Құрылыс материалдары неге қымбат?

Елімізде жыл басынан бері жаңа тұрғын үй бағасы 8 пайызға, ал қайталама нарықтағы баспана бағасы 13 пайызға өсті. Оған сұранысқа ие құрылыс материалының сәуір мен мамыр аралығында 3,5 пайызға өсуі себеп болып отыр. Ал бір жылда бұл нарықтағы қымбатшылық 25 пайызға жеткен.

Өнімді жеткізу жағы ақсап тұр

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаевтың айтуын­ша, құрылыс материалдары бағасының қым­баттауына әртүрлі себеп бар. Мысалы, арматура, металдан жасалған профильдер бағасы екі есе шарықтаған. Оған Лон­дон­да­ғы металдар биржасындағы бағаның артуы әсер етті.
− Сыртқы фактордан бөлек, құрылыс ма­териалын өндіруде өз ішімізде шешіл­меген мәселе көп. Әсіресе, дайын өнімді тұ­тынушыға жеткізу жағы ақсап тұр. Сон­дай-ақ электр қуатының қымбаттауы да кәсіпкерлерге салмақ салған. Ал цемент өн­дірісі электр қуатына тікелей тәуелді. Кә­сіп иелері болса, осы және өзге де қым­бат­­шылыққа қарамастан, дайын өнімнің бағасын шектен тыс өсірмедік деп ақтал-
ды, – дейді Арман Мәмбетаев.
Айта кетерлігі, қазір елде цемент өн­дірумен 12 кәсіпорын айналысады. Оның өндіру қуаты – 16 жарым млн тонна. Был­тырғы тұтыну мөлшері – 9,6 млн тонна цемент. Яғни, елде артық 7 млн тонна цемент бар. Оның үстіне зауыттар сәуір айына дейін цементті артығымен өндірді. Нарықты тұрақтандыру үшін 2018-2020 жылдары екі цемент зауыты жабылды. Қазір елімізде 6 айға цемент импортына шектеу қойылғаны белгілі. Бұл экономикалық одаққа кірмейтін елдерге қатысты қойылған шектеу екенін айта кеткен жөн. Яғни, Қазақстанда цемент дефициті болуы мүкін емес. Нарық заңдылығына сәйкес, дефицит болмаса «баға не себепті көтеріліп жатыр?» деген сұрақтың тууы заңды. Қазір базалық материал саналатын цементтің бір қабының құны елорда базарларында 2 000 теңгеден кем емес. Сорақысы сол, баға күн сайын өсіп жатыр. Зауыттан тұтынушыға дейінгі цемент құнының өсуі 25 пайыз.
− Бағаның шектен тыс қымбат­тауына цемент шығарып отырған зауыттар кінәлі емес. Бағаны базардағы сатушылар жазғы құры­лыс маусымы қызған шақта қолдан өсіріп отыр. Оның үстіне цементті қала­лар­ға жеткізу мәселесі туындаған. Мысалы, 370 вагон цемент қалаларға кіргізілмеген күйі тұр», − дейді Қазақстан цемент және бетон өндірушілері ассоциациясының атқарушы директоры Ербол Әкімбаев.
Күрмеуі шешілмеген тағы бір мәселе, цементті жасайтын клинкер деген материал бар. Осы өнімді қалаларға таситын вагон жоқ. Ал «Қазақстан темір жолы» компа­ния­сы таратқан ақпарат бойынша, цемент та­сы­ғыштардың жұмыс істеп тұрған паркі оны тасымалдау қажеттілігін толық қам­та­масыз етіп отыр.
Айта кетерлігі, Ресейдің Қазақстанмен шекарасында цемент шығаратын 5-6 зауы­ты жұмыс істейді. Қазақстандағы өндіру­ші­лер бағаны шектен тыс қымбаттататын бол­са, халық Ресейден цемент тасуға көше­ді. Қалай десек те, елдегі жағдай алып­са­тарлар үшін қолайлы болып тұр. Сондықтан, баға­ның аспандап кетуі көбіне бөлшек саудада байқалады. Оның зардабын жер алып баспана салуды қалтасы көтермей отыр­ған халық көретіні түсінікті.

Баға қайда барасың?

Елімізде құрылыс материалдары ин­дустрия­сының өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – 6 пайыз. Республикада құрылыс өнімдерін 1 965 кәсіпорын өндіреді. Биылғы маусымда отан­дық құрылыс материалдарының баға­сы 16 пайызға қымбаттаған. Айта кетерлігі, 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін ар­матураның бағасы 153 723 тг/куб бастап 425 000 тг/куб дейін (270 мыңға) өскен, ал га­зоблок бағасы 14 200 тг/куб бастап 27 500 тг/куб дейін (13 мыңға), Д-20 цементінің бағасы 16 000 тг/т-дан 28 000 тг/т-ға дейін (12 мыңға) қымбаттаса, М350 маркалы бе­тон – 12 230 тг/куб бастап 21 120 тг/куб дейін (8 мың) шарықтаған.
Егер тұрғын үйдің шаршы метрінің құры­лымын қарайтын болсақ, 49 пайызы құры­лыс материалдарынан тұрады, олар­дың негізгілері кірпіш, темірбетон бұйым­дары, металл конструкциялар болып отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша жыл басынан бері бетон (12 пайыз), цемент (5 пайыз), құ­бырлар (10 пайыз), силикатты кірпіш (6 пайыз) қым­баттаған. Ал арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді материал­дар бағасының айтарлықтай өскені бай­қалады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, біздің құрылыс нарығы оли­го­полиялық сипатқа ие. Яғни, мұнда сөз бай­ласу тәуекелі жоғары. Бұған қоса, импорт 65 пайыз болғандықтан, нарық импортқа тәуелді болып отыр. Арматураның әлемдік бағасы 70 пайыздан жоғары. Сондай-ақ по­лиэтилен құбырларына бағаның өсуі байқалады. Қазақстан бойынша орташа өсім 10 пайыз, оның ішінде Ақмола облы­сын­да – 62 пайыз, Шымкент қаласында және Ақтөбе облысында – 19 пайыз, Қарағанды облысында – 14 пайыз. Бұл ретте, Ақмола облысында «Қазинжиниринг» АҚ еншілес кәсіпорнына қарайтын «Тыныс» АҚ бағаны 62 пайызға көтеріп жіберген. Қазір аталған мәселе бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Көрші Ресейден келетін полиэтилен үгіндісінің бағасы да 10-15 пайыз өсті.
Алматы қаласы «Атамекен» ҰКП-ның Наурызбай ауданы бойынша директоры Мақсат Сералының айтуынша, отандық құр­ы­лыс материалдарын шығаратын зауыт­тарға тапсырыс беріп, өнімді 2-3 ай күтіп жүруге тура келеді.
− Бұл нарықта сұранысқа қарағанда ұсыныс көп. Әлеуметтік нысандардың көптен тұрғызылуына байланысты құры­лыс материалдарының бағасы шарықтап кетті. Бұған қоса, мемлекеттік және ипо­текалық бағдарламалар бойынша тұрғын үй нарығы жылдам дамып жатыр. Отандық өндірушілер елдегі сұранысты қамтамасыз етіп, импортқа тәуелді болмас үшін бұл салаға жаңа технологиялар енгізіліп, өн­діріс ошағының қуатын арттыру керек. Жасыратыны жоқ, жалпы нарыққа ең қа­жет­ті құрылыс материалдары өзімізде шы­ғарылғанымен үйдің ішіне қажетті құрылыс материалды сырттан алдырамыз, – дейді
М.Сералы.
Жыл басынан бері цемент, арматура, кір­піш, газды бетон сынды құрылысқа ең қажетті материалдардың бағасы қымбат­тағаны сол еді, елдегі жаңа тұрғын үй құны да шарықтап шыға келді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мау­сым-шілде айларында баға тұрақталып, күз­де тұрғын үй бағасы төмендейді деп сен­діріп отыр. Ал көпқабатты тұрғын үйден пәтер алуға шамасы келмеген жұрт жер алып, үй салуды арзанға түседі дейтін. Нарықтағы қымбатшылық енді оған да мұрша бермей отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ

Back to top button