Бердібек Өмірбаев: Аймақтардың түрленгенін көріп, еңбегіміздің ақталғанына қуанамыз

Жол – ел экономикасының күретамыры. Бірақ бізде жол сапасына қатысты мәселе көп. «Еліміздегі жол саласының мамандары қайдан білім алады, шетелдің озық технологияларын қолданамыз ба?» деген сұрақ көпті мазалайтыны анық. Осы орайда Қордай асуының айналма жолы, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Атырау – Астрахан автожолын жөндеу сияқты ірі жобалардың басы-қасында жүрген жол саласының маманы Бердібек Өмірбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Қазір жеке кәсіпкерлерге мем­лекет тарапынан қолдау көп. Жыл сайын түрлі бағдарламалар қабыл­да­нып жатыр. Сіздер де осындай бағ­дарламалардың игілігін көріп отыр­сыздар ма?
– Жалпы, мемлекет тарапынан жол саласын дамыту үшін жасалып жатқан жұ­мыстарды оң бағалаймын. Жол сапа­сының жақсы болуы ел аймақтары­ның экономикалық тұрғыдан өсіп-өркен­деуіне зор үлес қосады. Біз жол салып кет­кен елді мекендер көп ұзамай ажар­ланып шығады, жаңа жұмыс орындары ашыла бастайды деп жеке тәжірибеме сүйене отырып, сеніммен айта аламын. Біз, жолшылар, аймақтардың түр­лен­генін көріп, еңбегіміздің ақталғанына қуанамыз.
– Бізде жалпы осы жол салу, жол жөндеу мәселесі төңірегінде көп­теген дау туындап жатады ғой, жол­дардың материалы сапасыз ба, әлде жеткіліксіз бе? Жалпы, біздегі жол саласының мамандары көбінесе қай­да білім алады?
– Бұл сұраққа екі мәселені қамтып жауап берейін. Бірінші жол саласының мамандарын даярлау туралы айтып өтейін. Одан кейін жол сапасына не әсер ететініне тоқталып өтемін.
Кеңес үкіметі кезінде елімізде автомобиль жолдарын салатын маман даярлайтын көпке танымал екі жоғары оқу орны болды. Біреуі – Өскемен құры­лыс-жол институты, екіншісі – Алматы автомобиль жолдары институты. Ол егемендік алғаннан кейін Қазақ көлік және коммуникация академиясына қосылып кетті. Ал қазір елімізде жолшы маман дайындайтын оқу орындар көбейді.
Мен өзім Мәскеу қаласындағы Мә­с­кеу автомобиль жолдары институтына (Московский автодорожный институт, кейінгі атауы – Ресей мемлекеттік техни­калық университеті) 2006 жылы жол құрылысы инженері мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы тәмамдадым. Қазақ­стан­да жаңа ғана енгізіліп жатқан це­мент-бетон жамылғылармен жол салу әдістемесі қызықтырып, оқып жүрген кезде де республикалық маңызы бар жолдарда жұмыс істеп, тәжірибе жина­дым және өзімнің дипломдық жұмысым­ды да цемент-бетон жамылғыларды салу әдістемесі тақырыбында қорғадым. 2011 жылы оқу бітірісімен «Дженгиз Ин­шаат» түрік елінің компаниясында Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бір бөлімшесі саналатын «Қордай асуын айналып өту» жолын цемент-бетон жа­мылғымен салу жобасынан бастадым. Одан кейін «Нұр-Сұлтан – Теміртау» авто­жолының бір бөлігін салу жұмыс­тарына «ИвРус» ЖШС-мен атсалыстым. Қазір «Атырау – Астрахан» жолының Ре­сей­мен шекаралас бөлімінде қазақ-тү­рік компаниясында жоба басшысымын.Ал «Жолдың сапасына не нәрсе әсер етеді?» деген сұрақ көпті толғандырады. Еліміздегі жолдардың көбі Кеңес үкіметі кезінде салынған, астыңғы қабаттарын төсеу кезінде жолдың жиегіндегі қара то­пырақтарды пайдаланғанын байқа­й­сыз. Уақыт өте ол әдіс кері әсерін береді. Қай­та жөндеу жұмыстарын бастар ал­дын­да сол кемшілікті түзеуден бастай­мыз. Оған қоса жылдан-жылға еліміздегі экология талаптары күшеюіне байла­ныс­ты жолға пайдаланатын топыраққа да бақылау қатаңдатылған. Көктемде топырақтан көтерілген жерлер босамау үшін оған соңғы уақыттағы талаптарға сәйкес әртүрлі қоспалар пайдаланамыз.
Қазір жол сапасы әлдеқайда жақсар­ды. Мысалға, біздің компанияның ма­ман­дары 2000 жылдардың басында, жол­дар қалпына келтіріле бастаған кез­де жол жамылғысының қалыңдығы 37-45 см болғанын айтады. Ал қазір ел­дегі және шет елдерден қатынайтын ауыр автокөліктер, үлкен халықаралық автобустардың көбеюіне байланысты жолдың конструкциясына қойылатын талап та жоғары. Пайдаланатын қиыр­шық тастарға, асфальт жамылғысына да талап күшейтіліп, оның сапасын тек­серуге де қосымша мекемелердің маман­дары атсалысады. Мәселен, біздің ком­паниямызда да жол салудың әр саты­сындағы материалдар мен жұмыс сапасын қадағалауға шетелдің (Түркия, Италия, Беларусь, Ұлыбритания) маман­дарымен қатар өзіміздің жол мамандары жұмыс істейді. Ұлттық компания «Қаз­Авто­Жол» мамандарымен бірге мемле­кет­тік «Жол активтерінің сапасын қад­а­ға­лау орталығы» мен Оңтүстік Корея, Швей­­цария, Италия мамандары да атса­лысады. Осының бәрі – біздің жол­дар­­дың сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар.
– Шетелмен бірлесе жұмыс істеу туралы айтып өттіңіз. Жалпы, қазір әлемде жол салу технологиясында қандай жаңашылдықтар бар? Оны біз қолданып жатырмыз ба?
– Әрине. Жоғарыда айтқанымдай, Кеңес Одағының құрамында болған көп­теген мемлекеттің ішінде біздің ел бірінші болып цемент-бетон жамылғы­сы­ның жаңа әдістемесін енгізді және мен оқыған институттағы ұстаздарым­мен де байланысым үзілмеді. Олар маған ха­барласып тұрады. Беларусь мемлекеті бұл әдісті бізден соң енгізді. Қазір топырақтың сапалық қасиетін арттыратын қоспалар пайдаланатын болдық, ресайклинг машиналарын пай­даланып, жүк көліктеріне төзімділігі төмен жолдарды тез жөндеу әдістемелері де жиі пайдаланылып жатыр.
– Мекемелеріңізде жалпы қанша адам жұмыс істейді?
– Қазір «Сине Мидас Строй» ЖШС елі­міздің бірнеше облысында жаңа жол салуға, жолдарды қайта жаңартуға өз үлесін қосып жатыр. Жалпы, қарқынды жұмыс кезінде 9 500-10 000 адам жұ­мыл­дырылады. Жолшылармен (асфальт-бетон зауытының, автогрейдер, каток, погрузчик, бульдозер оперторлары, геодезист, жол лаборатория мамандары, ауыр-жеңіл автокөлік жүргізушілері) қатар бухгалтерия, заң, адам санын, жол қауіпсіздігін және техника қауіпсіздігін, экология мен санитарлық талаптарды қадағалайтын мамандар, аспаздар мен жұмысшылардың арнайы формасына жауапты тазалықшы мамандар жұмыс істейді. Жалпы адам санының 10-15 пайызы – әйелдер және жұмысшылардың 75-80 пайызы жергілікті жердің адам­дары. Сонымен қатар бульдозер, жеңіл кө­лік жүргізетін жұмысшылар, лабора­торияда жұмыс істейтін мамандар қажет болғанда, жергілікті әкімдікпен бірігіп, жол салынып жатқан жердегі маман­дар­ды тартамыз. Одан бөлек, ауызсу, тамақ әзірлеуге қажетті азық-түлік, жанар-жағармайды келісімшарт негізінде жергілікті кәсіп­керлерден аламыз.
– Бұл кәсіпті әкеңіздің ізімен жалғастырып келе жатыр екенсіз. Жал­пы, мамандыққа қызығушылық қай­дан пайда болды?
– Иә, мен туып-өскен ауылда жол жөн­дейтін мекеме үйдің маңында болды, әкем – тәжірибелі жолшы, оған қоса бізбен көрші тұрған ағайындардың көбісі жол­шылар еді. Кейін 9-10-сыныпта оқып жүрген кезде жазғы демалыста жол жұ­мы­сына белсене араласып жүрдім. Мүм­кін соның бәрі жолшы мамандығын таң­дауға ықпал еткен шығар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Ділда УӘЛИБЕК

Back to top button