«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысына гуманитарлық көмек жіберді

«Nur Otan» партиясының Түркістан облысы Ордабасы аудандық филиалындағы мүшелері Маңғыстау облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберді. Бадам стансасынан 5 мың бау, яғни 110 тонна тиелген 4 вагон шөп ауыл тұрғындарының мал азығына арнап жөнелтілді.

Осылайша, Түркістан облысының 24 жастағы тұрғыны Кұрмет Талапқазының Қызылорда мен Маңғыстауда аштықтан қырылған малды құтқаруға бағытталған бастамасын жерлес-нұротандықтар қолдады.
Бұл ретте, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің және партиялықтардың атсалысуымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісім жасалып, логистика мәселесі шешімін тапты.

whatsapp image 2021 07 22 at 15.09.51 2

«Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алиасқар Бердімұраттың айтуынша, Ордабасы ауданы әкімдігі мен партияның жергілікті филиалы жем-шөп мәселесін бақылауға алған.

«Бүгінгі игі акцияға аудан көлеміндегі «Батсу водоканал» ЖШС, «Ордабасы тас» ЖШС, шаруа қожалықтары, аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері, ерікті азаматтар, аудан тұрғындары үлес қосты. «Nur Otan» партиясының өзге аудандардағы фракция мүшелері де өз ауылдарында игі іске үлес қосып жатыр. Біз – Маңғыстау жұртымен біргеміз!», – дейді Ә.Бердімұрат.

whatsapp image 2021 07 22 at 15.09.51

«Шөп жинау үшін аудан бойынша 5 бекет ұйымдастырылып, 5 мың баудан астам шөп жиналды. Жалпы Ордабасы ауданында мал азығы жеткілікті деңгейде. Бірақ жылдағыдай бітік шөп болмауына байланысты аудан әкімі Бағлан Батыршаевтың бастамасымен әрбір ауыл округтерінде мал азығын жинау пункттері ашылды. Ол жерге жем-шөп қоры жиналу үстінде. Өзен бойындағы қамыстар да орылуда. Осы қор арқылы қыста әлеуметтік аз қамтылған, мал азығын жинауға шамасы жоқ, ер-азаматтары жоқ отбасыларға жем-шөп беріледі. Аудан әкімдігі қысқы науқанға дайындықты бастап кетті», – дейді Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбілда Әлібеков.

Бадам стансасынан жолданған мал азығы Маңғыстау облысының Шетпе, Құрық және Жетібай стансаларына жеткізіледі.

Back to top button