80 жасы тойланбақ. Баспасөз мәслихатынан кейін актерлер шеруіне ұласқан іс-шарада театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов: «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен театрдың 90 жылдық мерейтойы аясында театрда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі еліміздің облыс орталықтарына гастрольдік сапармен барып, 90 жылда жеткен жетістіктерімізді саралап, халыққа есеп беру болды. Аға, орта, жас буын өкілдерінен тұратын театрдың шығармашылық құрамы күн өткен сайын талантты жастармен толығуда. Бүгінде театрымыз академиялық театр болғанымен, «ұлттық театр» деген атқа қызмет етудеміз», – деді. Ал театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев өз кезегінде: «М.Әуезов театры – қазақ драматургиясын, қазақтың актерлік мектебін әлемге танытқан, береке-бірлігі жарасқан, әр істі жауапкершілікпен, абыроймен атқаратын қазақ өнерінің қарашаңырағы, ата театры. Театр әркез халқының мұңымен, қуанышымен бірге жүреді. Театр көрермен үшін жұмыс істейді. Бұл театр – заманауи театр. Қазірде киелі сахнада ойнайтын актерлер негізінен жастар, соған сай көрермендердің дені жас буын өкілдері. Біздің міндетіміз – ізімізден ерген осы жастарға жол көрсету, тілекші болу. Сіздердің де бүгінгі тілеулеріңіз қабыл болсын! Маусым шымылдығын ашайық, біз ойламаған, біз айтпаған ойды Ұлы Абайдан естіңіздер!», – деді. Шымылдық ашылды. Сахнада – «Абай». Бас кейіпкер рөлінде – театр директоры Ерлан Біләл. Әбдірахман рөлін театрдың актерлік құрамына жуырда қосылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев ойнаса, Айдар рөлі жас актер Аян Өтепбергенге сеніп тапсырылған. Ол режиссердің сенімін ақтап, көрерменнің үдесінен шықты. Е.Обаев сахналаған «Абай» спектаклімен ашылған 91-маусым Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі (15 қазан) мен «Қыз мұңы» драмасы (16 қазан), Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Қожанасыр тірі екен...» музыкалық комедиясымен (18 қазан) жалғаспақ. Одан әрі Дулат Исабековтің «Жаужүрек» драмасы (19 қазан), И.Вовнянконың «Қаза мен жаза»қылмыстық драмасы, (20 қазан), Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» драмасы (21 қазан), Қ.Жұмағалиевтің аудармасындағы Еврипидтің «Медея» трагедиясы (25 қазан), Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі (25 қазан), Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасы (26 қазан) сахналанады. Сондай-ақ, қазанда көрермен назарына А.Володиннің «Қоштасқым келмейді...» драмасы (26 қазан), Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» драмасы (27қазан), Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» драмасы (28 қазан), Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша...» мұңды комедиясы (28 қазан), Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасы (29 қазан), Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасы (30 қазан) ұсынылып, ай бойы көрермендерді терең ойға жетелеп, бүгінгі өмірді басқа қырынан, көркемдік биіктікпен көрсете отырып, адамды, қоғамды, өмірді тани түсуге ықпал етеді. М.Әуезов театрының дарынды актерлерінің шебер ойынымен өрілетін тарихи тұлғалардың сахналық бейнесі өнерсүйер қауымды бейжай қалдырмасы анық. Жаңашылдыққа жақын театрдың репертуары 91-маусымда жаңа қойылымдармен толықпақ. Алғашқы тұсаукесер – «Ақтастағы Ахико-сан» спектаклі. Режиссер Асхат Маемировтің сахналауымен көрерменге жол тартатын драматург Мәдина Омарованың пьесасы кеңес өкіметі тұсындағы сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде қызыл жүйенің қатігез, қанішер жендеттерінің қолына түсіп, атақты КАРЛАГ лагерінде жастық шағын азапты өмірмен өткізіп, кейін босап шыққан соң, Қазақстанда тұрақтап, қоныстанып қалған Ахико есімді жапон азаматының тағдырын баяндайды. Адам тағдырын арқау еткен қойылымда сол тұстағы қазақ анасының бейнесі, қазақ мінезі, жүйе жендеттерінің образдары да жан-жақты ашылып, көрерменді өткен заманның ең қанқұйлы кезеңін жанымен сезініп, қандай қиын-қыстау уақыт, азапты өмір болса да адамның адами болмысын сақтап қалуға деген күресін түсінуіне жол ашады. Олай болса, 21-22 қазанда театрдан табылайық, өнерсүйер қауым!  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ