23 шілде: Тәуелсіздік күнтізбесі
23 шілде: Тәуелсіздік күнтізбесі
(1992) Қазақстан Республикасы Грузия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
(1992) Қазақстан Республикасы Колумбия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
(1999) Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңы қабылданды.
(1999) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы Заңы шықты.
(2004) Қазақстанда мұнай сапасы банкі құрылды. Компанияның көмірсутекті шикізат базасы мұнайды тасымалдау, сақтаудың түрлі кезеңдерінде оны теңестіруге жол ашады.
(2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Бельгия Корольдігі Үкіметі арасында халықаралық автомобильді тасымал жөніндегі келісімді бекіту туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлыбритания Біріккен Королдігі және Солтүстік Ирландия Үкіметі арасында халықаралық автомобильді тасымал жөніндегі келісімді бекіту туралы Заңдарға қол қойды.
(2009) Қазақстанда Саяси шешімдер институты жұмыс істей бастады.
Саяси шешімдер институты елдегі саяси шешімдерге қоғамның толыққанды араласуын қамтамасыз етуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Жаңа институт пікірсайыстар, брейн-сторминг, дөңгелек үстел жиындары, конференциялар, брифингтер, таныстырылымдар, қоғамдық талдаулар, пікірталастар, саяси рауттарды өткізумен айналысады. Сондай-ақ талдау және кеңес беру, қолданбалы саяси зерттеулерді және әлеуметтік сауалнамаларды жүргізу және сарапшылардың кәсіби желісін қалыптастыру мәселесі де басты назарда болады.
(2009) Ақтөбе қаласы мәслихатының шешімі бойынша бірқатар атаусыз көше жаңа атауға ие болып, ал кейбір көшелердің аты өзгертілді.
Қалалық ономастикалық комиссияның шешімі бойынша қаланың ортасындағы атаусыз көшеге XVIII ғасырдағы Қазақ мемлекетінің көрнекті қайраткері, биі Бөгенбай батырдың, тағы да Заречный-2 ықшамауданындағы атаусыз көшеге XVIII-XIX ғасырлардағы тарихи тұлғалардың бірі Қайдауыл батырдың есімі берілді. Жол полициясы басқармасы ауданындағы көшеге Қазақ КСР ҒА академигі Сақтаған Бәйішевтің есімі берілді. Ақжар кентіндегі екі көшеге Береке және Бірлік атауы берілді. Заречный-1 ықшам ауданындағы Энтузиастер көшесіне Жауынгер-интернационалистер, Новая көшесіне Кеңес Одағының Батыры, Ақтөбе облысы Мартөк ауданының тумасы, барлаушы Федор Озмителдің есімі берілді.
Ақтөбе маңындағы Новый елді мекенінің атауы қазақша Жаңақоныс деп өзгертілді.
(2010) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы жастар саясаты бойынша кеңесінің VI отырысы өтті.
(2012) XXX жазғы Олимпиада ойындарына қатысушылардан тұратын бокстан Қазақстанның ұлттық құрамасы Лондонға келді.
Лондондағы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын ерлер арасында 9 спортшы және әйелдер арасында 2 спортшы қорғады.
(2013) Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сайтында халықтың барлық санаты үшін бағыты бойынша баспананы сатып алушылар пулына өтініш бергендер туралы ақпаратты on-line режимінде көру мүмкіндігі енгізілді.
(2013) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лондонда Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кездесті.