Дархан МЫҢБАЙ. Есептемегенге бәрі түгел

Дархан МЫҢБАЙ. Есептемегенге бәрі түгел

Дархан МЫҢБАЙ. Есептемегенге бәрі түгел
ашық дереккөзі
Бүкіл дүние, кез келген нәрсе есебімен түгел болатыны рас. Айталық, ғаламдық пандемия - коронавирус салдары туралы күн сайын БАҚ-та хабарланады. Ол бәзбіреуге құрғақ мәлімет болып көрінгенімен, негізгі бағдары зерттеуге, талдауға құралған және аталған кеселдің алдын-алу, емдеу, сауықтыру, шектеу амалдары орайында жасалынатынын мамандар түсінеді. Сондықтан былайғы жұрт та та нақты цифрлар мен түрлі есептерге көз жүгірте білуі қажет. Қазіргі ақпарат заманында ұлттық статистика жүйесінің, басқа да мемлекеттік органдардың рөлі мен маңызы артып келеді. Сонымен бірге әр саладағы құбылыстар мен үдерістерді зерттеуге жете мән беру (олардың санын, көлемін, таралымын есепке алу) - уақыт талабы. Ондай жұмысты ұйымдастыру үшін есептеудің жаңа тұжырымдамасы әзірленген. Бұрын әр түрлі ведомстволардың құзыретіне жататын өлшеу әдістері мен баяндау формасы біріздендірілді. Ал елімізде барлық сала бойынша жинақталатын мәліметтерді модельдеп, санамалап, сараптайтын, бағалап, болжайтын ғылым - статистика саласы бүгіннің қажетін толық қанағаттандырып отыр ма? Ең негізі міндеті - көрсеткіштердің шынайылығын, бұлтартпас дәлдігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ете алды ма? Жеке сала, тұтас ғылым ретінде - статистикағаға, оның түпкілікті нәтижелеріне қоғамда сенім бар ма? Болса, қаншалықты деңгейде? Көзі ашық қауымды, жұртшылықты иландыра ма? Осы сұрақтың барлығы жауапсыз қалмас деп ойлаймыз. Өйткені расталмаған деректің көпшілігі алыпқашпа, қаңқу сөзге айналады. Ашықтық жоқ жерде түрлі өсек-аяң тарап, қауесет қаулайды. Оны өмір шындығы көрсетіп келеді. Біздіңше, ғаламдану, цифрландыру заманында, ел қауіпсіздігі сын-қатерлер алдында тұрған шақта статистика органдарының жұмысы мен ақпараттық ресурстарды шұғыл жұмылдыруға мән берген жөн. Оның ұйымдастыру-әдістемелік негізі де, үлгі-тәжірибесі де бар. Статистикалық ақпараттардың бағыты мен ағынын зерделеп, бағалаудың жаңа әдістері мен өлшем жүйелерімен елдің жай-күйін айқындау - басты қағидат болуға тиіс. Мәселен, қазір еліміздің бірқатар өңірлерінде қуаңшылық мәселесі өзекті болып тұрғаны белгілі. Тығырықтан шығу үшін көп шаруа атқарылып жатыр. Соның ішінде статистика ғылымына жүгіну заңды әрі қисынды. Мысалы, қуаңшылық құрсауындағы өңірлерде қанша мал бар, түліктің қай түрі, қаншасы шығын болды? Оларды қазір және қыс маусымында құтқаруға қанша жем-шөп қажет? Жалпы, бүкіл ел бойынша, өңірлер бойынша жем-шөп қажеттілігінің мөлшері қанша? Осының есебін халыққа кім айтып бере алады? Кім қуаттайды, растайды? Сондай-ақ, кезекті қымбатшылықтың алдын алу үшін де кешенді зерттеу қажет. Елімізде былтыр, биыл қанша астық, жеміс-көкөніс өсірдік, өндірдік, өңдедік, саттық? Келер жылға жоспарымыздың ауқымы қандай? Аса қажетті азық-түліктің қай түріне қарық боламыз немесе мұқтаждық туады? Күнделікті тұтыну тауарларының қоры жеткілікті ме? Немесе денсаулық сақтау ісінің жай-күйіне байланысты мәліметтерді алайық. Елімізде, яғни қала мен далада, алыс, шалғайдағы аудандарда ғаламдық індет, басқа да эпидемия ушыққан жағдайда аурухана төсек-орынымен, дәрі-дәрмекпен қамту деңгейі қандай болады? Кешегідей бір теріп, екі санап, үш жеп елді шатастырып алмаймыз ба? Былтырғы жағдай қайталанбас үшін дәрі-дәрмек, вакцина егу бойынша нақты не істелінді? Одан өзге не қам, не тірлік бар? Көңіл көншітетін істердің есебі түзілді ме? Әрине, бұл - күн тәртібінде тұрған “мал-жанның амандығына” қатысты мәселенің бір парасы ғана. Біле білсек, аграрлық мүмкіндігі мол елімізде ауыл шаруашылығын, ата кәсіпті дамыту үшін мемлекеттік институттар тарапынан халыққа барынша ыңғайлы, тиімді көмек көрсетілуге тиіс. Өйткені, малы саудың жаны да сау. Өсіріп-баққан малы - халықтың көпшілігі үшін дәстүрлі, ең өтімді валютасы десе болады. Сондықтан мал шаруашылығына көңіл бөлу - басымдықтардың аса маңыздысы болып қала бермек. Оның санының, сапасының есебімен бірге, жауапты орындаушылардың есебі де қатар жүрсе, бірыңғай тәртіп орнайтын еді. Ал елімізде түрлі техногендік, табиғи апат әсерінен қырдағы киік, судағы балық немесе итбалық, аспан мен жердегі құс қырылып, шығыны жария етілгенде, ала-құла цифрлардың жарыса өріп жүретініне де көз үйренді. Жергілікті жерде, орталықта әр түрлі мәлімет жарияланатыны жасырын емес. Сондайда анығын білетін иесі жоқтай әсер қалдыратыны бар. Статистикалық мәліметтердің туралығы, дәлдігі, анықтығы төңірегінде дау-дамайға себеп болатын өзге де жайттар жетерлік, ол туралы айтудайын айтылып, жиі жазылып та келеді. Мысалы, бірер жыл бұрын өзін өзі жұмыспен қамтитын әлеуметтің саны жөнінде үлкен мінберлерден ауыр сын айтылғаны есімізде. Ал елімізден өзге елдерге лайықты нәпақа іздеп кеткен жастардың есебі анықталып жатқан шығар деген халық көкейідегі сұраққа сараң жауаптан өзге нақты цифр айтылмады. Соның ішінде, Кореяға жұмысқа кеткен бойжеткендер мен бозбалалардың дәл санын білу әріптесіміздің біріне оңайға соқпағанынан хабардармыз. Одан басқа, волонтерлер (еріктілер мен олардың жасақтары) саны да әр түрлі тәсілмен есепке енетіні байқалып қалады. Анығына жетуге бірнеше ай кетуі де мүмкін. Алдындағы малын түгендеп, берекенің көзін білетін халық едік, ұлттық дәстүрімізде бар үрдісті жаңаша жалғастыру жобасы жасалды. Арнайы сақина, ен салып, мал санын есепке алу қолға алынғанын да білеміз, бірақ нәтижесі әлі көрінбейді. Сондай-ақ, санда бар, санатта жоқ ауыл шаруашылығы техникасын, қосалқы бөлшектерін кім түгендейді? Жаңғырту, жарақтандыру үшін де саны, сапасы жөнінде мәлімет керек емес пе? Бұл жұмыстың бағыты қайда апарады? Табиғи байлықтың бір көзі - еліміздегі бұлақтар мен бастаулардың (жылда нешесі тартылып қалып жатыр?) есебін кім жүргізеді? Қанша карьер, шахта іске қосылып, қаншасы жабылды? Қоқыс жатқан жердің саны қанша есеге өзгерді? Оларды спутник арқылы іздеп табудың аралық мерзімі қанша? Есебін жүйелі түрде кім жариялайды? Елімізде үй жануарларының (ит пен мысықтан басқа құс, игуан т.б. экзотикалық түрлерін айтпағанның өзінде) мәліметі, әйтеуір, бардың есебі. Ол ол ма, мемлекет басшысының тікелей қадағалауындағы балалар және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға қатысты мәліметтер мен деректерді жүйелеу ісі де сөзбұйдаға салынып келеді. “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген мақсат Парламент Мәжілісінің тиісті комитетінде қаралған кезде қоғамдық ұйымдар тарапынан статистикалық мәліметтерді теріске шығаратын нақты дәлелдер келтірілді. Алайда, тиісті орындар ешқандай ресми жауап, түсінік бермеді немесе туындаған күмәнді жоққа да шығармады. Үн-түнсіз қалу мемлекеттік статистикалық органға да, ведомстволық статистикаға да абырой әкелмесе керек. Айта берсе, мұндай шалағай әдістемелердің сарқыншақтары, яғни шикі цифрлар басқа салаларда да ұшырасуы бек мүмкін. Иә, бүкіл әлем сапа мен нәтижесіне қарай ерекшеленіп жатқан дәуірде еліміздің статистика саласы да жұмысын заман талабына сай өзгертіп, шынайы мәліметтер мен уәждерді алға тартуға мүдделі болуға тиіс деп ойлаймыз. Бұл - ел дамуының шарты. Сабақтастықты сақтап, сындарлы жоспар құрып, іс-әрекетке көшу де осыны тілейді. Айталық, осы сала “Цифрлы Қазақстанға” қатысты өз бағдарламасын енгізіп, алдыңғы қатардан көрініп қана қоймай, өзгелерге үлгі көрсететін жөні бар. Мәліметтерді интеграциялау - жұмысшы күшін үнемдеуге, интеллектуалдық әлеуетке арқа сүйеуге және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыруға уәждеме болар еді. Статистика ұғымының (латынша «status» - заттың, құбылыстың, нәрсенің жағдайын жетік білу, италияша «stato» - мемлекет, «statisto» - мемлекеттің ахуалын егжей-текжейлі білу, грекше statizein - дәлелдеу, ағылшынша statistics - бір құбылыстың жай-күйі) мән-мағынасы мамандарды ғана емес, қоғамды да сарабдал ойға бағыттайды. Бұл ділгір саланың бір анықтамасында: “Цифрлық мәліметтер, дәлелдер негізінде халықтың моральдық және материалдық күш-қуатын, оның қазіргі ахуалын, жер игеру және өнеркәсіп өндіру көздері мен көлемдерін т.б. көрсетуді мақсат ететін ғылым” деп әдіптеліпті. Олай болса, елімізді жетік білу - баршаның азаматтық міндеті әрі парызы. Білім арқылы жаңарған ұлттық сана-сезім ған қоғамның, мемлекеттің дамуына ықпал ете алады. Дамыған елдердің азаматтары статистикалық мәліметке бей-жай қарамайды. Өйткені, бабаларымыз айтқандай, "Есептемегенге бәрі түгел". Сондықтан, әрқашан өміршең “есеп және бақылау” қағидатын сақтап, іске жарату артық болмас еді. Есебі түгел өркениетті ел боламыз десек, заманауи статистикалық әдістер мен тәсілдерді меңгеруге тырысуға тиіспіз. Немістің әйгілі ақыны, ақылманы Иоганн Гётенің: “Цифрлар әлемді билейді, құрығанда ол әлемді қалай билеп жатқандарды көрсетіп береді” деген дана сөзі бүгінде расқа айналып отыр. Сондықтан мемлекеттік статистикалық есеп жүргізу, талдау жасау - субъективті факторлардан, науқандық формальды шара сипатынан арылып, шынайылығымен халыққа пайда әкелуге міндетті. Аталған сала осының үдесінен шықса, халықтың отандық статистика жүйесіне деген сенімі артып, еліміздің де беделіне оң ықпал етері анық. Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты.