Тарихты түгендеген талант

Қазақ руханиятында оқырманын таңғалдырған таланттар аз емес. Соның бірі һәм бірегейі – қаламгер, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәнік. Біртума дарынның шығармашылығы көпқырлылығымен күні бүгінге дейін қалың көпшілікті тамсантып келеді.

Зейнолла Сәнік – саналы ғұмырын баспа са­ласына арнап, қазақтың келешегі үшін күрескен тұлғалы азамат, көнені танып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарабоз қаламгер. Оның қаламынан туған «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Демежан батыр», «Тұғырыл хан», «Қайрақбай», «Баспай», «Сергелдең» атты романдары мен тари­хи эсселері, этнографиялық жазбалары бүгінде қалың оқырман мен ғалымдар тарапынан тиісті бағасын алып жатыр.
Ақиқатты айтуды мұрат қылған Зейнолла Сә­ніктің қай еңбегін алсаңыз да, шешендігіне шын­дықтың тұздық болғанын аңғарасыз. Жазушының өз сөзімен айтсақ: «Өткеннің табы қайтқан таптаурындарды күліне емес, үрлеп қалсаң-ақ, жанғалы тұрған шоғына мұра­герлік етуіміз керек». Зейнолла Сәніктің өзі де үнемі «жанғалы тұрған» шоқты үрле­ге­нін, оның алауға айналуын мұрат тұтқан жан екенін аңғарасыз.
Заманның көнесі мен жаңасын, зар заман, тар заман, нар заманның бәрін бастан кешіп, солардың азабы мен рахатын, ащысы мен тұщы­сының дәмін татып, ұрпағына өшпес із қалдырған Зейнолла Сәніктің шығармаларын бүгінгі ұрпақ білуі міндетті екені анық. Ата жұртын аңсап, әр шығармасында туған жерге деген махаббатын бедерлеп, қазақ өнеріне ерекше құрметін білдірген жазушының әр еңбегі қазіргі уақытта зерттелуге әбден лайық.
Ойшыл зияткер Зейнолла Сәнік ұлт болып сақталып тұрудың төрт тағаны бар деген: «әуелгісі – сол халықтың үні, ән-күйі; екінші – тілі; үшінші – тарихы, салт-дәстүрі және соңғысы – атамекені мен тарихи қонысы. Осы төртеуінен айырылған ұлт ел болудан қалады. Осы төрт тағанның бір де бірі кем болса, яки кінәратқа ұшыраса, ол кемтар жанның күйін кешеді…» деп жазған еді.
Байқап отырсақ, жазушының әр шы­ғар­масы осы төрт тағанға негізделіп жазылғанын байқауға болады. Қазақ әдебиетінің толымды мұрасына баланған жазушының «Қабанбай батыр» тарихи-эссесін алайық. Жеті жасында нар бала атанып, 16 жасында жауға аттанып, 79 жасына дейін жекпе-жекке түсіп, көз жұм­ғанша ерлік жалыны, қолының қарымы қайт­па­ған жойқын батырдың ерлік өмірі, ол тура­лы айтылған жыр-дастан, аңыз-әңгімелер, оның соғыс өнері, шеберлігі, шешендік дана­лы­ғы әлі де жиналып реттелуге, зерттелуге тиіс соқталы тақырып, ұрпақ алдында тұрған аса зор, абыройлы тарихи міндет! Аталған эс­се­сінде қаламгер қазақтың хан батыры атан­ған хас сардар туралы тебірене жазған.
Зейнолла Сәніктің әкесі Мүбәрак көнеше сауа­ты толық, аңыз-әңгімеге, ата жөніне жүй­рік адам болыпты. Домбырада күй тартуды да білген, күйлердің хикаясын айтып отырған. Әсіресе «Қара жорға», «Жорға аю» сияқты күйлерді күмбірлете тартқан. Сол себепті арғы ата­лары Мәмбет, Қожақұл, Қабанбайға қа­тыс­ты жыр-аңыздар жазушының құлағына бала кез­ден құйылған. Кейінгі Қабанбай бабасы жө­ніндегі зерттеулері терең жазылған туын­ды­ға айналған.
Қабанбай батыр туралы еңбекті жазу үшін Зей­нолла Сәнік батырдың ұрпақтары көп қо­ныстанған Аягөз, Үржар, Мақаншы, Жарбұлақ, Үшарал, Талдықорғанның Қабанбай ауылы атанған елді мекені мен сонау Тарбағатай, Ақсуат өңірлерін талай рет аралапты. Батыр баба­ның ізі қалған тарихи өңірлерге барып, ше­жіреші-қариялармен, тарихшы-ғалым­дармен, ақын-жыршылармен талай рет сұх­бат­тасқан. Солардың небір ағынан ақтарылған ақ тілектерін естіп қуанып, солардан шабыт алып жүрген.
Дегенмен бәрінен бір адамның әңгімесі жазу­шыға қатты әсер еткен тәрізді. Қабанбай батырдың жетінші ұрпағы Дыңғазы батырдың Фарида деген қызы Алматыда жоғары оқу орнын бітіріп, заңгерлік жұмыспен ай­на­лысады. Сұрастыра жүріп, 2000 жылы қара­шада Алматы қаласында жүрген Зейнолла Сәнікті іздеп тауып, танысады. Ол өзінің Қабанбай батыр туралы кітаптарға айрықша қызығып, ерекше құштарлықпен оқып жүргенін айтады. Әкесінің ұлы атасы Қанағат болыстың сонау Үрімжі түрмесінде қалып, сонан «он мың адамдық» орға тірідей тастал­ған аянышты тағдырын да үлкендерден естіп, сол туралы бірнеше өлең шумағын жазып кел­генін айтып, сол өлеңдерін қолына ұстат­қан.
Тебіреніп тұрып былай депті: «Аға, мен білгенде, біздің әулеттен қазақтан шыққан ұлы тұлғалар туралы, сол қатарда Қабанбай әулет­тері туралы қалам тербеп, көлемді еңбек­тер жариялап жүрген сіз ғана. Анау Алакөл өңірінде жатқан қалың еліңіз де солай деп қарайды. Мен ақын емеспін, бірақ қазақ біт­кеннің бәрі өз арман-тілегін бірнеше шумақ өлеңмен бейнелеуге құмар ғой. Қанағат атамыз, оның әкелері Сүлеймен би, Әділбек батыр, Жақас бай, тіпті Қабанбай атамызға дейін білетін адамдар көп еді, енді барған сайын сиреп, санаулы ғана қариялар қалды. Әйтеуір Сіз шығарған «Қаракерей Қабанбай» атты кітапты ғана медеу тұтып, жүректеріне басқаннан басқа қолдан келері жоқ екенін айтады. Менің тілегім – сол еліңіздің тілегі, ұрпақ тілегі, бойыңызда қайратыңыз барда, сол бір асылдар тобы туралы ұрпаққа үлгі бо­ларлық мұра қалдыруға күш салсаңыз.
«…Зұлмат күндер сырылды,
Өлгені елдің тірілді.
Күн туды ата, күн туды,
Жырлайтығұн жырыңды.
Қабанбай атам көңілде,
Әр қаланың төрінде.
Қаламымен ағаның,
Қайта келді өмірге…» –деп жазушы Зейнолла Сәнікке жыр арнап, шабыт сыйлаған екен.
Зейнолла Сәніктің Қабанбай батыр туралы зерттеулерінің басты бір ерекшелігі – ол тек Қабанбай батыр турасында ғана емес, оның ұрпағы жайлы да ой тербегендігінде. Мәселен, «Сү­леймен би» тарихи эссесін алайық. Сүлей­мен би Әлібекұлы – Қаракерей Қабанбайдың төр­тінші ұрпағы. Ол өз уақытында әділ ше­шімдер шығарып, шешендігімен тек қазақ же­ріне ғана емес, көрші елдерге де даңқы шық­қан әйгілі тұлғалардың бірі әрі бірегейі. Сүлеймен бидің әкесі Әділбек батыр Отыншы бидің бас қолбасшысы, бас әскері болған. Ал Отыншы би мен Арғынның Алшынбай биі бөле болып келеді екен.
«Кім жетер Қабанбайға дуа қонған, Батырлық тұқымына қуа қонған, Қодақұл, Әлі, Жақас, ер Әділбек, Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан» – деп ақын Сараның жырлағаны да бар. Қара қылды қақ жаратын әділ билігімен, сөз бастаған шешендігімен, көпті бастаған көсемдігімен көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Сүлеймен би Әлібекұлының өмір жолы жазушы Зейнолла Сәніктің шығармасында анық көрініс тапқан.
«Сергелдең» романында қазақ халқының сергелдеңге түсіп күй кешкені жайлы қиын тағдыры сипатталады. Мың өліп, мың тірілген өмірі баяндалады. Романда жазушының ең көп зерттеген батыр бабасы, қолбасшы Қабанбай батырдың інісі Тұматай ұрпақтарының ата жұртына қандай қиындықпен қайтқаны жайлы әңгімеленеді. Арқадан Тарбағатайға, одан соң Алтайға, өр Алтайдан Гималай таула­рын асып, Үнді мұхиты арқылы Қара теңізге дейін көшіп, еліміз егемендік алған тұста ғана Қазақстанға оралғаны жөнінде айтылады.
Зейнолла Сәніктің қаламынан туған тағы бір тарихи роман – Баспай. Романның өзекті кейіпкері – Бәсекең, халық қиялы бойынша суреттелген Атымтай Жомарттың нақ өзіндей. Жоқ-жітікке береген қолы ашық. Ұлт-азаттық қозғалысына да, Үш аймақ төңкерісіне шаш­қан қазынасы да қисапсыз. Бір жолдың өзінде 300 ер тоқымды ат сыйлаған. Мұндай мәрттік бұрын-соңды қазақтың жомарттық жо­сығында сирек кездескен. «Америка Корей» соғысы кезінде корейліктерге төрт тұр­маны сай аэроплан тарту етті. Бұл аэроп­ланның бауырына Бәсекеңнің аты жазылып, ол ұшақ соғыс аяқталғанша аман-cау ұшты да, со­ғыс­тан соң музейге қойылды. Бәсекең сондай-ақ Еміл өзенінің үстіне үлкен көпір салдырған. Бұл жер Баспай көпірі аталып келеді.
Бейбіт заманның ерлігі – жомарттық. Ол туған Отанының амандығы, халқының қамы үшін еш нәрсесін аямаған. Сол кездегі жұрттың айтуынша, Бәсекең бір соғыс аэропланын сатып алу үшін 12 мың қойының 8 мыңын үкіметке өткізген екен. Романның негізгі кейіпкері Баспай Шолақұлының бейнесі бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамдағы шық бермес Шығайбайларға ой салары анық.
Ел ішінен тірнектеп жиналған материал­дары негізінде жазған «Халық күйшісі Қайрақбай» атты кітабында ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі күйшінің өнер жолы, Алтай, Тарбағатай, Баян–өлгей аймақтарындағы күйшілік мектептің орнығып, қалыптасуына ықпал еткен біртуар дарын иесінің дәулескер күйші, даңғыл сыбызғышы ретіндегі талант қырлары кеңінен сөз болған. Адамзат тари­хында қаншама алапат оқиғалар өтпеді де­сеңізші! Бұл фәниден азуын айға білеген талай батырлар мен әлемнің жартысын билеген патшалар да өткен. Бірақ өлмейтін, өшпейтін бір-ақ нәрсе бар, ол өнер екені осы Қайрақбай күйші тағдыры арқылы дәлелденеді.
Зейнолла Сәнік бүкіл ғұмырын қазақтың барын бағалап, жоғын жоқтауға арнады. Ба­сына түскен қиындықтарға төтеп беріп, ұлты­мыз­дың қыруар құндылықтарын түгендеді. Соның нәтижесінде соңында 15 том рухани мұра қалдырды. Бұл айтуға ғана оңай, ал оның ар жағында төгілген тер мен ұйқысыз түндер, азабы мол еңбек пен ізденіс көрініп жатқаны хақ.
Зекеңнің бір жазбасында мынадай жолдар бар: «Ұлы тұлғалар туралы толғағанымызда біз мынадай түйінге келдік. Ең әуелі сіз жаз­бақшы немесе айтпақшы болған ұлы тұлға атына заты сай болуы, екіншіден артында ұшан-теңіз мол мұрағаты қалуы, үшіншіден сол тұлғаның үлгі-өнегесін болашақ ұрпаққа жалғастыратын ұлы немесе қызы болуы шарт. Осы үш шарт орындалғанда ғана ұлы тұлғалар қазіргі ұрпақпен қайта қауышып, олардың асыл мұралары өз мұратына жететін болады» деп жазған екен. Соңында еліне қажет мол мұра қалдырған қаламгердің әр туындысы – бүгінгі және келешек ұрпақтың қажетіне жарайтын сом алтындай құндылық.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры
Нұрай ҚҰРАҚПАЙ,
ЕҰУ түлегі, журналист-баспагер

Back to top button